Кереғар діни ағымдардың қоғамға тигізер зардабы
Кереғар діни ағымдардың қоғамға тигізер зардабы
29.02.2024
541
0

«Елу жылда ел жаңа», – дейді дана халқымыз. Бүгінгі күні жеке және топтық санаға манипуляция мен психологиялық бақылау жасайтын кереағар діни ағымдардың саны күн артқан сайын қарқынды өсуде. Тек керағар діни ағымдар ғана емес, сонымен бірге коммерция, саясат және психотерапияға байланысты ағымдар да бар. Аталған барлық  ағымдарда психологиялық өңдеу, сананы бақылау бар болғандықтан, көптеген адамдар кереағар ағымдардың шырмауына ілігеді. Өздерін мектеп, қозғалыс, ұйым деп атайтын көптеген психотерапиялық әдістерін қоладанатын жат ағымдар да кездеседі.

Қазіргі таңда кереғар діни ағымдардың қаупі дінтанушы ғалымдардың ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының, құқық қорғау органдарының да назарында.

Кереғар діни ағымдар өздерінің әдебиеттері арқылы адамдарға қарсы агрессия мен зорлық-зомбылықты діни ілімдердің бір бөлігі ретінде қабылдайды. Мұндай әдебиеттер қоғамның барлық салаларында агрессивті мінез-құлықты ынталандырады.

Психологиялық әдістермен және сананың бақылауымен деструктивті ұйымдарға тартылған адамның психологиялық портретін жасағанда мынадай мәселелерге тап боламыз. Яғни, деструктивті ұйымдардың бақылауындағы адам проблемаларын төрт негізгі топқа бөлуге болады:

–        психикалық;

–        психосоматикалық;

–        соматикалық;

–        әлеуметтік.

Психологиялық өңдеу мен кереағар діни ағымдарға шақыру үшін көптеген айла-тәсілдер қолданылады. Экстремистік ағымдар мен деструктивті секталар нысанасына ең алдымен талантты, дарынды, интеллигентті, елді аузына қарата алатын азаматтарды іздейді (нақтырақ шырмауына ілуге тырысады). Себебі ұйым немесе оның доктринасы емес, сол ұйымның өкілі маңызды. Тілге шешен, дарынды адамдар экстремистік ағымдар мен деструктивті секталар үшін маңызды құрал. Себебі дарынды азаматтар секталар мен ағымдардың тауары (жемісі) есебінде саналады.

Кереғар ағымдардың ең үлкен зардабы теракт жасауы. Қазақстан Республикасы соттың шешімімен тыйым салынған діни ұйымдардың жасаған террорлық әрекеттері туралы ақпарат өте көп. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің ресми сайтында экстремистік ағымдар жайлы көптеген мәліметтер береді. Мәселен, «Өзбекстанның ислам қозғалысы» атты экстремистік діни ұйымның содырлары 1999 жылы ақпан айында Ташкент қаласында 6 жарылыс ұйымдастырған, нәтижесінде жалпы саны 20 адам қайтыс болды. 1999 және 2000 жылдары ӨИҚ содырлары екі мәрте Тәжікстан арқылы Қырғызстанның Баткен облысында және Өзбекстанның Ферғанасында аталған елдердің әскерімен қарулы қақтығыстар жүргізген.

 «Күрд Халық Конгресі» – 1994 жылдан Туркияның туристік инфрақұрылымына, соның ішінде Жерорта теңізі жағалауының курорттарында, жолаушы поездарында, паромдарда және қоғамдық көліктерде теракт өткізуді ұйымдастырды.

«Лашкар-е-Тайба» – экстремистік діни ұйымның 6 жауынгері Дели қаласында Үндістан Парламентінің ғимаратына шабуыл жасап, соңынан жойылды. Шабуыл барысында 12 адам өліп, 20 адам жарақат алды. Ұйым көсемдерінің өтініші бойынша «Лашкар-е-Тайба», «Жихад-Ауғанстан» және «Жихад-Кашмир» екі әскери-саяси бағдарламасын жүзеге асырады.

«Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы» – 1998 жылы 5 наурызда Қытайдың Туркияда (Стамбул) орналасқан бас консулдық ғимаратын жарды. 1999 жылы сәуірде Түркияда жалпы Қытай халықтары өкілдерінің жиынында жергілікті полиция қызметкерлері террорлық әрекеттің алдын алды. 2000 жылы 25 мамырда ұйымның жанкештілері Қырғызстандағы ҚХР-дың үш мемлекеттік қызметіне қастандық жасап, соның салдарынан біреуі қайтыс болып, қалғандары жараланған.

«Аль-каида» – 1998 жылы 7 тамыз Найроби қаласында (Кения) және Дар-эс-Салам қаласында (Танзания) американдық елшіліктердегі жарылыстарды, 2000 жылы қараша айында Йеменде «Коул» американдық эсминціне шабуылды, сонымен қатар АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық актіні қоса алғанда, ең ірі террорлық актілер жасалынды.

