Ислам атын жамылған діни ағымдар
Ислам атын жамылған діни ағымдар
20.05.2020
93
0

       Ойлап қарасақ, барша  діннің  бастауы  бір. Негізгі ұстанымдары да ортақ. Дін барша адам баласын ізгілікке, татулыққа, мейірімділікке шақырады. Тек діни ғұрыптар мен рәсімдер бойынша ерекшеліктер кездеседі. Мұның  өзі  заңды  да. Мақсат біреу болғанымен, оған жетудің  жолдары сан тарау. Осы сан тарау жолдағы  жандардың өзара мәмілеге келмеуі қақтығыстарға соқтырып жатады.

         Ғылым мен технология қазір дамудың шырқау  шегіне шыққанына  және  адамзат баласы бірін-бірін оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы  жылдары  діни экстремизм мен терроризм  тақырыптары  бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Сондықтан қазіргі таңда «діни экстремизм» бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Грек жұрнағымен аяқталатын «экстремизм» деген латын сөзі - «шектеу», яғни орталықтан ауытқу (берілген жерден тыс керу) деген мағына береді.  Жалпы, тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді  білдіреді.

       Өкінішпен мойындайтын жәйт – бүгінде Қазақстанда дін әу бастағы міндеті  –  біріктіруші  фактор болудың орнына керісінше жік-жікке бөлінуге, тіпті, араздыққа жол берді. Әрине, Исламның бұған еш қатысы жоқ. Мәселе асыл дінімізді өздігінше бұрмалап уағыздайтын жекелеген топтар мен тұлғаларға, олардың көздеген түпкі мақсаттарына қатысты.

       Қазіргі таңда  бір  өкініштісі, еліміздегі Ислам атын жамылған деструктивті діни ағымдардың бойында дәл осы сипаттар табылады. (Уахабистер, такфиршілер, харижиттер, хауариждар, таблиғшылар, құраниттер, т.б). Нәтижесінде бүкіл құндылықтарды  жоққа шығарады. Осы діни ағымдардың ішіндегі Уахабизм бағыты - ол бойынша ер адам міндетті түрде сақал қоюы тиіс және намаз оқымаған адам мұсылман емес. Сондай-ақ әулиелердің басына, қабірлерге зиярат етіп баруға болмайды. Пайғамбардың туған күні – Мәулітті тойлауға қарсы. Қожа Ахмет Йассауи сияқты зәулім кесенелерге құрмет көрсетілуді күпіршілік деп санайды. Мәзхабтарды мойындамайды. Жұма күні жеті шелпек тарату, келіннің бетін ашу сияқты әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүрлерге де қарсы. Өздерінше өмір сүрмеген адамдарға қатал көзқараспен қарайды және қажет болса, күштеп көндіруге тырысады.

       Ислам атын жамылған кері ағымдардың тағы бір тобы – Хизбут-Тахрир. Әлем мұсылмандарын бір Халифатқа, яғни біртұтас мемлекетке біріктіру сияқты бос қиял, жөнсіз арманға толы идеясын тықпалап, онысы дау-дамайға айналып, зиянды қозғалыс ретінде бағаланды. Кітап, газет, брошюра шығарып, мақалалар дайындап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Хизбуттахрир Қазақстанға тәуелсіздік алған соң жайыла бастады. Кезінде Алматы мен Шымкент, Тараз, Түркістан, әсіресе, Кентау қаласында түрлі әрекеттерімен көзге түсті Еліміздің киелі орындары Түркістандағы Қ.А.Йасауи, Отырардағы Арыстанбаб, Маңғыстаудағы Бекет ата, Алматыдағы Райымбек, Әлмерек абыз т.б. кесенелерді бұзу керек дейді. Өз жұмысын саяси және идеологиялық бағытта жүргізеді делінгенмен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрiкменстанда экстремистік іс-шаралар нәтижесінде көптеген адамдардың өліміне себепші болды. Олардың арттарында кейіннен уахабшылар тұрғандығы анықталды. Бұл діншіл партияның белсенділері, әсіресе, Өзбекстанда қатты қуғындалды. Қазақстанда да бас бостандықтарынан айырылғандары бар.

       Әлемдегі  қақтығыстар  орын  алған  мемлекеттерге – Сирия, Египет, Ауғанстан, Пәкістан, Кавказ  бен Украина  секілді  елдерге  жалған жиһадқа жіберу қиынға соқпайды. Ең ғажабы, шариғат талаптарынан алшақ кеткен, қыңыр қисық ағымдардың өкілдері бізге бұзық пікірін итермелеп қана қоймайды, соның бәрін діннің атын жамылып, дін хақына қол соғып, өздерінің жансақ түсініктерімен келіспеген адамды діннен шықты деп кесім айтады. Діннен шығару, күпірлікке балау өздерінің дүниетанымына сәйкес келмейтін ойшылға жала ретінде жаба салатын оп-оңай іс болып  қалды.

