Келісім бар жерде кеңшілік бар
Келісім бар жерде кеңшілік бар
23.08.2022
622
0

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Адамзат өмір бойы үнемі тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандап келеді. Бірақ нақты өмірде оған ешқашан толық қол жеткізген емес. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда, соңғы 5 мың жылда жер бетінде небары 292 жыл ғана бейбітшілік «билік» құрыпты. Қалған уақыттың бәрінде мемлекеттер «Тыныштық керек болса – соғысқа дайындал» деген қағидамен өмір сүрген көрінеді. Осы аралықта жер бетінде 15 мыңнан астам қантөгіс шайқастар өтіпті. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері жер бетінде бейбіт өмір орнады десек те, әлемнің түрлі аймақтарында ірілі-ұсақты соғыстар, қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер жиі кездесуде. Батыс ғалымдарының есептеуіне қарағанда, өткен ХХ ғасырдың соңғы 45 жылында әлемде бар-жоғы 12 ғана «бейбіт» күн болыпты. Кейінгі 40 жылдың ішінде ғана дүниежүзінде 250 соғыс болып, 354 млн адам қаза тауыпты. Иә, жоғарыда келтірілген бұл деректер өте қорқынышты!..

Соғысты болдырмау үшін, әлемдегі одақтар мен мемлекеттердің, ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілікте күн кешуі үшін олардың өзара келісімі болуы керек. Бұл идея сонау 90-жылдары ескерілгенмен, бүгінде мұны әлемдік саясатта мәселе ретінде көтеріп, іс жүзінде бейбітшілік пен келісімнің туын тіккен ел – Қазақстан.

Бейбітшілікке, бейбіт тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екенін тарихтан белгілі. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш ел, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

Текті аталардан ғасырдан ғасырға жалғасқан, тәлім мен тәрбиенің бастауы болған асыл дін Ислам бірлік пен бейбітшілікке үндейді. Ислам сөзі бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Исі мұсылман баласы бауырына сәлем берген сәтте «Әссәламу алейкум» деп, Алладан бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», – дейді. Біз бұл аяттан бүкіл адамзат баласының ұлттар болып бір-бірінен ерекшеленіп жаратылуы Алла Тағаланың даналығы, мейірімі мен нығметі екенін түсінеміз. Күллі өмірі адамзат баласына өнеге болған ардақты Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) алғашқы амалын мұсылман үмбетін бауырластырудан, қасиетті Мәдинада қоныстанған ру мен тайпаларды татуластырудан бастаған. Осылайша бірлік пен бауырмалдық сипаттың негізінде Ислам дінінің іргетасы қаланды.

Алла Елшісі (с.а.с)  бейбіт жолмен қасиетті Мекке қаласын алғанда басқа сенімдегі халықтың діни рәсімдеріне құрметпен қараған. Бұл – кез-келген басшы мен кез-келген салаға жауапты адам үшін өшпес өнеге, сарқылмас сабақ деп атар едік. Алла Елшісінің өнегелі ісі басқару ісіндегі барлық адамға үлгі бола бермек. Елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 18 қазан «Рухани келісім» күні ретінде бекітіліп, осы датаға маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша мәні бар. Өйткені, рухани келісімсіз келешек жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деп айтып өткен. Аллаға шүкір, бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің рухани бірлігін нығайтуда.

Қазақстан Республикасында дәстүрлі діндер арасындағы өзара келісім жоғары деңгейде көрініс тапқан. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз рухани келісім мен бірліктің символына айналды. Сарыарқа төсінде өтетін дәстүрлі съездер діндер арасындағы диалогты дамытуға сүбелі үлес қосуда. Елбасының бұл бастамасы хәкім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деген сөзін ғаламдық биікке көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп атап өтті. Расында, қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін ең әуелі ұлтты ынтымаққа ұйыстырды. Бірлік бар жерде – тірлік барын ұққан халықпыз. Бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы ретінде баршамыз бірлігімізді бекем етуге үлес қосуымыз тиіс деп санаймыз.

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

теолог маманы                                                                              

0 пікір