Халықаралық бітімгерлер күні
Халықаралық бітімгерлер күні
29.05.2024
464
0

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым. Ол – әлемдегі ең ірі, халықаралық деңгейде ұсынылған және ең қуатты ұйым. Бас кеңсесі – Нью-ЙоркАҚШ-та орналасқан. Қазіргі уақытта ұйымның құрамына 193 мемлекет кіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты оның Жарғысы болып табылады. Жарғысына сәйкес, БҰҰ өз қызметінде келесі 4 мақсатты көздейді:

– бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;

– ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту;

– халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;

– осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.

Ұйымның Жарғысы ешқандай жағдайда мемлекеттердің ішкі ісіне жататын әрекеттерге араласуына құқық бермейді. Кез келген бейбітшілікті қалаған ел, ұйымның Жарғысын мойындап, ондағы міндеттемелерді орындауға келіскен мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бола алады.

БҰҰ бітімгерлік қызметін 1948 жылы Таяу Шығыс елдері арасындағы кикілжіңді тоқтату мақсатында бастады. Содан бері әлемдегі бейбітшілікті сақтап тұру мақсатында 71 операция жүзеге асқан. Бұл салада қызмет ететін әскери қызметкерлерді тарихта «көк каскалылар» деп біледі. Олардың еңбегін үлгі тұту мақсатында 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 мамырдың БҰҰ-ның Халықаралық бітімгершілер күні деп жариялады. Бұл күн бейбітшілікті қолдауда өз өмірін қиған жандарды еске алу және БҰҰ-да қызмет еткендерге құрмет көрсету ретінде қабылданады. Бұл күн – бітімгерлер қызметінің белгісі. 

Елімізде бұл мереке алғаш реті 2019 жылы аталып өтілді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан өзінің әлемнің бейбітшілік қағидаларына бағынып, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жақтасы екенін дәлелдеп келеді. 

2015 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заңында елдің Қарулы Күштерінің ұлттық контингентің бітімгершілік операцияларына қатысуын реттеу бойынша мемлекеттің міндеттері мен құзыреттерін анық көрсетілген. 2018 жылы қазақстандық бітімгерлер ротасы Қазақстан мен Үндістан арасында жасалған меморандумнан кейін, Ливанда өткен БҰҰ миссиясына алғаш рет қатысқан болатын. Израиль шекарасында қазақстандық бітімгерлер тобы жергілікті аймақты торуылдау қызметін атқарды. Сонымен қатар, бақылаушы бекеттерін ұйымдастырып, атыс-шабысты тоқтатуды өз бақылауларына алды. 

БҰҰ өзінің көп қырлы функцияларын қосқанда әлемдік қауымдастық қызметінің барлық дерліктей салаларын қамтиды. Оның өзектілігі, әсіресе өсіп келе жатқан ғаламдық тәуелділік пен мемлекеттердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күш-жігерін біріктіруді талап етумен ерекшеленетін қазіргі заманның қақтығыстарын шешудегі рөлі өте зор.

Бүгінгі таңда ол халықаралық қауымдастықтың көкейкесті мәселелерін шешудің өзінше бір орталығына айналды: БҰҰ адам құқығын құрметтеуді қолдау, қоршаған ортаны қорғау, аурулармен күрес, жоқшылық ауқымын тежеу, босқындарға көмек, миналарды залалсыздандыру және ЖҚТБ-мен күрес бойынша жүйелі жұмыс атқаруда.

Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі, ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізіп, әлеуметтік-саяси, экономикалық және қоғамның т.б. салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада ҚР-ның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.

Ядролық қарудан бас тарту, Азияда сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер диалогын шақыру – осының бәрі біздің мемлекетіміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерінің әлі де толық емес тізімі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстан БҰҰ Миссиясы мен жарғысын, тұрақты, әділ және гүлденген әлем құруға деген ортақ ұмтылысты берік ұстанатынын және оны шын мәнінде баламасыз болып қала беретін жалғыз әмбебап және неғұрлым өкілді халықаралық ұйым» ретінде қарастыратынын атап өткен болатын.

 

 Айдана Сейдуәлі

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                          

 

0 пікір