МУЗЫКА ТУРАЛЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІ
МУЗЫКА ТУРАЛЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІ
24.01.2020
2385
0

    Деструктивті дін өкілдерінің сенімін ұстанатындар осы мәселеге келгенде түбегейлі музыканы харам деп түсінеді.  Кейбір намаз оқып жүрген бауырларымыз ән, ұлттық аспаптармен күй тыңдаудың өзі күнә дегенін естігенде журегіңе тоқ ұрғандай сезімде қаласын. Сонда ислам дінінің мақсаты көптеген мұсылман елдерінің дәріптеп жүрген ұлттық құндылықтарынан айыру ма - деген ой туады. Ата-бабаларымыздан қалған, қазіргі айтылып жүрген ән-жырларды тыңдау, шырқау шынымен де харам болып саналады ма? әлде бұл адасушылықтан, қателіктен туған пікір ме?  Өрмекшінің торындай болған әлеуметтік желілерде соңғы кездері «музыка тыңдауға, ән салуға болмайды екен, дінімізде бұған тыйым салынған» деген секілді пікірлердің құлағы қылтия бастады. Әр бір елдің қанына сіңген  «Ұлттық ән тыңдау, ұлттық аспаптар харам» деген мардымсыз пәтуә жаныңды жегідей жеп бара жатқан жоқ па? Кейбір экстремистер, әсіресе талибандар музыкаға толығымен тыйым салу қажет деп есептейді. Олар тіпті діни әндерді Құран қош көрмейді деп тиым салған. Әрине мұндай мәселені халыққа мән жайды түсіндірместен кесіп айтуға болмайды. Исламда мынау жақсы, мынау жаман деп ақ пен қараның жігін айыра түсіндіру әр мұсылманның міндеті. Абай айтпақшы: «...Әнніңде естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деп кемеңгер, әннің де, әуеннің де жағымды-жағымсызы болмай ма?

     Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) ән, музыкаға рұқсат ететін және тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Оған Пайғамбарымыз (с.а.с) кезінде  тыйым салған, оның да себебі бар. Пайғамбарымыз (с.а.с) кейін кейбір музыкалық ән мен аспаптарға рұқсат берген. Жалпы музыкаға дәлелдердің әртүрлі болуына байланысты ғұламалардың бір жағы харам десе, екінші тарапы адамға пайдалысы адал деп пәтуә берген.Начало формы

       Өкінішке қарай  біздің  ақ пен қараны білмей жатып кесіп, пішіп қоятын жаман әдетіміз бар. Оның үстіне өзгелердің дәстүрін, мәдениетін өзімізге әкеліп тықпалай береміз.Қәзіргі таңда жастар арасында өзі түсінбейтін шетелдің нәпсі қоздыратын музыкаларын тыңдау, оған билеу кең таралған құбылыс. Күн атқаннан – батқанға дейін қазіргі заманғы ашық-шашық  поп-музыка, ән, тыңдаудан жалықпайтын жастар көбейді. Кейде суицидке итермелейтін өлеңдер бар. Мысалы: түрік әні «Tutamaz» т.б. Батыстың рок әуенін, сондай-ақ сөздері тым ашық айтылған әндерін харамға жатқызуға болады. Музыканың исламдағы рөлі даулы болып отырған Иран секілді елдер бұл мәселені өз мақсаттарына жету үшін пайдаланып, батыстық стильдегі музыканы түрлі жолдармен тұншықтырып келеді.

       Базы ислам ғалымдары: «егер  нәпсіңді қоздыратын музыка болса ол харам болып саналады, ал көңіліңе жағатын әуенді тыңдауға рұқсат. Музыканы бір ауыздан харам, яки болмайды деп айтуға немесе бір ауыздан халал яки болады деп айтуға да болмайды» Сонымен қатар « өлең адамның психологиясына кері әсер етпесе, адамның шахуатын қоздырмайтын болса. Жаман сөздер болмаса, керісінше адамды ізгілікке жетелейтін, ата-ана, отан, адамгершілікке итермелейтін сөздер болса, оны тыңдауға рұқсат»[1]

