Дін саласында заң қатаңдатылуы тиіс
Дін саласында заң қатаңдатылуы тиіс
19.01.2023
928
0

–                   Алдымен өзіңіз еңбек ететін орталықтың жұмысына тоқталсаңыз. Мекеменің құрылу тарихы мен жұмыс бағыттарына тоқталып кетсеңіз.

–                   Облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2011 жылғы 4 қазандағы №229 қаулысымен құрылған. Осы орайда, айта кететін жайт аталған орталық дін саласында елімізде алғаш болып құрылған мекеме. Аталған орталықтың тәжірибесі негізінде өзге де өңірлерде осындай мекемелер өз жұмысын бастады.

Ал, мемлекет басшысының шешімімен Түркістан облысы құрылып, Шымкент мегаполис статусына ие болуына орай, біз жаңа облыс орталығына қоныс аудардық. Жаңадан құрылған Түркістан облысы әкімдігінің 2018 жылғы 10 тамыздағы №229 қаулысымен Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қайта құрылды.

Құрылудағы басты мақсаты – қоғамдағы саяси-діни ахуал бойынша халық арасында мемлекеттік идеологияны және мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру болып табылады.

Орталықтың жұмысын үйлестіру барысында еліміздің Конституциясы мен өзге де заңнамаларына, соның ішінде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы,  «ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» негізгі басымдықтар беріледі.

Қазіргі таңда орталықта 5 бөлім жұмыс жасауда. Әр бөлім өзінің ерекшеліктеріне сәйкес, жұмыстар атқарады. Сонымен қатар, облысымызда демографиялық өсу санының жоғары екендігін ескере отырып, халық тығыз орналасқан аудандарда өкілдіктеріміз жұмыс жасайды. Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам және Созақ аудандарында орталықтың өкілдіктері қызмет етуде.

Орталықтың жұмыс бағыттарының негізі облыстағы діни  ахуалға, интернет ресурстарына тұрақты түрде талдау жүргізу, түрлі контингент арасында түсіндірме-жұмыстарын жүргізу, дін саласындағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында әдістемелік құралдар әзірлеу, жат ағым жетегінде жүрген азаматтарымызды қоғамға қайта бейімдеу болып табылады.

Дәстүрлі ұлттық таным, рухани тәрбие, дінаралық және ұлатаралық келісімнің нығаюына, экстремизм мен терроризмнің белгілерінің алдын алу және т.б. осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ету жұмыстың басты бағдарлары болып саналады.

–                   Еліміздің дін саласындағы нендей мәселелер кездеседі және негізгілеріне тоқталып өтсеңіз?

–                   Еліміздің дін саласындағы негізгі мәселелері дәл қазіргі таңда құқықтық, ұйымдастырушылық тұрғыдан бір қалыпқа салынды десек болады. Бірақ әлі де «қап, әттеген-ай» дейтін дүниелерде бар екендігін жасырмауымыз керек.

Солардың ең негізгісі қоғам арасында түрлі бүліктер шығарып, отбасылық және туысқандық қарым-қатынастың үзілуіне, мешіттерде имамдарымызға бағынбайтын, ұлттық құндылықтарымызды дұрыс емес деп, мансұхтап жүрген ағым өкілдеріне заң шеңберінде, құқықтық тұрғыдан ықпал ету мәселесі кемшіл. Діни ағымдардың халық арасында лаң туғызып, түрлі теріс әрекеттерге жол беріп жатқандығын көзіміз көріп, құлағымыз естуде. Елімізде болған түрлі лаңкестік оқиғалардың басы-қасында осы ағымдардың болғандығын ресми органдар жариялаған болатын. Бұл мәселенің түйіткілін заңға сәйкес шеше алсақ, еліміздің дін саласындағы басты проблемалардан біршама арылған болар едік.

