Діні мықты елдің – іргесі мықты
Діні мықты елдің – іргесі мықты
28.02.2024
730
0

Іргесі берік, бірлігі бекем елдің берекесін кетірер теріс дін, кереғар көзқарас – қоғамның дерті. Ақ пен қара алмасқан аумалы-төкпелі заманда жат ағымның жетегінде жүргендер жетіп артылады. Әсіресе, өресіздіктің құрығына жастар жағы тез түсуде. Діни жікшілдік әлемнің кейбір аймақтарында қанды қақтығыстар мен жанкештілік әрекеттердің жиілеп кетуіне де сеп болды.

Қазіргі кезде жаңартылған əлеуметтік қоғам дамуындағы жеке адамның қалыптасуы, рухани мəдениеттің артуындағы Қазақстандағы діннің бүгінгі жағдайы орасан зор рөл атқарады. Рухани мəдениет – бұл ескіден қалған тарихи мұра, ол қазіргі кездегі қоршаған өмірге, адамгершілікке, тəрбиелікке, бірігіп қимыл жасауға Қазақстандағы діннің шарттарын үйренуге жəне өркендеудегі əлеуметтік мұра ретінде қарастырылады.

Дін – дегеніміз  Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннаттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді.

Алла Тағала адамзат әубаста бір ер мен әйелден жаратылғанын былайша баян етеді: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен тайпаларға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Барлық адам баласы бір ата мен анадан тараған. Түбі бір ата-анаға барып тірелсе де, әр халықтың өзіне тиесілі алуан-түрлі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Аятта айтылғандай, Алла Тағала ұлыстар мен тайпаларды өзара тану үшін жаратқан. Әр халықтың өзін танытатын салт-дәстүрі бар. Егер салт-дәстүрі жойылса, сол халықтың өзі де жойылары сөзсіз.

Діннің мақсаты белгілі бір ұлттың дәстүрін, әдет-ғұрпын мансұқтау емес. Ислам діні бүкіл халықты дәстүрі мен құндылығын сақтау арқылы надандық соқпағынан алып шығады. Әрине, шариғатқа қайшы келетін дәстүрді ұстануға рұқсат бермей, тыйым да салады. Бұл ұстаным жайында дана халқымыз «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп керемет жеткізе білген. Демек бұл ұстаным шариғат қағидасымен ұштасып жатқанын айта аламыз.

Дәстүр, әдет-ғұрып сөздерінің түсінігі жайында Ахмад ән-Нәсәфи өзінің «әл-Мустасфа» еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз – адамдардың көңілінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». Ислам құқық негіздерінің ғалымдары ғұрыпқа былайша анықтама берген: «Адамдардың немесе белгілі бір елдімекеннің, ұлттың дағдыға айналған іс-әрекеттері және өздері ғана түсінетін белгілі мағынада қолданатын сөздері ғұрып деп аталады».

Қазақ халқы – әлемдегі ең ғажап халық. Қазақты әлем халқына ғажап халық екенін танытып тұрған ол – біздің ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдени мұраларымыз, тіліміз және ұлттық қолөнер мен ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, өз ұлтымыздың қадір-қасиетін, ой-өрісін танытатын салт-дәстүрімізге, қазақтың мәртебесін көтеретін мұраларымызға құрметпен қарап, оларды қастерлеу – баршамыздың міндетіміз.

Жер-жаһанда қазақтаннан  асқан қонақжай халық жоқ десек болар. Қазақ жерінде болған поляк саяхатшысы, зиялысы А. Янушкеевич: «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім»,-деп қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болған екен. Қонақжайлылық – қазақ халқының сүйегіне сүтпен сіңген қасиет. Бұл қасиет қазақты өзге ұлттан ерекшелеп, мәртебесін биіктетіп тұрады. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің мемлекетте бөлініс жоқ. Дініне, жынысына, көзқарасына қарап ешкімді қудаламайды, қысымға алмайды. Зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құру – басты парызымыз.

       

 

 

        Теолог маман                                                                         Н.Сайлауов

0 пікір