      Бір ескере кететін жайт, қазіргі сахналарда шырқалып жүрген эстрадалық өлең сөздерінің басым көпшілігі дінге, тіпті, адамгершілік қағидаларына қайшы болса, әуен ырғағының көпшілігі жоғарыда айтылған пайдалы, тіпті болмаса зиянсыз әуендерге жатпайды. Өкініштісі, бүгінде бірқатар әншілеріміз батыстың өнеріне еліктеп, құдды солар секілді жартылай жалаңаштанып киінуді, солардың ұшқалақ, жеңіл әуеніне салып ән салуды мәдениет деп ұғуда. Атақ пен абыройдың құлына айналып, «жұлдыз» аурының дертіне шалдыққандары қаншама?! Сондықтан осы салада жүрген өнер адамдарымыз, ең әуелі, имандылыққа бет бұрып, өздерін әрдайым кішіпейілдік пен қарапайымдылық тезінен өткізіп тұрулары ләзім. Рухани дүниеңізді бос, түсініксіз әндермен толтырғанша Құран мен нақыл сөздермен қатар толтырған жөн.

        Осы мәселеде өз ойым; «Музыка адамды имангершілік істен тыятын болса - харам, адамның иманын ұштайтын болса - халал есебінде»-деген. Жалпы музыка атаулыға бірдей топырақ шашып харам демес бұрын оны ажыратып алу керек. Адамды жақсылыққа жетелейтін ән болса оны шырқағанда, тыңдағанда тұрған ештеңе жоқ. Мәселен ел алдында  «Қазақстаным алға»  деген әні шырқалған кезде халықтың патриоттық сезімі оянып, елге, жерге деген сүйіспеншіліктері артады. Яғни бұл жерде шариғаттың шеңберінен асып жатқан дүние жоқ. Егер  нәпсіңді қоздыратын музыка болса ол харам болып саналады, ал көңіліңе жағатын әуенді тыңдауға рұқсат. Музыканы бір ауыздан харам, яки болмайды деп айтуға немесе бір ауыздан халал яки болады деп айтуға да болмайды. Ғалымдардың айтуынша: «Егерде өлең адамның психологиясына кері әсер етпесе, адамның шахуатын қоздырмайтын болса. Жаман сөздер болмаса, керісінше адамды ізгілікке жетелейтін, ата-ана, отан, адамгершілікке итермелейтін сөздер болса, оны тыңдауға рұқсат»[2]

        Ел арасында Пайғамбарымыздың (с.а.с) қыз айттыру секілді той-думандарда «пәленше деген әншіні алдыртпадыңдар ма, көңілдеріңді көтеріп жүретін еді»  деген сөздері және ол Мединеге Меккеден оралғанда халық әнмен қарсы алғандығы жайлы келген сахих хадистер бар. Пайғамбарымыздың (с.а.с) даңғара сүйемелінде бірнеше рет ән тыңдағанын байқайсыз. Даңғара арабтарда кең қолданылатын музыкалық аспап. Енді Пайғамбарымыз (с.а.с) тек даңғара тыңдаған екен деп басқа аспаптардың харамдығын білдірмейді. Өйткені басқа музыкалық аспаптарға тыйым салатын сахих хадис риуаят етілмеген. Мұсылман ғұламалардың пікірінше кез-келген музыкалық аспап адамды еліртіп, жаманшылыққа жетелейтіндей  кейіпте тартылмаса, онда оған – рұқсат.

        Адамның табиғаты мен болмысы шаршағанда кейде көңілін көтеріп, рухын дем алдыратын нәрселерді қажетсінеді. Хазіреті Алидің (р.а) музыка жайлы ойы: «Тәннің шаршайтыны тәрізді жүректе шаршайды. Сондықтан оны қызық хикметтермен дем алдырыңдар! Жүректеріңді анда-санда дем алдырып тұрыңдар. Себебі жүрек зорықса, тас соқырға айналады» - деген.

        Музыка исламда харам емес. Егер харам болса кейбір сахабалар мен табииндер және атақты ғалымдар ән тыңдамас еді. Ән тыңдаған сахабалар: Омар ибн Хаттаб, Абдуллаһ ибн Жағфар ибн Аби Талиб, Осман ибн Аффуан, ибн Малик, Абу-Масғудул – Әнсари, Хамза ибн Абдул-Муталиб, Әбу-Бакір қызы Айша, Мұғауиз қызы Рубайғ, Абдулла ибн Зубайр, Әл-Муғира ибн Шұғба т.б.