Діни білім алу мәселесі де қай уақыт болмасын күн тәртібінен түспеген тақырып. Елімізде қазіргі таңда ЖОО-да арнайы дін саласы бойанша мамандар даярлауда. Атап айтқанда, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Нұр-Мүбәрәк» университеті, облысымыздың орталығы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті исламтанушы, дінтану, теология салалары бойынша мамандар дайындауда. Дәл қазіргі таңда аты аталған оқу орындарында жоғары білімді отандық және шет елден келген оқытушылар, профессорлар сабақ беруде. Ең өкініштісі осындай мүмкіндікті жастарымыз бағалай алмауда. Шет елдердің күмәнді діни оқу орындарына барып, сол жердің салт-санасын алып келіп, халықтың миын улауда. Діни білім беру мәселесін жандандырып, сауатты ұрпақ қалыптастыруымыз қажет. Осылай ғана біз түрлі пәлекеттердің алдына тосқауыл қоя аламыз.  

Дін саласындағы тағы бір түйіткілді мәселе – өңірде білікті имамдардың жетіспеуі. Әрине, бұл сөзімізбен барлық дін қызметкерлеріне күйе жағып отырған жоқпыз. Алайда, еліміздегі мешіттердің 4/1 Түркістан облысында орналасқандықтан, тиісінше кадр тапшылығы да сезіледі. Қазіргі таңда облысымызда ҚМДБ-ның 762 мешіт-филиалдары бар.  Бүгінгі таңда, Түркістан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 762 мешітте 1112 дін қызметкері жұмыс атқарады. Алайда, олардың 18% ғана жоғары білімді. Ал, 29% орта арнаулы (медресе) және қалған 53% діни сауат ашу курстарында білім алумен шектелген. Халық тығыз шоғырланған және ұлттық құрамы әралуан өңір үшін білімді де білікті имамдар қашан да қажет.

Жалпылама елімізде, соның ішінде Түркістан облысындағы исламдық радикалды бағыттағы «Сәләфилік», «Хизбут-Тахрир», «Таблиғи жамағат» секілді жалған «жиһад» пен «халифалықты» көксейтін діни топтар мен пантуркистік сипаттағы жаңа «Махмудшы», «Сүлейменші» және «Нұршы» қозғалыстары секілді теріс ағымдардың жымысқы әрекеттері белең алып отыр. Олар ұлттық құндылықтар мен тарихты жоққа шығара отырып, қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді. Діни пайымдар мен шарттарды радикалды мақсатта пайдаланудың соңы экстремизм мен терроризмге ұласып жататынын әлемдік жағдай көрсетіп келеді.

–                   Діни экстремистік көзқарастағы ұстаным қаншалықты қауіпті? 

–                   Діни экстремизм мәселесі бұл елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі өте күрделі тақырып. Діни экстреместік ұстаным қашан да болсын қауіпті. Діни экстремистік ұстанымның астарында діни фанатизм және радикализм жатыр. Әбден радикалданған және дінді фанатикалық тұрғыдан түсінген азаматтардың ойында жымысқы экстремистік ойлар, іс-әрекеттер болуы әбден мүмкін. Қандай да бір сәт, бір уақытта халық арасында үрей туғызып, еліміздің тыныштығына залал келтіруі ықтимал. Экстремистік идея әрқашан да қауіпті. Себебі, оның қашан және қандай әрекетке ұласарын болжау мүмкін емес. Идея болған жерде уақыт өте келе ол іс-әрекетке көшері анық. Іс-әрекетке көшкен кезде жағдай біз ойлағаннан да қиын салдарға ұласып кетуі мүмкін. Қандай да бір экстремистік ұстанымға және идеяға төзбеушілікпен қарауымыз тиіс.

Қазақстанда экстремизм мен терроризмга қарсы күреске айрықша көңіл бөледі. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары діни радикализм көріністері, деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалы Қазақстанды да айналып өтпеді. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін Араб түбегінен, Таяу Шығыс елдері мен Кавказдан келген деструктивті діни ағымдардың ықпалы арта түсті.