«Боз гурд» – 1977 жылы мамыр айында Стамбул қаласында ереуілге шыққан халыққа оқ жаудырып 40 адамды өлтірді. 1978 жылдың желтоқсанында бір топ жанкешті Кахраманшехир қаласында діни рәсімнің үстінде 101 адамды өлтіріп, мыңға жуық адамды жарақаттаған. 80-жылдары бұл ұйымның әрекеттері экстремистік және заңсыз деп табылды.

«Мұсылман бауырлар» – 90-жылдардың ортасында бірнеше рет Египет Президенті Х. Мубаракқа қастандық жасады. Египетте бір мезгілде ұйым жауынгерлері жол бағытындағы шетелдік азаматтарына террористік актілер ұйымдастырды.

«Орталық Азиядағы моджахедтер жамағаты» – екі жыл шамасында Қазақстанның кемінде 20 және Өзбекстанның кемінде 50 азаматтарын шырмауына түсірген. Ұйым ТМД 4 мемлекетінде жұмыс істеді. Террористік құрылымның жеке мүшелерін шетелдегі «Аль-Каиданың» лагерьлеріне арнайы дайындыққа жіберіп отырды. Олардың арасында нақты маманданған адамдар болды (жарушылар, жасақтаушылар, жалған құжат жасаудың мамандары және т.б.)

Кереағар діни ағымның жаңа өкіліне құрмет көрсету адамға оның жаңа ортадағы айрықшалығы мен маңыздылығы туралы түсінік береді. Яғни, ол өзін ерекше адам ретінде сезіне бастайды. Қоғамның жаңа мүшесі жұмсақ, өте шебер ортақ ұжымдық идеяға сіңісіп, деструктивті діни ағымдардың догмалары мен канондарын айтады. Яғни, барлығы адамның тура жолда екеніне сену үшін жасалады. Бұл секілді діни ұйымдар сырт көзге діннің шеңберінде секілді етіп көрсетеді, барлық әдет-ғұрып, діни іс-әрекеттер көз бояушылықпен сырт көз үшін жасалынады. Рухани көшбасшы лидерлері жақтаушыларының алдында әсерлі сөздер сөйлеп, саналарына әсер етеді. Бірақ оның сөздері адамға рухани және өнегелік құндылықтарға бағытталмаған.

Жат пиғылды  ағымдар адам санасын бақылауды төрт деңгейде жүзеге асырады. Олар: мінез-құлық, ақпарат алу, ойлау кеңістік және сезімдік жүйе. Мінез-құлықты бақылау үшін алдымен оның отбасында қалыптасқан алғаш мінез-құлқын, қайда және кіммен тұратыны, қандай киім үлгісін киетіні, қай түсті ұнататыны, қандай тағамды пайдаланатыны, материалдық жағдайын, араласатын ортасын анықтап алады. Анықталған іс-әрекеттеріне, қалауларына бақылау орнатып, шектеулер қоя бастайды. Мәселен, белгілі бір әрекетіне тосқауыл қою үшін өздерінің ұстаз-ғұламаларының тыйым салған сөздерін, үкімдерін келтіреді. Азаматтың көп уақытын құлшылыққа арнауына әрекет жасайды. Құлшылық жеке және көпшілік түрде орындалады. Азаматты кез келген әрекетінде рұқсат сұрайтын деңгейге жеткізеді. Қалыптасқан сенімге қарсы келмес үшін оған кейде марапаттаулар беріледі, шектен шықпауы үшін жазалап та отырады. Секталар мен ағымдар тарапынан жоғарыда келтірілген тыйымдары мен үкімдерінің  нәтижесі азаматтарды тәуелділікте ұстауға әкеп соғады.

Қорытындылай келе, керағар діни ағым мүшелері өз мақсат-мүддесін көздеп, дінді өзіне ыңғайлы етіп, өз пайдасына орай, тіпті саясатқа да қолданып жүргендер аз емес. Оның көрінісі елімізге де жеткенін көз көріп жүр. Ұлттық дәстүрімізге, қауіпсіздігімізге нұқсан келтіріп, қаншама шаңырақты ойран етіп, талай тағдырдың бұзылып, бірлігіміздің ажыруына бірден-бір себепші болып жатқандығы жасырын емес. Мемлекетіміз сол кереғар ағымның алдын алып, оңалту жұмыстарымен айналысып, азамат пен азаматшаларымыздың кереғар ағымның жетегіне кетуіне жол бермейді. Осындай бір атын естісе адам шошитын жалған ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, ұрпағымызды ұлтжанды, елін сүйетін, дәстүрімізді ұлықтайтын азамат, азаматша ретінде тәрбиелесек алар асуымыз, бағындырар белестеріміз көп болмақ.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

теолог маманы                                                                              А.Құрманбек

0 пікір