Алаштың муфтиі – Ғұмар Қараш
Алаштың муфтиі – Ғұмар Қараш
11.04.2024
877
0

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының рухани өмірінің бел ортасында қазақы болмыс пен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері тұрды. Ұлт зиялылардың ішінде қазақ халқының ұлттық-әлеуметтік қауымдастық ретіндегі түсінігі жетіліп, қалыптаса бастады. Бұл кезеңде ағартушылық, либерализм, діни-реформаторлық және жәдидшілдік негізінде ислам дінінің қазақ қоғамының өміріндегі рөлін, оның одан әрі тағдырын әр түрлі бағалайтын саяси-идеологиялық ағымдар таралды.

Ал ХХ ғасырдың басында белең алған ұлттық жаңғыру жолындағы мәдени ағартушылық қызметімен тарихта өзіндік із қалдырған тұлғаның бірі, әрі ханафи мазхабы бойынша терең білім алып, кейіннен діни-реформаторлық бағытқа бет бұрған, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген Ғұмар Қараштың орны ерекше. Оның «Алаш зиялыларының имамы» атанғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол XX ғасырдың басында оқу-ағарту ісіне тікелей араласып, педагогикалық ой-пікірді дамытуға өз қолтаңбасын қалдырған ірі қоғам қайраткерлерінің бірі. Ресей мұсылмандарының ресми құрылымында қызмет жасаған Ғұмар Қараш ахун лауазымына дейін көтерілген.

Қоғамның рухани жұтаңдауының себебін Ғұмар Қараш иманның әлсіздігі деп білген. Оның өз еңбектерінде қадап жазған мына сөздері: «Ислам дінін әлсіретуге ең басты себеп Құранды дұрыс түсіндіре алмаған шала, дүмшелер еді, өйткені ислам қауымына дұрыс түсінік берілмегендіктен, теріс түсінік қалыптасты» деуі осының дәлелі болып табылады.

Ғұмар Қараш Абай және Махамбеттің мұраларымен, әсіресе «Зар-заман» ақындары Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері сияқты ақындар мұраларымен жақыннан танысып, меңгерген. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы көптеген қазақ ақындарының, ағартушыларының шығармашылығындағы тұрақты идеялық тенденцияны ұғынып, қазақ мектептеріндегі, медреселеріндегі теологиялық және зайырлы білім беруді дәйекті түрде біріктіруге шақырады, бұл мәдени реформалық қозғалыс түптеп келгенде, Ғұмар Қараштың жариялаған мәселені шешудің жәдидтік үлгісінде барынша айқын және тұжырымдамалық түрде қалыптасты. Ғұмар Қараш діни қызмет атқара жүріп, халықты ағарту, жаңалыққа шақыру үшін үгіт-уағызды қоса жүргізген.

Ғұмар Қараш қазақ халқының саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Бүкіл күш жігерін осы мақсатқа жұмсаған ол «Қазіргі басты мақсат-міндет қазақ балаларын бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту, соған оқулық,         жабдық жасау қажет. Өнер-білім ана тілінде болу керек. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді»,-деген. Ол қазақ балаларының алдымен, ана тілінде білім алып, ана тілінің ықпалымен азамат болып қалыптасуы қажеттілігін көрсеткен, ғылыми-педагогикалық, психологиялық тұрғыдан дұрыс деп тапқан.

Орынборда 1910 жылы шыққан «Қарлығаш» жинағындағы өлең толғауларында: «Қаруы бұл заманның – өнер мен ғылым, еш құрал екеуіне қарсы келмес... Өнерлі, ғылымдыны ешкім жеңбес»,-деп өсиет айтқан. Осыған байланысты Ғұмар Қараш ағартушылықтың маңызын былай айқындайды: «Кейбір адамдар Ресейде мешіт, медресе салуға, мешіт ашуға    қаржы жұмсайды. Ал оны бітіргенде ғалым не маман шықпайды, көп болса молда болады. Құр тас үйді сала бергеннен гөрі оның ішіндегі адамдарға  жақсы тәрбие берген, орта, жоғары білім берген тиімді. Зиялылар неғұрлым көбейе түссе, халықтың көзі ашылып, пайдалы мектептер салынып, газет-журналдар шығарылып, оларды арзан бағамен сатса, елге пайдалы іс болар еді»,-деп халықты білім мен ғылымға шақырған.

Ғұмар Қараш география, құқық, тарих, медицина, химия, инженерия, ауыл шаруашылығы, сауда қисаптары ғылымдарын медресе, оқу орындарында оқытудың маңызы зор екенін насихаттаған. Осы ойларын Ғұмар Қараш «Қазақ» газетіне берген мақалаларында жалғасын тауып, негізгі идеялары халықты өнерге, білімге шақырумен насихатталып отырды. 1911 жылы Уфа қаласында жарық көрген 20 тараудан тұратын «Тумыш» атты өлеңдер жинағының басты тақырыбы да жастарды білімге шақыру болып табылады.

