Діни бірлестіктердің құқықтық жағдайы
Діни бірлестіктердің құқықтық жағдайы
22.04.2022
216
0

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.

«Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің және діни ұйымдардың мемлекеттің саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуын білдіреді.

Зайырлылық бағытын ұстанатын елдерде арнайы ресми түрде тіркелген діни бірлестіктердің жұмыс жасауына ешқандай кедергі келтірілмейді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы 15 қаңтарда дін саласындағы негізгі құжат болып табылатын «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданған болатын. Алайда елдегі кейбір діни бірлестіктер қызметінің бағыты біршама өзгергендігі, дін саладағы туындаған мәселелер және еліміздегі дін мәселесінің күрделенуіне байланысты бұл саланы мемлекет тарапынан реттеу қажеттілігі туындады. Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданып,  осы заңның негізінде діни бірлестіктерді қайта тіркеу 2012 жылдың 25 қазанына дейін жүргізілді.

Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.

Діни бірлестіктер – діни сенімді уағыздау, тарату мақсатында құрылған, осы мақсатқа лайықты белгілері: дін тұту, құдайға құлшылық ету, басқа діни салттар мен ырым-жоралғылары бар, сондай-ақ дінге үйрету және өз ізбасарларына діни тәрбие беруге ұмтылатын азаматтардың ерікті бірлестігі. Олар діни топтар (заңды тұлға емес) және діни ұйымдар (заңды тұлға ретінде тіркеуден өткен) ретінде құрыла алады.

Діни ұйымдар діни топтар мен діни бірлестіктер түрінде құрылуы мүмкін. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және жергілікті мемлекеттік органдарда, әскери бөлімдерде, мемлекеттік және муниципалдық ұйымдарда діни бірлестіктер құруға тыйым салынады. Сонымен қатар, діни партия құруға қатаң түрде тыйым салынады.

Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлікпен айналысуға құқылы.

Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді.

Діни ұйымдар меншік иесі бола алады. Олар ғимараттарға, жер учаскелеріне, өндірістік, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени-ағартушылық мақсаттарға, діни заттарға ие бола алады. Діни ұйымның меншігі өз қаражаты есебінен сатып алу немесе құру, азаматтардың, ұйымдардың қайырымдылықтары немесе мүлікті мемлекеттен беру арқылы құрылады. Діни ұйымдарға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға және өз кәсіпорындарын құруға рұқсат етіледі. Оның үстіне мұндай кәсіпорындар азаматтық және еңбек заңнамасының нормаларына бағынады.

Діни ұйымдар сонымен қатар діни мақсаттағы әдебиеттерді және басқа материалдар мен заттарды арнайы дінтанулық сараптамасынан кейін өндіруге, сатып алуға, таратуға құқылы. Сонымен қатар, діни ұйымдар діни қызметкерлер мен діни кадрларды даярлау үшін кәсіби діни білім беру мекемелерін құру құқығына ие.

Елімізде діни бірлестіктерді тіркеу үшін қажетті шарттарға тоқталсақ: діни бірлестіктің жарғысы; құрылтай жиналысының хаттамасы; бастамашы азаматтарының тізімі; орналасқан жерiн растайтын құжат; діни ілімнің пайда болу тарихы мен діни баспа материалдары; мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек. Қазақстан Республикасының заңында қарастырғандай діни бірлестіктер: жергілікті, өңірлік, республикалық болып құрылуы мүмкін.

Адамның ең басты құндылықтарының бірі саналатын дін оның наным-сенімі арқылы қоғам өміріндегі рухани саланы жүзеге асыратын механизмнің бір бөлшегі болғандықтан діни бірлестіктердің қызметінің жүйеленуі мемлекет үшін өте тиімді. ҚР Конституциясында көрсетілгендей Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады және мемлекетте қандай да бір діни наным сенімге ресми басымдылық берілмейді. Дегенмен, елімізде сан тұрғысынан басымдылық танытқан ислам діні мен православие дінінің айтулы мейрамдары ресми мейрам болып тіркелген.

Елімізде тіркелген барлық діни бірлестіктердің негізгі мақсаты – діни  сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі.

Қорытындылай келе, мемлекетіміз қоғамға қаупі жоқ, ел арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін, қандай да бір зорлық-зомбылықты үндейтін діни ұйымдарға қарсы. Керісінше, ел бірлігінің нығаюына, халықтар арасындағы достықты өркендеуді мақсат тұтатын діни бірлестіктерге, заң аясында жұмыс жасаса қарсылық білдірмейді. Еліміздің тарихи дамуында ерекше орны бар діни бірлестіктерге мүмкіндігінше қолдау көрсетеді.  

 

 Түркістан облысы дін істері

басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог маманы                                             Б.Өтеген

0 пікір