Конфессияаралық келісім – тұрақтылық кепілі
Конфессияаралық келісім – тұрақтылық кепілі
03.07.2019
1199
0

   Бүгінде  елімізде тыныштықты,  қауіпсіздікті, бейбіт өмірді, толымды табысты тұрмысты, тұрақтылықты қамтамасыз етуде, демократиялық, əділ жəне ұтымды саяси, экономикалық дамуға қол жеткізуде қолдан келгеннің бəрі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Дəл қазіргі уақытта бірлік, татулық, достық, ынтымақтастық, экономикалық, саяси даму жəне темірдей тəртіп қана елді аман сақтай алатыны анық.

    Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елдігімізді қалыптастыру, егемендігімізді нығайту және келешек дамудың дұрыс бағытын табу жолында талай жетістіктерге қол жеткізді десек, артық айтқан емес. Халқымызға тән толеранттылық сипаты, сонымен қатар ел басшылығының әділ саясаты арқасында Қазақстан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда тығырыққа тірелуден аулақ болып, ХХІ ғасырға сәтті қадам тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық және демократиялық жаңарулар бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, осының барлығы да Қазақстанның көпқұрамды халқының қоғамдық бейбітшілік пен келісімді сақтап отырған мезгілінде іске асты.

       Қазақстанның осынау жетістіктерін айтар кезде оның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жадымыздан шығармауымыз қажет.

Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Оның жемісін Елордамызда үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы арқылы көрсетудеміз. Конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Еліміз үшін төзімділік қағидаттары саяси мәдениеттің бағыттары ғана емес, мәдениетті қолдап-қуаттайтын мемлекеттің негізгі ұстанымдары болмақ.

     Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан көруге болады. Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатындығы атап көрсетілген. Бұл – ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ соңғы үш ғасырлық тарихы қазақ елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл Заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.

       Алайда елімізде заң аясынан тыс жұмыс жасап жүрген ағымдар баршылық. Бүгінде әлемді алаңдатқан экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтеріп жатқандығы белгілі. Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады. Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетіндерде аз емес. Бүгінгі таңда тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын, «кәпір» есептейтін және өз отанын тәрк етуші адасқан ағымның көрініс тапқаны мәлім. Сондай ағымның бірі – «Әт-такфир уәл-хиджра» ағымы. Өздеріңізге белгілі, 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Әт-тәкфир уәл-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шыққан болатын. Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз.

      Баршамыз осындай білімсіздектен адасып кетпес үшін жан-жақты білім алуымыз керек, ешқашан артық білімнің зияны болмас. Еліміздің бибітшілігі,тыныштығы үшін әрбір адам өзіне сенімді, ісіне адал, сөзіне бекем және барлық  жерде әділ шешім қабылдаса қоғамда дұрысталатыны сөзсіз деп ойлайм.

                                                               

Түркістан облысы дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы

Аманов Дәурен Қуанышұлы

0 пікір