Адам баласын қор қылар үш нәрсе
Адам баласын қор қылар үш нәрсе
30.05.2024
550
0

Хәкім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады»-дейді.

Сөздікке сәйкес надандық дегеніміз – білімнің болмауы, білімсіздік деп келеді. Бұл адам өмірінің барлық саласында – күнделікті өмірден бастап медициналық, әлеуметтік және діни өмірге дейін зиянын, кері әсерін тигізетін қасиет.

Дегенмен надандыққазақта тек «оқымаған», «сауатсыз», «білімсіз» дегеннің ғана синонимі емес. Надандық деп ең алдымен ғасырлар бойы қалыптасқан туған тілін, халықтық ата салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпты, ырым-тыйым, ата-тегін, аталы сөздің нарқы мен парқын айыра білмеуді, өмір салты мен замана үрдісін және т.б. осы сияқты өз халқының бітім-болмысы мен тіршілік-тынысын жетік білмейтіндікті айтады. Сондықтан кейде жат ортада өсіп-өніп, өз ортасын біле бермейтін, білгісі де келмейтін жат мінезді адамдарды да, не керісінше, бір жерде ғана өсіп-өніп, өз ауылынан басқа жұртты, оның өмір-тіршілігін, жалпы этностық қауымды біле бермейтін томаға-тұйық адамдарға тән қасиетті де «надан», «надандық» деп айта береді. Басқа бір өлеңінде Абай:

Ғалымнан надан артпас ұққанменен,

Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.

О-дағы қалыбынан аса алмайды,

Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.

Ислам діні сауат ашу, білім мәселесіне көп көңіл бөледі. Алайда, біздің бүгінгі қозғайын деп отырған мәселеміз білімнің пайдасы туралы емес, керісінше надандықтың зиянына қатысты болмақ. Қасиетті Құранда білім мен надандықтың қарама-қайшылығы туралы былай айтылады:

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» («Зумар» сүресі, 9-шы аят).

Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болса: «Біреу кедей болса, «Құдай кедей қылды», біреу жаман болса, «Құдай жаман қылды», біреу надан болса, «қайтсін, Құдай надан қылды» деу, мұндай сөздер Құдайды жамандаған болады. Не тапса, әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан»,-деп айтады.

Демек, надандықтың емі бар. Ол – дұрыс ниет және білім-ғылым. Білімді болу – әрбір мұсылман адамның міндеті.

Адам жанын аздыратын, адамдық затын тоздыратын кесапатты кеселдің бірі – еріншектік пен жалқаулық. Халқымыз: «Жалқаулық – жаман ауру», – дейді.

Рас, еріншектік – адамға зияннан басқа нәрсе әкелмейтін, абырой әпермейтін жаман қасиет. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» демекші, жалқаулық – жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын дерт.

Залымдық – мінездегі рақымсыздық, мейірімсіздік, жауыздық, арамниеттілік, қарапейілділік, қаскөйлік дейтін ерекшеліктер. Мұндай ерекшеліктердің кез келген түрі адамға қастандық әрекеті арқылы көрініс беріп, адал ниетті қарапайым көпшіліктің жек көруі мен қарғыс айту сезімін оятады.

Құранда: «Қиямет күні (бұл дүниеде) залым болғандарға (адамдарға зәбір көрсеткендерге) жанашыр дос та, сөзі өтетін шапағатшы (ара түсуші) да табылмайды»(Мумин сүресі, 18-аят).

Бұдан бөлек Құранның басқа да көптеген аяттары мен Пайғамбар хадистерінде залымдық пен зұлымдық жасаушылар туралы, оларға қатысты жағдаяттарды келтіріп өтеді.

Бұндай зиянды кесел нәрселерге Абайдың өзі жауап беріп кеткен. «Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын… Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес».

 

 

Б.Өтеген

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог маманы                                            

0 пікір