«Тәкфір» және «жиһад» ұғымдарын ту еткен радикалды отандастарымыздың 2011 жылғы Ақтөбе, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласында дүрбелең салғаны ел есінде. Соңғы он жылдықтағы ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда 18 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 106 (оның ішінде 77 терроршы, 17 құқық қорғау және арнайы қызмет өкілдері және 12 бейбіт тұрғын)адам қайтыс болған.

Терроризм мен экстремизм – адамзаттың қас жауы. Қаймағы бұзылмаған қазақ жерінде осындай лаңкестіктерге жол беру ең алдымен, жазықсыз жандардың зардап шегуіне алып келетіні сөзсіз. Жұртшылық осыны ұғынуы керек.

Діни экстремизм қоғамның тұтастығын бұзатын әрекет екенін түсінуіміз қажет. Ел ішінде алауыздық тудыруды, жек көрушілік пен дінді саясаттандыруды көздеп, сол арқылы қоғамға кері әсерін тигізетін құбылыстан мейлінше алыс болғанымыз абзал.

–                   Қазіргі таңда, дінге жаңа бет бұрған азаматтардың кейбіреуі радикалды діннің жетегінде кетіп жатады, Түркістан облысы бойынша өзге дінді ұстанатындар көп пе?

–                   Қазіргі таңда халық арасында дінді ұстанушылар көбейді. Солардың арасында жастардың саны басым. Әрине жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуіміз қажет. Радикалды көзқараспен уланып жатқан жастар да бар. Дер кезінде оны анықтап, дұрыс жүйелі жұмыс жүргізілсе оны асқындырып алмай алдын алуға болады.

Аталған ағымдарды жақтаушылар санының артуына бірнеше факторлар әсер етеуде. Атап айтқанда, Қазақстанға танымал ДДА көшбасшылары мен идеологтары болып табылатын псевдоуағызшылар Сайрам ауданының, Сарыағаш ауданының және Төлеби ауданының тумалары болып табылады. Аталған азаматтар  экстремизм мен терроризмді насихаттау, ұлттық және діни алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанымен, олардың діни уағыздары мен насихаттары әлі күнге дейін әлеуметтік желілер мен «Ютуб» арналарда жоғары сұранысқа ие.

Сонымен қатар, облысымыздың Өзбекстан Республикасымен шекаралас орналасуы діни ахуалдың дұрыс бағытта өрбуіне кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда, кейбір шекаралас орналасқан аудандар мен өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған анклавты орталарда Өзбекстан Республикасында тиым салынып, іздеу жарияланған өзбекстандық уағызшылардың дәрістерін тыңдау үрдісі белең алып отыр. Бүгінгі таңда, дәстүрлі ислам бағытын ұстанатын өзбек тілді білікті мамандардың тапшылығынан аталған бағыттағы қарсы насихат жұмыстарының тиімділігі төмен.

Өзге дін өкілдері деген түсінікті дұрыс бағамдай білуіміз қажет. Елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктер бар. Қарама-қайшы түрде тіркелмеген, діни идеялогиясын жасырын насихаттап жүретін азаматтар да жоқ емес.

–                   Жастар діни ағымның жетегіне адасып кетпеу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

–                   Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, жат діни ағымдардың  жетегіне кеткен азаматтарды оңалту мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда.

Біріншіден, деструктивті діни ағымдарға қарсы жалпы профилактикалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз.  Бүгінгі күнге дейін облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің мамандарын жұмылдыра отырып құрылған дін саласындағы облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары қала, аудан, ауылдық округ және елді-мекен тұрғындары, мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз маргиналды жастармен жалпылама қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен кездесулер өткізуде.

2022 жылы облыс көлемінде облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары тарапынан тұрғындармен 123 кездесу, жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындары және мектеп оқушыларымен 511 кездесу, өндіріс орындары, құқық қорғау және әскери сала, медицина саласы және т.б. мекеме қызметкерлерімен 314 кездесу ұйымдастырылған. Жоғарыда аталған кездесулер барысында 130 мыңнан астам адам қамтылған. Кездесулер барысында ата-аналарға, қызметкерлерге, жастарға көмекші жаднама ретінде орталық тарапынан жарық көрген бүктемелер таратылды. Аталған бүктемелердің облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын тиімді ұйымдастырып, үйлестіруге, дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттауға оң ықпалы сезіледі.

