Сәләфилердің білім алудағы қателіктері
Сәләфилердің білім алудағы қателіктері
19.09.2022
662
0

Жалпы ислам діні адам баласының білім алуына көп көңіл бөледі. Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын үлкен нығмет. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық жерде қолданылады екен. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады.

Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Әли ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадат та, түсінбей оқыған ілім де және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» - деген. А.Құнанбайұлы өзінің оныншы қара сөзінде: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» - деп жоғарыда тілге тиек еткен Әли (р.а.) халифаның сөзін  ұғындырғандай.

Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние-мүлік жұмсаған сайын азаяды.

Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің жолы білімді болу. Ислам  бізге  ілім  алуды,  яғни  дұрыс  білім  алуды  бұйрады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.

Қазіргі таңда кейбір діндарлар білімді діни және дүниелік деп екіге бөліп жүр. Тіпті, дүниелік ілімді алудың қажеті жоқ деп оны мүлдем ысырып қоюда. Шын мәнінде зайырлы һәм діни білім бұл – мұсылманның қос қанаты. Құс шарықтап ұшуы үшін қос қанаты қандай қажет болса, исі мұсылман үмбеті үшін де зайырлы һәм діни білім сондай маңызға ие. Ғылымсыз – дін, дінсіз – ғылым соқыр болмақ.

Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады.

Зайырлы білімді меңгерген адам да алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Осы арқылы дүние заңдылықтарын даналықпен түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді. Мұсылман ғалымдары көптеген заманауи шариғи, фиқх мәселелерде халал немесе харам екендігіне қатысты дұрыс шешім шығара алу үшін медицина, химия, астрономия т.б. секілді ғылым салаларының мәліметтеріне жүгінуіне тура келеді. Сол себепті, әрбір адам, дінін сүйетін мұсылман өз саласында биіктерді бағындырып, мамандығын терең игеруі қажет.

Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті.

«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

Әріптесіміз Ұлықбек Алиакбарұлының 2015 жылы «сәләфилік» уағызшы О.Заурбековпен болған видео сұқбатынан кейін оған көптеген «сәләфи» ағымының жақтаушылары қоңырау шалып алғысын білдіргенін айтып еді. Себебі, осы сұқбатқа дейін еліміздегі көптеген «сәләфилік» ағымының жақтаушылары О.Заурбековтың түр-тұлғасын, бет-әлпетін көрмеген екен. Оның табынушылары тек виртуалды әлем арқылы аудио уағыздарын ғана тыңдаған.

Осы орайда «сәләфилердің» білім алудағы қателіктері су бетіне қалғып шығады. Жалпы діни білім алуда ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасы өте маңызды. Ғаламтор арқылы белгілі бір ақпараттарға қол жеткізуіңіз мүмкін, алайда шынайы білімге емес. Ибн Синаның психологиялық зерттеулеріне сүйенсек адам баласы 5 сезім мүшесі арқылы шынайы білімге қол жеткізе алады екен. Олар: көзбен көру, құлақпен есту, мұрынмен иіскеу, ауызбен дәм сезу, қолмен сипап сезіну сезімдері. Мысалы сіз ғаламтордан алған ақпаратты көзбен көргеніңізбен кітап секілді иісін сезіне алмайсыз. Сондай-ақ, кітаптың әр бетін парақтау арқылы дәмін де сезіне аласыз.

Діни білім алуда ескерер тағы бір маңызды жайт ұстаз бен шәкірттің тізе қосып отыруы. Бұл Пайғамбар (с.а.с.) мен Жәбірейіл періште арасында болған мына бір оқиғамен негізделеді.

Саңлақ сахабалардың бірі Омар (р.а) осы ихсан ұғымына қатысты мынадай бір оқиғаны риуаят етеді:

«Бірде Алла Елшісінің (с.а.с.) жанында отырғанымызда күтпеген жерден қасымызға бойында жолаушының белгісі жоқ және біздің ешбіріміз танымайтын қара шашты, аппақ киімді кісі  келді. Ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы алдына тізесіне тізесін тигізіп отырды да, қолын санына қойып: «Уа, Мұхаммед, маған ислам, иман, ихсан жайлы айтып берші», – деп кезек-кезегімен сұрақтарына жауаптар алды.

Біз оның Пайғамбарға (с.а.с.) әрі сұрақ қойып, әрі оның айтқандарының дұрыстығын растап отырғанына таңғалдық. Сонымен қатар «қияметтің қашан болатынынан хабар берші», – деді. Оған Алла Елшісі (с.а.с.) былай жауап берді:

«Сұралушы сұраушыдан артық білмейді». «Ендеше, маған Қияметтің белгілерін айтшы», – деді. Алла Елшісі (с.а.с.). Әлгі адам Пайғамбардың (с.а.с.) сұрағына жауап бергеннен кейін кетіп қалды. Менен біраз уақыт кідіре тұрғаннан кейін Алла Елшісі (с.а.с.): «Уа, Омар, әлгі сұрақ қойған кісінің кім екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – дедім. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Расында, ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жебірейіл», – деді».

Бұл хадистен алынатын өнегенің бірі ұстаз бен шәкірттің бір арада тізе қосып отыруы. Екіншісі, білімді пысықтау үшін қайталауы, үшіншісі білмеген дүниеңе орынсыз жауаптар бермеуі. Өкінішке орай қазіргі таңда бұл ұстанымда жүрген «сәләфилерді» кездестіру өте қиын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, білім мен біліктілігімізді  паш еткізуіміз керек. 

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                

 

0 пікір