Дін туралы заң зайырлылықтың айнасы
Дін туралы заң зайырлылықтың айнасы
03.05.2022
186
0

Мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Құқықтық мемлекет құрудың маңыздылығы еліміздің барлық азаматтарының діни сеніміне қарамастан заң алдындағы теңдігінен көрінеді. Оған азаматтарымыздың өз діни нанымдары себебінен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығының жоқтығы дәлел. Зайырлы мемлекетте азаматтық құқық пен заң алдындағы теңдік маңызға ие. Өйткені, бүгінгі таңда елімізде теріс пиғылды діни топтардың теократиялық немесе клерикалды мемлекет құруға деген талпынысы зайырлылықпен тығыз байланыстағы құқықтық мәселелеріне, нұқсан келтіруі мүмкін.

2011 жылдың 11 қазанында қабыл­­данған  ҚР «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңы тәуелсіздік алған жылдардан бері тұңғыш рет  Қазақстан үшін дәстүрлі болып саналатын діндердің басымдылығы көрсетілді. Аталған құжатқа сәйкес, мемлекет халықтың рухани өмірі мен мәдениетінің дамуында исламның ханафилік бағыты мен  христианның православие бағытындағы дінінің тарихи рөлін,  сондай-ақ Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін, барша өзге діндерді құрметтейтін заң қабылданды.

Сондай-ақ, діни бірлестіктер мен Қазақстан азаматтары дінге деген көзқарасына қарамастан, заң алдында бірдей екенін атап өту қажет.  Аталған заңды әзірлеу қазақстандық қоғамда конфессияаралық және этносаралық келісімді дамыту жолында уақытылы және әрекетті қадам болғандығы күмәнсіз. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, діни бірлестіктермен қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың басым сипаттағы бағыттарының бірі – аталған ел үшін дәстүрлі болып саналатын діни ұйымдардың мәртебесін заңды бекіту болып табылады. Бұған қоса, мемлекет халықты мәдени тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлерді дамыту, өнегелі құқықтық мәдениетті жоғарылату салаларында дәстүрлі діни ұйымдарға сүйенеді.

Міне, осылай  ҚР Конституциясының 1-бабын назарға алып, мына заңға сүйене келе: «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,- заң жобасын зайырлықтың айнасы етіп бекітті.

Зайырлы мемлекеттің заңдарына сай адамның діни сенім бостандығы қорғалатындықтан, көп конфессионалды және көп этносты еліміздің жағдайында қандай да бір діни сенімнің көзқарастарын таңуға тыйым салатын «дін мемлекеттен  бөлек» деген ұстаным бар. Бұл діннің қоғам өміріндегі орнын жоққа шығару үшін емес, діннің мемлекет саясатына қол сұқпай, бейтараптық сақтайтындығын білдіреді және діннің саясилануы арқылы белгілі бір мүдделі топтардың идеологиялық құралына айналуынан сақтанудағы басты қағида болып саналады.

Зайырлы құқық – діни шарттарға негізделмеген құқық, ал зайырлы мемлекет – діни сенім ақидаларына сүйенбеген мемлекет деп білеміз. 

Алайда зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуымен шектелмейді, оның негізгі мақсаты жеке тұлғаны сырттан таңылған діндердің және идеологиялардың қысымынан қорғауды көздейді. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанға кейінгі уақытта белсенділігімен көзге түскен, әртүрлі терорлық әрекетке барушылар өз әрекетін діни тұрғыда негіздеуге қолданған «салафилік» ағымның идеологиялық құрсауына өз азаматтарын бақылаусыз беріп қоюы мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Басқа да көптеген діни ағымдарға діни идеологиялық кеңістікті беріп, бақылаусыз қалдыру мемлекет қауіпсіздігіне зор қауіп төндіреді.

Дін мен мемлекет арасындағы зайырлылық ұстанымының аясы мен қызметтері, тарихи, болмыстық қатынасы, қолдану тетіктері ғылыми теориялық, практикалық жағынан көрініс табуы үшін Қазақстанның ешкімді қайталамайтын өзіндік зайырлылық концепциясы, діни білім беру жүйесі жаңғыртылып қайта қалыптастырылуы табиғи шарт.

Ислам діні аясында да зайырлылыққа тән құндылықтар көрініс тапқаны мәлім. Оның ең маңыздысы – діни сенім бостандығы қағидасы. Ислам ілімін ең кемел, ең ақиқат сенім деп білу, өзге дінді ұстанушыларға шек қоймайды, зәбір көрсетпейді, қамқорлықсыз қалдырмайды. «Дінде зорлық жоқ» деген қағида  Құран аяттарынан бастау алып, Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне негізделіп, өзге дін өкілдеріне деген құрметке, исламның рухани-адамгершілік ұстанымдарына негіз болған.

Дінаралық қатынас қағидаттарын, діни сенім мен ар-ождан бостандығын бекіткен алғашқы құжаттар «Мәдина келісімінде» көрініс тауып, өзге дін өкілдеріне қамқорлық жасаудан, мал-мүлкіне қол сұқпаудан, мұсылман мемлекетіндегі қоғам мүшелері болып табылатын өзге дін өкілдерімен бейбіт, тең көршілік қатынаста болу үлгісінен көрінді.  Қ. А. Ясауидің: «Сүннет екен, кәпір де болса,  берме азар» деген ұстанымы қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың діннің өзегін Хаққа махаббаттан, мейірімнен іздеуі   бүгінде өзектілігін жоймаған ақиқат. Бұл дәстүрді жаңғырту егемен еліміздің баяндылығы үшін жасалуы тиіс: саясиланған діннен сақтану үшін, дінді саясаттың құралына айналдырудан аулақ болу үшін қажет. Бірақ, діннің негізгі мәніне де, маңызына да баса назар аудара отырып, оны қоғамдағы жаңа заман талаптарына сай орынды пайдалана білуге ұмтылыс және оның дәстүрі қазақ қоғамында бұрыннан бар.

 Б.Өтеген

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы»  КММ маманы                                                      

0 пікір