Екіншіден, қазіргі таңда интернет ресурстары мен БАҚ-тың қоғамға тигізер ықпалы мол. Осы орайда теледидар арқылы дұрыс таным мен түсінік қалыптастыру, ұлттық ұстанымдар мен әдет-ғұрыпқа кері әсер етуші іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында республикалық «Оңтүстік», «Түркістан», жергілікті  «СӘТ», «Санұр» телеарналары  арқылы 27 тақырыпта телебағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орталық мамандары тарапынан 149 мақала дайындалып, 494 рет жергілікті басылым беттерінде жарық көрді.

Қоғамдағы жастардың таным-түсініктерінің дұрыс қалыптасуына, әсіресе дін тұрғысындағы көзқарастарының оң бағытта қалыптасуына әсер ететін бейнероликтер шығарудың ықпалы зор. Біз дайындаған бейнероликтердің мазмұнында псевдосәләфилік ағымының өзіндік ерекшеліктері, еліміздің тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен патриоттық бейнелер, отанға деген құрмет, жастардың ертеңге деген сенімі бейнеленген.

Үшіншіден, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен жеке тұлғалармен арнайы оңалту жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жат ағымның жетегіне кеткен азаматтармен кешенді түрде жұмыстар атқарылады. Бұл оңай процесс емес. Нақты механизм мен әдістемеге негізделіп жасалды. Ұзақ уақытты және еңбекті талап етеді. Орталықтың исламтанушы, теолог мамандары арнайы контингентпен жеке кездесу жұмыстарын жүргізіп, оларға дәстүрлі исламның дәйектерін жеткізіп, шариғатпен шегендеп, салт-дәстүрмен сабақтастырып, пікір алмасып, сұрақтарына жауаптар беріледі. Адамды қайта қоғамға бейімдеу оңай шаруа емес. Біз осыны дұрыс ұғына білуіміз қажет. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері өзінің идеологияларын шындыққа санап жатады. Әрқайсысының шындығы болуы мүмкін, бірақ, ақиқаттың жалғыз екендігін ұмытпауымыз тиіс.

Оңалту жұмысын жеке тұлғаның ар-намысына қол сұғушылық деп теріс түсінік қалыптастырып жүрген азаматтар да жоқ емес. Біздің мақсат біреуге діни бағытты күштеп телу емес. Дін өте нәзік мәселе. Оны дұрыс түсінбеген кейбір жекелеген тұлғалар адасушылыққа еруі мүмкін. Сол үшін теологиялық кеңес ауадай қажет. Кейбір деструктивті діни ағым өкілдері дін деп қазақ халқының дәстүрлі ұстанымы мен ұлттың сенім-нанымынан түбегейлі бас тартып жатады. Бұл өз кезегінде қоғамда түсініспеушілік тудырып, бөлінушілікке алып келеді. Міне осындай қоғам арасында түсініспеушіліктің алдын алу мақсатында деструктивті діни ағым өкілдерімен диалог орнату маңызды болып табылады.

Екіншіден, елімізде 2011 жылдан бері «Терроризм актісі» бабы бойынша қылмыс жасау деректері бірнеше рет тіркелді. Елімізде террористік және экстремистік қызмет белгілері бойынша құқық бұзушылықтарды діни қызмет мәселелері бойынша заңнама талаптарын орындамау деструктивті діни ағым өкілдері арасында жиі ұшырасады. Аталған ағым өкілдеріне тек діни ғана емес, құқықтық тұрғыдан да кеңестер беріледі.