Құран Кәрім, Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін өте жетік меңгерген Ғұмар Қараш ғылымсыз қандай да болмасын мемлекеттің өркениетке жетуі күмәнді екеніне көз жеткізеді. Ислам дінінің жоғары ғылыми дәрежесі ахун атағын иеленген Ғұмар Қараш дінді ғылыммен байланыстыруға ұмтылып: «Ғылымда адамның мінезі, түсінігі туралы айтылады. Бұл мәселелер діни тұрғыда қаралса да, бір-біріне қайшы келмейді»,-деп ислам діні мен ғылым біріксе, оның ықпалы күшейіп ұлттық қоғамның дамуы үшін үлкен күшке айналады деп есептеген.

1917 жылы 2-8 сәуірде Торғай облысында қазақтардың облыстық құрылтайында Орал облысынан Ғұмар Қараш қатысты. Құрылтайда жалпы қазақ сьезін құру туралы шешім шығарылып, 1917 жылы 17 шілдеде Орынбор қаласында жалпықазақтық І съезд өз жұмысын бастады. Онда өткен съездің негізгі міндеті Алаш партиясын құру еді. Одан басқа да қазақ облыстарының автономиясы, жер, дін, әйел теңдігі және т.б. мәселелер қаралды. Осы жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда жалпықазақтық ІІ съезд өтті. Бұл тарихи мәні зор құрылтайда Алаш Орда үкіметі бой көтерді. Үкіметті жан-жақты қолдаған Ғұмар Қараш бұдан кейін саяси-мәдени күреске араласып кетті. Ол Батыс Алашорда үкіметінің рухани жетекшісі деңгейіне дейін көтерілді.

1913-1918 жылдары Алаш зиялыларының шығарып тұрған «Қазақ» газеті қызметімен тығыз байланыста болып, пікірін білдіріп тұрды. Аталмыш газеттің алғашқы сандары жарияланған уақытта «Сүйінші» атты өлең шығарып жариялады. Онда жаңа жарияланған «Қазақ» газетін жаңа туылған ұл балаға теңеп, бұдан былай оны аяққа тұрғызу үшін күресін жалғастырды. Алаш партиясының үніне айналған «Сарыарқа» газетінде 1918 жылы №18 санында ұлттық қайраткерлерін қолдап «Ұран», «Алаш азаматтарына», «Алашқа» атты өлеңдерін басып шығарды. «Алашқа» атты өлеңінде:

«Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!

Қарманып ілгері аяқ басар күнің!

Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден сөз

Адымдап асқар белден алар күнің...»,-дей келе «Алаш Орда» үкіметіне үлкен үмітпен қарады.

Сол кездері қазақ қайткенде осы «Алаш» сөзінің аясында тәуелсіздіктің туын көтеру керек. Әйтпесе, әлемдегі алпауыт елдердің идеологиясына жұтылып кету қаупі мол. Алаш зиялылары әсіресе терістіктегі Ресейдің ықпалынан босап, өз алдына мемлекеттік құрылым негіздерін жасап, Батыс Еуропадағы бостандықтың үлгісінде жаңа мемлекет құрылуы керек деген оймен:

«Алаш атты орда құрып шалқығанын,

Бақ-дәулеті туып-өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ иісі аңқығанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?»,-дейді Ғұмар Қараш азаттық жолындағы арманын ақ қағазға түсіріп.

Ғұмар Қараш газет-журналдар шығарып, саяси көзқарасын білдіретін мақалалар жариялау арқылы қоғамдық өмірге белсене араласты. Себебі Ғұмар қазақ халқына өз біліктілігімен қоғамдық саяси пікірлерін жеткізудің бірден бір жолы газет-журналдарға өз мақалаларын жариялау деп білді. Шығармаларында қазақ ұлтының тілін, дінін сақтау, әйел теңдігі, отырықшылық, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, өркениетті деңгейге көтеру идеялары айтылады. 1919 жылы ол Орда қаласында «Мұғалім» деп аталатын журналдың шығуына белсене араласып, әдеби редакторы қызметін атқарды. Осылайша, түркі-мұсылман халықтарының арасында жаңа оқыту әдісін насихаттауды тек татар басылымдары ғана емес, сонымен қатар қазақ баспасөзін де жүргізді.

Қорытындылай келе, бұл есім туралы көз көрген замандастары Сәкен Сейфуллин де, Сәбит Мұқанов та өз еңбектерінде жан-жақты жазған. Сәкен өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романында Ғұмар Қараштың Алашорда ісіне бар ықыласымен атсалысқанын, Әлихан Бөкейхан екеуінің пікірлес, үндес, үзеңгілес дос болғанын келтіреді. Ал Сәбит Ғұмардың «Өрнек» деген кітабына тоқталып, сол кездегі әдеби үдерісте бұл жазбаның діни тұрғыда биіктен көрінгенін тілге тиек етеді. Классик жазушының: «Алашорда партиясының молдасы»,-деп беріп кеткен бағасы да бүгінде құндылығын жойған жоқ. Ақынның Алашорда билігімен бірге тәуелсіздікке талпынысы – өз алдына бір кітапқа арқау. Алайда бір ғасыр бұрынғы Алаш идеясын жүзеге асырған Ғұмар Қараштың есімі елге кеңінен танымал емес.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары «қызыл империяның» қылышынан қан тамған сәтте Ғұмар Қараш құғын-сүргіннің құрбанына айналған ұлт көсемдерінің бірі болып табылады.

 

Айдана Сейдуәлі

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                          

0 пікір