       Мұндай экстремистік, радикалды, деструктивті діни ағымдардың түпкі мақсаты айқын болып отыр. Біріншіден, мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни бұл дегеніміз – елдегі азаматтардың құқықтарын кемсіту. Екіншіден, елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды. Үшіншіден, заңсыз қарулы жасақтар құрады. Төртіншіден, елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады. Бесіншіден, елде белгілі  бір ұлттық  немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға ұмтылады. Жалпы, экстремизмнің қай түрі болса да бүкіл әлемге, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне, елдің тұтастығына, азаматтардың құқығына және бостандығына үлкен  қауіп төндіреді.

        Дін атаулыны, оның қыр-сырын, ғибадат амалдарын әркім өзінше қабылдап атқаруы – бұл оның жеке ықтияры. Алайда өз ұстанымын ғана хақ санап оны басқаға мәжбүрлеп, келіспегенді кәпір деп сөгіп қыспаққа алу, басқаның пікіріне деген асқан төзімсіздік таныту діншілдікке жатпайды.

       Осындай керағар ұғымдағы шолақ белсенділер қазақтың арасында іріткі салды. Арабтарға еліктесе, оларша сақал қойып киінсе, бетті бүркемелесе, қазақтың сөзін арабша баламаға алмастырса, бітті - таза мұсылман боласың деген тұрпайы пікір етек жайды. Есесіне Ислам дегеніміз сырт пішін емес, ең алдымен ыждахат, иманға келу, адалдыққа ұмтылып, сабырлық таныту, мұқтаж жандарға көмек беру, ашу-ызаны ақылға жеңгізу, кешірімшіл болуды меңзейтін ілім екені ескерілмей қалды.

      Жүре-бара салафшылар ұлтымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпын, құндылықтарын жоққа шығарды. Оның арасында ата-бабаның аруағын қастер тұтуды, зират басында құран бағыштауды, келіннің сәлем бергенін Аллаға серік қосқанмен теңеп болдырмауға тырысып-бақты. Онысы адал, көкірегі ояу азаматтардың намысына тиді.

      Жалпы, экстремизм біткеннің бәрі шектен шыққандық дегенді білдіреді. Соның ішінде діни экстремизмге иә радикализмге тоқталсақ, оның артында жамағаттың сенім-нанымын саясиландыруды көздеген арам пиғылдың, сырт күштердің арандатуы жатқанын көреміз. Ал бұған мойын ұсынар болса, арты неге ұласатынын кезінде экстремизмнің жетегінде кетіп, бүгінде быт-шыты шыққан Сирияның, Ливияның, Йеменнің, Египеттің, Алжирдің тағдыры куә. Екінші жағынан назар аударарлығы – шаш ал десе, бас алғыш дінпаздар пір тұтқан Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт бүгінде ғаламдық модернизация үдерісіне қарқынды ену үстінде. Соның бір көрінісі сипатында аталған елдердің жастары бетті бүркемелеу, ұзын сақал қою секілді ескіліктің рәміздерінен алшақтап бастады. Әлбетте, мұнысы діни ұстанымынан қол үзуді білдірмейді, қайта оны уақыт талабына сай жаңғыртуға, керек болса, икемдеуге келіп саяды.

       Мәселенің келесі тұсы қоғамдағы әділдік пен теңдік секілді құндылықтардың құлдырауымен тікелей байланысты. Әдетте экстремизмге бірінші кезекте буыны қатпаған, ақыл-есі толыспаған жастармен қатар, күнделікті өмірде әділдік таппай ашынған, әлеуметтік жағдайының ауыртпалығын көтере алмай күйзелген жандар бейім тұрады.

       Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жекелеген елдерде экстремистік қозғалыстардың таралуына анағұрлым икем жерлер, негізінен алғанда – әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл аудандар мен елді мекендер, мәдениет пен білім ошақтарына кемтар моноқалашықтар, түрмелер, тағы басқалар.

        Демек мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың өмірлік қажеттіліктерін өтеу, жұмыспен, тұрғын үймен, әлеуметтік баспалдақтармен қамту, әркімнің заң алдындағы теңдігін баянды ету, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектемеу, имандылыққа бет бұру сияқты шаралар қажет.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы теолог маманы    А. Жәлел

0 пікір