Үшіншіден, діни содырлардың мемлекеттік мекемелер мен әскери бөлімдерге, құқық қорғау және арнайы қызмет ғимараттарына баса-көктеп кіруге талпынуы, сонымен қатар құзырлы мекеме маңайында өзін-өзі жарып жіберу, тәртіп сақшыларына қарсы жасалған лаңкестік әрекеттер, т.б. оқиғалардың барлығы мемлекеттік билікке қарсы бағытталған дін атын жамылған радикалды топтардың әрекеті екені жасырын емес.

Жат ағымдардың адамдар санасын соншалықты «төпелеп» тастауының бір дәлеліне айдың күні аманда сенім-нанымына, құлшылығына ерік беріп отырған Отанын тастап, соғыс ошағына айналған Таяу Шығысқа аттанушылар еді.

Аталған әрекеттерге азаматтар саяси тұрғыдан сауаттылықтарының төмендігі салдарынан қол ұрады. Сол үшін де біз оларға діни, құқықтық, саяси мәселелерге қатысты кеңестер беріп, психологиялық көмектер ұсынамыз.

Оңалту жұмыстарын жүргізу арқылы олардың діни сауаттылықтарын арттыра отырып, діни экстремизмнің таралуына, сондай-ақ, осының аясында болатын түрлі дискрминация формалары мен экстремистік әрекеттердің пайда болуына қарсы тұрамыз.

–                   Радикалды діни ағым әлемдік мәселеге айналып барады, осы проблемамен қалай күресуге болады. Өзіңіздің пікіріңізді білдіре өтсеңіз?

–                   Бүгінгі күні әлем елдерінің басты назарында болып отырған күрделі мәселелер қатарында – экстремизм және терроризм, радикализм, фундаментализм, фанатизм ұғымдары. Радикализм – белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану, тек соны жақтау деген мағынаны білдіреді. Радикализм ұстанымы қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көзқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады.

Қазіргі таңда радикализм өте саясиланған терминдердің біріне айналды, енді бұл адамзатқа, қоғамға қауіп төндіретін сөз. Радикализм сөзі «дін» саласымен қосарланып айтылып та, жазылып та жатыр. Діни радикализм экстремизм мен терроризмге апарар жол десек артық айтпағанымыз болар. Діни радикализмнің пайда болуына бірнеше себептер бар. Бірі – діни сананың толық қалыптаспауы немесе діни білімсіздік, екіншісі – діни радикализм уағызшыларының көбеюі, үшіншісі – діни ақпараттарды дұрыс таңдамау. Өкінішке орай, көптеген радикалданған азаматтар салт-дәстүрлерді, ұлттық құндылықтарды, ғасырлар бойы ата-бабамыздан жеткен діни рәсімдерді, жоралғыларды мойындамайды. Қандай да бір ақпараттардан өзін тежеп қана қоймай, қоршаған ортаға күдікпен қарауы жоғарылайды. Осылайша, қалыпты өмірден өздерін бөліп, әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірден баз кешіп, жат идеология белсенділерінің қолшоқпарына айналады.

Қазіргі таңда деструктивті діни идеологияның алдын алудың бірден-бір жолы – елімізде діни білімнің деңгейін арттыру. Сондықтан отандық дін саласындағы мамандарға қойылатын талаптарды күшейтіп, білігін шыңдау маңызды болып отыр. Сонда ғана ел ішінде әртүрлі діни алауыздықтарға тосқауыл қойылмақ. Дінге қызығушылығы артқан әрбір азамат бастапқы білімді, яғни, бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу қажет.

–                   Қазіргі уақытта дінде көптеген жалған ұсыныстар мен стереотиптер кездеседі. Олармен қандай жұмыстар жүргізілетіні жөнінде айтып берсеңіз?

