Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары
08.07.2022
651
0

Мемлекеттің негізгі саяси бағыттары – мемлекетік және қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарына бірігіп, елдің саяси өміріне кірісіп, қоғамды дамытуға, нығайтуға үлес қосуға негізделген. Саяси жүйенің ең күрделі, әрі ең маңызды элементі –  ол мемлекет.  Мемлекет –  саясаттың негізгі бағыттарын жүйелейтін, қоғамды басқаратын орталық буыны. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске асыратын ең негізгі аппарат. Екіншіден, мемлекет саяси негізгі бағыттардың барлық элементін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті бөлу процесін басқарып отырады.

Саясаттың басты ерекшелігі  –  белгілі бір мемлекеттің ішкі және сыртқы мүдделерін үйлестіре алатын, әлеуметтік қатынастарды реттеп, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін қасиетке ие болу. Мемлекеттік саясаттың тағы бір өзекті де күрделі бағыттарының бірі – мемлекеттің дін саласындағы саясаты. Еліміздегі дін саласындағы саясатының негізгі бағыт бағдары зайырлылық қағидаттары, конфессияаралық және ұлтаралық келісім, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес болып табылады.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы негізгі ұстанымы –  зайырлылық. Зайырлылық – мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Мемлекет пен зайырлылық ұстанымы ешқандай дінге бөгет жасамайды, тек мемлекеттің дін саласына араласпауы және белгілі бір діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік беруі.

Зайырлылық ұғымы дін саласында барынша ашықтықты, анық саясат ұстанатынын көрсетеді. Зайырлылық қағидатына сәйкес, дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дін қоғамнан, адамнан бөлінген емес. Адам дүниеге келгеннен бастап, соңғы сапарына дейін дінмен тығыз байланыста болатын құбылыс. Ол мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттарымен басқарылуында  ғана бөлінген.

Қандай заман болмасын адам жүрегінде белгілі бір тылсым күштің бар екенін сезетін тетік бар деп айтсақ артық болмас. Егемен еліміздің аяққа тұрып, басқа да мемлекеттермен иық тіресіп тұруына зайырлылық қағидаттарының да үлесі орасан зор екенін ұмытпауымыз тиіс. Сонымен қатар, қандай дін болмасын адамзаттың құндылығына негізделген, Қазақстан халқының бірлігіне нұқсан келтірмейтін діндерге қарсы еместігін, тиісінше қолдау көрсетілетіні мәлім. 

 

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен тұырымдамасы

Егемен еліміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі – ел азаматтары арасындағы бірлік. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің нығаюы, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерінің тату-тәтті, бейбіт өмір кешіп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі өнеге.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламасы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жақсартуға, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеуге бағытталған ресми көзқарастар жүйесі болып табылады. Осы қабылданған бағдарлама дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытуға, нормативтік құқықтық актілер жүйесін жетілдіруге, елдегі діни саланы реттеу жөніндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқарушылық шараларға негіз болуға тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін шоғырландыруға, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктеріне негізделген мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың қазақстандық моделін дамыту бағдарын жүзеге асыруда.

Қабылданған бағдарламада мемлекет дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, сондай-ақ кез келген нысандағы және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша шаралар қабылдап жатқаны атап өтілді. Дәстүрлі түрде олардың ішінде ең көп саны ханафи мазхабындағы ислам және православиелік христиан. Сонымен қатар католиктік және протестанттық конфессиялар, иудейлік, буддисттік және басқа да қауымдары елімізде татулықта қызмет атқаруда.

Қабылданған бағдарлама төмендегі мемлекеттік міндеттерге бағытталады:

  •     мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын нығайту, азаматтардың ар-ождан бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету;
  •     діни саланы реттейтін заңнаманы жетілдіру;
  •     мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға және діни экстремизмге қарсы іс-қимылға бағытталған Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары жұмысының бірыңғай жүйесін жетілдіру;
  •     азаматтардың ар-ождан бостандығына және діни нанымдарын құрметтеуге заңмен кепілдік берілген құқықтарын қамтамасыз ету;
  •     діни бірлестіктердің толыққанды жұмыс істеуі үшін жағдайларды қамтамасыз ету және ұлттық қауіпсіздікті, зайырлы мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзатын және халықтың жекелеген топтарының радикалдануына ықпал ететін деструктивті діни ағымдардың қызметіне жол бермеу;
  •     халық арасында қоғамда тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, деструктивті діни идеологияға азаматтардың иммунитетін қалыптастыру бойынша мемлекет іске асырып жатқан шараларды түсіндіруге бағытталған ақпараттық-ағарту жұмысын күшейту.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, діни саладағы уәкілетті органдар жүзеге асыруы мүдделі.

Мемлекет назарын аударатын негізгі міндеттер:

  •      дін саласындағы заңнаманы жетілдіру;
  •      мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын нығайту;
  •      діни экстремизм идеологиясына қарсы және деструктивті діни ағымдардың қызметін бейтараптандыру.

Қорытындылай келе, дін – Қазақстан Республикасының әлеуметтік, мәдени және рухани маңызды бөлігі болып табылады. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары арқасында Қазақстан Республикасында діннің еркін дамуы үшін жағдайлар жасалынған. Діни қызметтің өзге де ұйымдарына әлеуметтік шектеулер алынып, зайырлы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізі қаланды, діндер арасындағы диалог, әлеуметтік әріптестік және ұйымдармен сындарлы саясаттың негізгі бағыттары қабылданды. Нәтижесінде тәуелсіздіктің 30 жылдан астам уақытында Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді табысты ілгерілетуде бірегей тәжірибесі бар егемен мемлекет ретінде танылды. Сонымен қатар діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ел болып қалыптасты.  

 

А.Дүйсен

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы      

0 пікір