Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады
Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады
15.05.2024
785
0

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті – отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі – балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі.

Отбасы, адалдық және махаббат – әр адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтар. Адамның өмір жолы отбасынан басталады: туылу, тәрбиелеу, құндылық бағдарлары мен көзқарастарын қалыптастыру, дәстүрге баулу, рухани-адамгершілік даму. Сол себепті отан ең бірінші отбасынан басталады. Оны ата-бабаларымыз жете түсіндіріп, үнемі естен шығармаған.

Әр халықтың отбасы тәрбиесінің өзіндік мәдени құндылықтары бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы қалыптасады. Қазақтың отбасы тәрбиесінің ерекшелігі оның халықтық педагогикалық мұрасының мазмұны мен түрлерінен көрінеді. Қазақ отбасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – бала тәрбиесіне қатысты «ұл мен қыз тәрбиесі» деп қарау. Қазақ болмысында отбасы  иелері ең алдымен ұл-қыздарының алдында білімді, өнегелі, әдепті, үлгілі болуға тырысқан. Мұның басты себебі – «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде».

Ата-бабаларымыздың «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалының да үлкен мәні бар. Баланың алғашқы идеалы – ата-ана. Жарық дүниеге келіп, көзін ашқаннан көрген, аялы алақанына салып, ақ сүтін берген әке мен ана – баланың басты үлгісі. Өзінің өмірлік тұлғасының моделін де сол шаңырақтың тірегі мен отбасының ұйытқысына қарап қалыптастырады.

Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөлу ата-анаға міндет.

Әрбір халықтың тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениеттің маңызды белгісі. Ұлттық тәрбиенің эмоционалдық әсері зор. Сондықтан да халықта «Баланы атаның баласы етіп емес, адамның баласы етіп тәрбиеле» деген сөз бар. Бұл қазаққа тән ізгі қасиеттер мен ұлттық болмыстың қалыптасып, халқымыздың дүниетанымының тәжірибесін жалғастыру деген сөз.

Отбасы тәрбиесінің артықшылығы дәл осы қарым-қатынастарда жатыр, оларды тәрбиенің ешбір түрі алмастыра алмайды.

Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өз заңы, тәртібі бар. Сол заңдылықтар ұлттық құндылықтарға сай құрылса құба-құп. Жалпы, отбасы институты – үнемі зерттеуді қажет ететін, бір жаңалығы екіншісімен тығыз байланыс­ты өрбитін сала. «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген ұғымның мәніне үңілер болсақ, атаның, әкенің отбасындағы рөлі өз-өзінен айқындалып шыға келеді. «Бәйтерек» сөзі «зәулім ағаш» деген мағынаны білдіреді. Оның атаға, яғни ер кісіге қатысты теңеу ретінде айтылуы әкенің отбасындағы рөлін айқындап, ер азаматтың «үлкен адам», басты тірек екендігін дәлелдей түседі. Ал әке ба­уырында жайқалып өскен жапырақтың болашақта үлкен діңгекке, діңі берік ағашқа айналуы атасынан алған тәрбиеге, сусындаған нәріне байланыс­ты.

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарауымен 1993 жылы 15 мамырда атап өтілетін Халықаралық Отбасы күні жарияланды. Мерекенің негізгі миссиясы – қоғамның назарын отбасы проблемаларына, отбасы құндылықтарын тәрбиелеу және нығайту мәселелеріне аудару.

Отбасы – адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғырта түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық! 

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 

КММ-нің  теолог  маманы                                                         Г.Бекжан

 

0 пікір