Мемлекетіміздің негізгі бағыты
Мемлекетіміздің негізгі бағыты
06.06.2023
898
0

Адамзат тарихында дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетіктер болған. Солардың ең басында келетіні зайырлылық (лаицизм) – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Лаицизм терминін зайырлылық ретінде қолданып келеміз. Бұл ұғымның шығу түбін талдап қарасаңыз сөздік тұрғыдан «діни емес адам», «діни емес зат», «діни емес ой», «діни емес мекеме», «діни емес жүйе» деген секілді мағыналарды білдіреді. Христиан әлемінде католиктік бағытта «дін адамы еместерге, папалардан басқа жалпы христиандарға зайырлы яғни, лаицист делінеді».

Еліміздің дін саласында зайырлы жолды ұстанатындығын ҚР Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет»,-деп белгіленген. Мемлекеттің негізгі ұстанымы бойынша елімізде дін мемлекеттен бөлінген. Бірақ дінге қарсы шығады немесе дінді мойындамайды дегенді білдірмейді. Зайырлылық – мемлекет пен дін қарым-қатынасына ешқашан тосқауыл қоймаған. Мемлекет азаматтармен қарым-қатынаста олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді.

Бүгінгі таңда зайырлылық туралы анықтамалар өте көп. Солардың бірнешеуін тізбектер болсақ: «барлық діндерге бейтарап қарайды», «діни басшылықтан тәуелсіз», «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат» деген мағыналарды білдіреді. Дегенмен қоғам арасында «зайырлылық» ұғымын атейзммен теңестіретін адамдарда табылып жатады. Зайырлылық – «атейзм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Осы жүйені негізге алған елімізде дәл қазіргі уақытта 18 конфессия өкілдері бір аспанның астында ымырагершілікте өмір сүруде. Дегенмен тарихи және мәдени ерекшелігімізді ортаға қоя келе 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданып, преамбуласында: «сүнниттік Ханафи мазхабы мен христиандық православтардың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алды».

Зайырлылық практикалық тұрғыда әлемнің көптеген елінде болып жатқан процесс. Жер бетіндегі 160 - қа жуық мемлекет осы қағиданы берік ұстанады. Сондай-ақ ол елдерде өзге дін өкілдерінің діни құлшылықтарын, ритуалдарын орындауға мүмкіншілік берілген. Белгілі бір діннің өкілі өзге дін өкіліне саусағын шошайтып келеке етуге тыйым салынған. Яғни ар-ождан бостандығы. Мұндай жағдай біздің елде де бар. Қазіргі таңда еліміз аумағында 18 конфессияға тиесілі 3924 діни ұйым тіркелген, 2871 ислам, 345 православ, 92 католик, 590 протестант, 61 Ехоба куәгері, 24 жаңа апостолдық шіркеу, 13 Кришна санасы қоғамы, 7 иудаизм, 6 Бахаи қоғамы, 2 буддистік, 2 Иса Мәсіхтің соңғы күнгі әулиелер шіркеуі (мормондар), 1 Бірігу шіркеуі (муниттер).

Сонымен қатар 2019 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, халықтың 92,8% - ы өздерін дінге сенушілер деп санайды. Елімізде халықтың басым көпшілігі ислам (70,2%) және православ (26%) дінін ұстанады.

2019 жылғы дін саласында жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша халықтың 89,5%-ы дін саласында мемлекеттік саясатты қолдайтыны анықталды. Халықтың 63,04%-ы мемлекеттің дамуында зайырлы принциптерін қолдайтынын білдірген.

    Жоғарыда айтылған зайырлылық ұстанымын тіпті ислам дініде қолдаған іс. Себебі ислам дінінің қағидаттары бойынша өзге дін өкілдеріне зорлық қиянат істер жасауға тиым салынған. Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с.) хадисінде былай дейді: «Кімде-кім кітап иелеріне жәбір көрсетсе ақыретте соның дұшпаны менмін деп қатаң ескерту жасаған. Сондай-ақ тағы бір хадисінде былай дейді: Кімде-кім зиммиді (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін өкілі) өлтірсе, ол жұмақтың иісінде иіскемейді»,-деп жеткізген екен.

Қорытындылай келе айтпағымыз қандай да бір қоғамның ілгерілеп алға жылжуы мемлекет ішіндегі діни тұрақтылыққа байланысты. Таяу шығыс елдеріндегідей сүннит пен шиит ағымы секілді немесе бір территорияда өмір сүріп өзге дін өкілдерінің құлшылықтарына бөгет жасап бөлінушілік қоғамға зардабын тигізуші үлкен фактор. Сондықтан адамгершілік ар-ұятымызға нұқсан келтірмейік.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                Қ.Қосмаханов

0 пікір