–                   Жалған дүниетанымды насихаттайтын азаматтардың барлығы дерлік жалған ұсыныстармен адамды арбайды. Кезінде елімізден шекара асып, Таяу Шығысқа барып шын ислам мемлекетінде өмір сүрем деп, талай жастарымыз алданып қалды. Яғни жалған стереотиптерді біз сол жерден байқадық. Діни терминдердің негізгі мағынасын түсіне алмау, тек қана біржақты ойлаудың кесірінен талай азаматымыз жапа шекті. Жалған ұсыныстарды арнайы шет мемлекеттерде отырып, аудио және видео уағыздар арқылы таратып отырды. Жалған ағым өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, ақпараттарды бұрмалау, арнайы психологиялық әдістерді қолданып, санаға тікелей шабуыл жасайды. Мысалы, деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88%-на осы әлеуметтік желі әсер еткені белгілі. Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттeрімен танылған «ИШИМ» халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламторлық тeхнологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша ұйымдарға қосылушылардың 80% астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, олар жиһадшы-террористердің күнделікті өмірін шөл даладағы әсем көрініспен, балалардың тәтті күлкісімен, қаруларын асынып, тату-тәті отбасылық суреттермен көрсетеді. Міне, осы сырт көзге бәрі «тамаша» боп көрінген бейнероликтегі өмірге әлеуметтік желідегі тіркелушілер арбалып, ақыр соңы алданып қалып жатады. Бұған дәлел еліміздегі экстремизм баптарымен сотталғандардың көбі – нақ осы желілерде белсенді ақпараттық жұмыстармен айналысқандар.

Осылайша жалған ақпараттардың нәтижесінде Таяу Шығыста керемет өмір бар деген стереотип қалыптасты. Бұл стереотип өзін нағыз мұсылман санап жүрген кейбір бауырларымыздың шекара асып, ата-анасын, бауыларын тастап, отанға опасыздық жасағандары мәлім. Ол жақа барған соң ол керемет ертегінің бір-екі айда аяқталғанын көріп, от басып, оқтың астында қалып, далада қаңғып, ешкімнен пана сұрай алмағандығын барлығымыз білеміз. Жиһад деп кетіп, «Жусанмен» қайта елімізге қайтарылғандар қаншама. Әрине, жалған ұсыныс немесе стереотиптің өтірігі ертелі кеш бір ашылары ақиқат. Жалған стереотиптің жолында өзін құрбан қылып, талай өкінген азаматтарды да көзіміз көріп жүр. 

Осындай идеологияға уланған жүзге тарта жерлесіміз бейбіт өмірді қарулы «жиҺадқа» айырбастау үшін Сирия еліне отбасымен бірге «Һижрат» жасаған. «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында Түркістан облысына 4 ер, 18 әйел, 52 бала қайтарылған. Бүгінгі таңда 4 ер, 1 әйелдің қылмысы дәлелденіп, жауапкершілікке тартылса 6 әйел, 22 балаға қатысты қоғамға бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізілуде.

–                   Статистика бойынша жат діни ұйымдардың қауіп-қатері жыл сайын төмендеп жатыр ма әлде артып келеді ме?

–                   Жат діни ағымдардан келетін қауіп көп. Елімізде арнайы соттың шешімімен 24 ұйым экстремистік, террористік және окульттік-мистикалық деп танылып заң жүзінде тыйым салынған. Қазіргі таңда діни ахуал облысымызда тұрақты деп айтсақ болады. Діни ағым жетегінде жүрген азаматтармен кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрақтылыққа қарамастан біз жұмысты тоқтатпауымыз қажет. Ата-бабамыздан қалған жақсы сөз бар ғой: «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Сондықтан алдын-ала қандай да бір дін саласындағы тәуекелдердің алдын алып, бір қадам алда тұруымыз керек.

Біз жастарымызды медиа сауаттылыққа үйретуіміз қажет. Ғаламтор – ақиқаттың көзі емес екендігін түсінулері керек. Зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйенсек дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді екен. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни, қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, түрлі платформалар және басқа да байланыстырушы медиақұралдар әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.

