Түркі мәдениетінің қол жеткізген жетістігінің бірі Наурыз мейрамы десек қателеспеспіз. Қыс тоқсаннан ел жанын шүберекке түйіп, мал-жанды аман сақтап аузы көкке ілінгені ежелгі көшпелі түркілер үшін нағыз мейрам іспеттес. Негізгі күн-көрісі көшпелі мал шаруашылығы болған халық үшін бұл заңды құбылыс. Ғылыми ортада наурыз мейрамының пайда болған кезеңі туралы нақты пікір жоқ. Дегенмен отандық тарихшы ғалымдардың есептеуі бойынша осыдан 13 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Себебі ғұлама әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының айтуы бойынша Нұһ пайғамбардың кезінен бастап тойлана бастады дейді. Ал үш дінге де ортақ тақырып топан судың болған кезеңі 13 мың жыл бұрын болған деген ғылыми пікірлер бар. Кейбір отандық этнографтар тастағы суреттерге қарап көне замандарда наурыз кезінде бұқаны құрбандыққа шалатын болған дейді. Яғни Наурыз мейрамы көне заманнан бері қарай үздіксіз тойланып келе жатқан мейрам. Дегенмен тарихтың қалтарыс сәттерінде Наурызды діни фундаментализмнің әсерінен тойлатпаса енді бірде халқымызды жадынан айыру мақсатында тойлауға тыйым салған кездер болған.
«Табиғаттың төл мерекесі саналатын Наурызды тойлауға бірінші арабтар, одан кейін Кеңес үкіметі тыйым салған болатын. Оны тек 1988-89 жылдардан бастап қайта мерекелей бастадық. Наурыз ата-бабаларымыздан келе жатқан біздің бірегей ұлттық мерекеміз десек болады. Мысалы христиандардың жаңа жылы Иса пайғамбардың туған күніне арналып жатады. Оны бүкіл христиан елдері мерекелейді. Кеңестік дәуірде біз де оны атап өттік. Негізінде нағыз мереке – Наурыз. Өкінішке орай ол әлі қайта қалыптасып болған жоқ. Біз өзі көптеген ата-баба салты мен дәстүрінен айрылып, қазір соны қайта жаңғыртып жатқан халықпыз. Ол орнына келген кезде ғана біз нағыз қазақпыз деп мақтануымызға болады»,– дейді филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов.
Наурыз мейрамын қазақ халқынан басқа күншығыс елдерінің көбі тойлайды. Сондай-ақ Үндістан, Иран, Ауған, Қырғыз, Өзбек, Кавказ елдерінің барлығында да тойланады екен. Бірақ тілдік және мәдени ерекшеліктерге байланысты түрлі атаумен аталады. Наурыз мейрамының қадір-қасиеті туралы Алаш зиялысы М.Дулатов 1923 жылы шыққан Еңбекші қазақ газетінде былай дейді: «Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы деген секілді. Өзгелерді былай қойғанда, өзіміздің көршіміз орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген. Біздің қазақ айранға бай болғанымен, мейрамға жарлы екендігі осыдан да көрінеді. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз» деген екен. Тарих толқынында 1926 жылы Наурыз мейрамын тойлауға Кеңес үкіметі тарапынан үзілді кесілді тыйым салынды. Бұл туралы А.Байтұрсынов: «Бұрыңғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді...» деп күйзеледі. Арада алпыс екі жыл дегенде 1988 жылы Қазақ КСР-ның бірінші хатшысы ретінде тағайындалған Г.В.Колбин 1986 жылғы қасіретті жамап-жасқау үшін ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамын тойлауға шартты түрде рұқсат беріп, қазақ жанашырларының табандылығынан әрі аса алмады. Осылайша халқымызға ұлыстың ұлы күні наурыз қайта оралған болатын.
Кейде ел арасында наурызды тойлауға болмайды. Бұл парсылардан келген, олардан алдын отқа табынушылар тойлаған. Сондықтан да отқа табынушылардың мейрамын тойлауға болмайды деп Алла Елшісінің бірді-екілі хадисін жаттап діндегі адасушылық деп айтатындар болып жатады. Еуразия халықтарының көбінде «наурыз» сөзі кездеседі екен. Үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нео» яғни жаңа деген мағынаны білдіреді. Ал парсы тілінде «новруз» жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Алайда парсыдан алыс қалың қарағайлы орман ішіндегі чуваш халқының тілінде де «ноурас-ойахе» яғни наурыз деген сөз бар. Осыған қарап наурызды тек парсылар ғана емес көне түркі халықтары да тойлаған деген тұжырымға келуге болады. Кезінде наурыз мейрамын тойлауға болмайды деген көзқарасты ұстанған Ханафи мазхабы ғалымдары да болған. Бірақ саны шектеулі. Өйткені сол ғалым тұратын өңірде наурыз кезінде отқа табынушылық элементтері (отты айнала жүгіру, оттан секіру, отқа сыйыну) болғандығы себепті осындай пәтуа берген болуы мүмкін. Ал Алла Елшісінің (с.а.с.) бір хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты» деген сөзін ескерер болсақ наурыз мейрамының да шариғаттың жолынан алыс еместігін байқауға болады.
Ұ.Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабында Алтайдың арғы бетін қоныс еткен қазақтардың өмірінен наурыз мейрамы туралы: «Ол күні ауырып отырғандар болмаса барлық адам ашық-жарқын болады. Әдетте, қабақтары құрмадай құрысып отыратын шалдардың өзі шұнаңдап балаларға тіл қатады... Ақсақалдар жылдың жайын, тәубе шүкірін айтады. Алладан елдің тыныштығын сұрап алақан жаяды....Ақсақалдар өнегелі әңгіме айтады. Жыр айтады..» деген мәліметтерді оқи отырып елдің амандығын Жаратқаннан сұраудың тағы бір жолы осы Наурыз мейрамы екен-ау деген ойға қаласың. Өйткені қазақта «қырықтың бірі Қыдыр» деген сөз қалған.
Қалай болғанда да Ұлыстың Ұлы күні атанған Наурыз мейрамы Еуразия даласын еркін жайлаған ежелгі түркі халықтарының мейрамы екендігі айқын. Ал сол түркінің қара шаңырағы әрине қазақ жері екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Өзіміздің ұлттық нақышымыз наурыз мейрамын ұрпақтан-ұрпаққа жетуі барлығымыз үшін міндетті бір амал. Наурыз мейрамын тойлау біздің рухани өмірімізге мән дарытып тұрған қасиетті мейрам болып қала бермек.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Ұлы мейрам әз-Наурыз
Көп оқылғандар