      Ән тыңдаған табииндер: (Сахабаларды көрген мұсылмандар)Сағид ибн Жубайыр,Ъамир әш-Шаъби, Омар ибн Абдил-азиз, Сағид ибн Мусайаб, Омар Хаттабтың баласы Салим, Ибн Хисан, Харижа ибн Зәйд, Қазы Шурайк, Ата ибн Аби Рабак т.б. секілді табииндердің атын жазуға болады. Ғалымдар: Ибн Сина, Әл-Фараби т.б.

      XI-ғасырда өмір сүрген тақуалығымен танымал ханафи ғалымы Абдул-Ғани ән-Наблуси өзінің «Музыка аспаптарын тыңдауға байланысты  дәлелдері түсіндіру» атты  еңбегінде: «.... Ал егер музыка керісінше адам бойындағы мүлгіп жатқан жақсы сезімдерін  жетілдіретін, рухын, миын тыныштыққа бөлейтін, шаршағанда жүйкелерін дем алдыратын, ойына көркем пікірлер салатын, ішкі болмысына жақсы әсер ететін әуен болса, онда неге харам делінсін»

      Тағы бір ғұламалардың көз-қарасы бойынша: «ән айту қай кезде рұқсат етіледі? Адам қараңғыда жалғыз қалғанда, соғыста отанды қорғау мақсатында қорқынышты басу және өзін рухтандыру үшін дауыстап ән айтуға болады» Бұл жағдай сахабалар арасында да орын алған жайы бар. Әннің  мазмұнында Аллаға тіл тигізетін, мемлекетке, ұлтқа деген жек көрініштілік байқалса, адамгершілікке нұқсан келтіретін сөздер болса харам болып саналады, мұндай әндерді айту да, тыңдау да күнәға жатады,  ал керісінше ән Отанды, ата-ананы құрметтеуге, бауырмалдылыққа, достыққа шақырып тұрса халалға жатады.  Егер музыка адамның жақсы сезімдерін жетілдіріп, рухын сергітіп, шаршаған жүйкелерін тынықтырып, көңілін тыныштатын болса, ондай музыканы харам деуге бола ма? Жайлаудан жайлауға көшіп жүрген ата-бабаларымыз өмірлерін әнмен әрлеп, күймен өрнектемеді ме осы? Мұндайда музыкамен айналысу, оны тыңдау харам болса бес уақыт намазын қаза қылмаған ежелгі қазакеңдер неге сол кезде ән-жырдан баз кешіп кетпеді екен деген сұрақтың туындауы әрине заңды. Қай елдің тыныс тіршілігін алып қарасаңыз да халықты ән-жырсыз   елестету мүмкін емес. Сол секілді қазақ халқы да бағзыдан музыкаға жақын болған. Ұлттық аспабымыз домбыраның шанағынан халықтың қуанышы, мұңы, зары төгілді емес пе? Қазақ жоңғардың қалың қолынан қырылғанда  «Елім-ай» деп ән арқылы шерін тарқатты, ұшқан ұясын қимаған қыз «сыңсу» айтты, ақ жаулықты анамыз «бесік жырымен» ақ бөпесін ұйықтатты. Ешбір  ұлтта кездеспейтін қазақ күйлерінің қай-қайсысын алып қарасаңыз да мақтануға тұрарлықтай. Музыка рухани байлық, тек оны талғап тыңдау керек.

Абайдың: Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әңді сүйсең менше сүй. [3]

     Қазақтың домбырасы мен қобызынан шыққан кейбір күйлері орындалған уақытта көз алдыңа кең байтақ жер мен табиғат әсемдіктері елес береді. Отанды, бірлікті, ерлікті насихаттайтын, ата-ананың қасиетіне байланысты, адам баласын адамгершілікке және имандылыққа  баулитын әуендер тыңдау немесе айту неліктен харам болсын. Қазақтың дәстүрлі әндері мен әуендерінің дініміздің қағидаларына қайшы емес, қазақтың терме, дастандары ұлтымыздың жауһары. Қай-қайсысын алып қарасаңыз да әннің астарында тәрбие, өнеге жатыр. 

 

             

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы Асхат Дүйсен

 


[1] Фәтуә  Мустафа Зарқа 349-бет, «Дәррул-Қалан» баспасы. Дамаск-2001ж

[2] Фәтуә  Мустафа Зарқа 349-бет, «Дәррул-Қалан» баспасы. Дамаск-2001ж

[3] Абай Құнанбаев, Қалын елім, қазағым 194-бет, «Атамұра» баспасы. 2002 ж.

                     

 

0 пікір