Тәжірибелі бағдарламашылардың статистикалық есебі бойынша 1 минутта «Youtube» желісіне 400 сағаттық видео жүктеледі, ал «Whatsapp» та 50 млрд. СМС хаттар жолданады, «Instagram» да 50 мың сурет жүктеледі. Ал, «Google»-ға минутына 4 млн. рет сұраныс түседі. Осылардың ішінде қаншасы діни ақпараттар екенін ешкім білмейді. Жоғарыда аталған цифрлардың 1% ғана деструктивті діни ағымдардың таратқан мәліметі дейтін болсақ, онда миллиондаған жастың бір сағат ішінде діни көзқарасымен қатар, психологиясы өзгеріске ұшырады деген сөз.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білімсіздік, теріс ақпарат – жастардың радикалдық ағымдарға өтіп кетуіне себепші болады. Жалпылама айтқанда  ғаламтор – бүгінгі қоғамның құраушы бөлігі екенін мойындауымыз керек. Бірақ, ол – дүлей күш емес, адамзаттың қажеттіліктерінен туындаған құрал ғана. Ғаламторда не айтылса, соған көз жұмып сене беруге болмайды. Адам баласы балама ақпараттарды қабылдағанда сын көзқарасты ұстануы қажет, әр нәрсені таразылап барып қана бағалауға бейімделу керек. Жастарымыз алдарына ұсынылған ғаламтордағы қандай да бір ақпаратты ой елегінен өткізіп, саралай алатын болса, жат ағымның жетегіне кетпейтіні анық.   

–                   Өзіңіз басшылық қызметін атқарып жүрген «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің жеткен жетістігі мен әлі де болса шешімін таппай келе жатқан түйіткіл мәселені де атап өтсеңіз?

–                   2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 5-бабында «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыреті» көрсетілген. Аталған құзіреттіліктің бір тармағы өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізу.

Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»  коммуналдық мемлекеттік мекемесі Түркістан өңіріндегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыратын жалғыз мемлекеттік мекеме. Соңғы жылдарда орталықтың жеткен жетістектері жетерлік. Республика бойынша әлеуметтік желі және ғаламторда күмәнді сілтемелерді анықтап, оларға тиісті шара көру бойынша көш бастап тұр.

2021-2022 жылдар аралығында жоғарыда аты аталған және өзге де тиым салынған уағызшылардың ғаламтор желісінен 700 мыңнан астам сілтемелері мен қауымдастықтары анықталып, «knadzor.kz» ақпараттық жүйесіне бұғаттау үшін енгізілген. Бұл сілтемелер мен қауымдастықтардың көптігі еліміздің кез-келген азаматының ғаламтор арқылы тиым салынған діни материалдармен еркін танысып, деструктивті діни ағым жақтастарының қатарын көбейту мүмкіндігінің жоғары екендігін көрсетеді.

Әрине шешімін таппай жатқан мәселе де жоқ емес. Ол – кадр мәселесі. Облыс көлемінде әлі күнге білікті кадрлардың жетіспеуішігі байқалады. Осы олқылықтың орнын толтыра білсек, орталықтың жұмысы әрмен қарай жанданатынына кәміл сенемін.

Өңірлердегі деструктивті діни ағым жақтастарымен оңалту шараларын жүргізетін білікті, шетелдерде білім алған, іс-тәжіребиесі бар теолог мамандардың тапшылығы, әсіресе әйел жамағатымен жұмыс жүргізетін теолог мамандардың жетіспеушілігі сезіледі. Оларды оңалтумен айналысатын теолог-дінтанушылардың жалақылары төмендігін ескеру, оларға материалдық қолдау көрсету қажет деп санаймыз. Аталған мәселе тек біздің облыстың ғана емес, барлық өңірлердің ортақ, республикалық масштабтағы мәселе.

Еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін жасалып жатқан қызметте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет етуіміз керек. Ел – дегенде еміреніп, жұрт – дегенде жүгіріп жүріп қызмет жасасақ, еліміздің ертеңі жарқын болары анық. 

 

                                     

Түркістан облысының дін істері басқармасының                       

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директоры м.а.                                                                                         М.Халықов

0 пікір