ЗАҢДЫ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
ЗАҢДЫ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
14.09.2020
2332
0

Қандай да заман болмасын адам баласының өмірін, тұрмыс-салтын, қағидаларын бекітетін арнайы бір заң немесе ережелер жинағы болары анық. Бұл заңдар азаматтардың қарым-қатынасын реттейтін саяси-әлеуметтік құрал. Тарих сахнасында ең алғашқы заңдарға тайпа аралық келісімдерді жатқызуға болады. Олардың ең басты мақсаты – тайпа аралық бірлікті сақтау. Сонымен қатар, әдет-ғұрып кодекстері де кездеседі.

Қазақ хандығы тұсынан бастап заңдарымыз бір ізділікке салынып, ел аузында қалған: «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жобасы дайындалғанын бәріміз білеміз. Тәуке хан тұсында билер кеңесі Қазақ хандығының ең маңызды мемлекеттік құрамына айналды. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қазыбек би, Кіші жүзде – Әйтеке би төрелік етті. Тәуке хан (1680 - 1718) билік құрған кезең қазақ тарихында «қой үстіне бозторғай ұялаған заман» атымен белгілі. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой дала көркі еді. Кедейлер болған емес. Халық оны Әз-Тәуке, яғни даналардың данасы Тәуке деп атаған. Қазақ даласында XX ғасырдың басына дейін басшылыққа алынған Тәуке ханның тұсында жазылған заңдар жинағы – «Жеті жарғы». Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағды-машықтарды қамтыған бұл заң жобасы патшалық орнағанға дейін қызмет етті десек артық болмас.

Осындай даналардан қалған ізді жалғап, 1995 жылы 30 тамызда Ата Заңымыз қабылданды. Конституция – ел тірегі. Елімізде шығып жатқан қандай да болмасын заңдар негізін Ата Заңымыздан алады. Ата Заңда ҚР өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсеткен.

Еліміздің дін саласында да әр түрлі заңдар мен заңнамалар кездеседі. 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңнамасы қазіргі қоғамымызға айтарлықтай қызмет жасауда. Қоғамдағы діннің рөлі, дінаралық келісімді нығайту, миссионерлік әрекеттерді заңдастыру секілді тақырыптарға негізделген.

Әрине, заң болған жерде заң бұзушының да болары анық. Бірі қателесіп қылмыстық іске барып жатса, бірі қасахана барып жатады. Әрбір қылмыстық істің жазасы ауыр екені туралы кімнің болса да хабары бар. Білімсіздік жауапкершіліктен құтқармайтындығын бәріміз білуіміз қажет. 2019 жылдың қорытындысы бойынша әр түрлі баптар бойынша бірнеше адамдар сотталды. Мысалы: 3 террористік актіні жасауға ұмтылыстарының бастапқы кезеңінде жолы кесілді. Террористік акті Алматы және Қарағанды облыстарының радикалдық тұлғаларымен дайындалды. Террористік актіні дайындауға қатысы бар тұлғалар 6 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Бұлардан бөлек терроризм және діни экстремизммен байланысты қылмыстары үшін барлығы 140 адам бас бостандығынан айырылды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар негізінде Қазақстанға кіру және Қазақстаннан шығу арналарында терроризмге қатысы бар халықаралық іздеуде жүрген 12 тұлға ұсталды. Елімізде террористік қызметке қатысы болғаны үшін іздеуде жүрген 31 шетел азаматтар анықталды және белгіленген тәртіпте басқа мемлекеттерге берілді.

          Әрине, бұл сандар көзге үлкен болып көрінбегенімен айтарлықтай потенциалды террористік қауіп-қатер сақталуда. Қоғамдағы жастарымызға осындай жағдайларды дұрыс түсіндіруіміз керек. Қандай да бір қылмыстық істің соңы жаза екендігін жадыларынан шығармауы қажет.

          Бүгінгі таңда ғаламтордың қол жетімді заманында ақпараттарды дұрыс таңдай білу де қиынның қиыны екені рас. Дәл осы тұста жол көрсетіп, жөн сілтеп қайсының тура және бұрыс екенін тайға таңба басқандай етіп анықтап беруіміз уақыт талабы.

          Қылмыстық Кодексте көзделген заңдарды ашықтап түсіндіріп, ескертуіміз қажет. Мысалы: «174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру». Осындай айыптаулар үшін көп мөлшерде ақшалай айыппұл немесе екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

          Мақаламызға арқау болған ҚР Қылмыстық Кодексінің 405-бабы. «Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу». Бұл бапты нақтылай кетсек, қазіргі таңда ұлттық деңгейде Қазақстан аумағында террористік және экстремистік деп танылған 20-дан астам діни ұйымдардың әрекетіне соттың шешіміне сәйкес тыйым салынған. Осы тыйым салынған топтардың қызметіне қатысу немесе ұйымдастыру ірі көлемде айыппұлмен қатар алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ғаламтордың дамыған заманында жастарымыз интернет беттерінен ақпартты оп-оңай алуда. Бұл жерде арнайы сүзгіден өтпеген әр түрлі теріс ақпараттардың бары да анық. Жоғарыда көрсетілген бап бойынша, тыйым салынған діни топтардың туы, олардың әдебиеттері немесе үндеу сөздерімен бөлісу не тарату қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз бола алады.

          Қорытындылай келе, өскелең жас ұрпақтың ғылымның қай саласы болса да, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Соның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруға аса мән беріп, тиісті шаруалар атқарылуы тиіс. Әрине, бұл мәселелер бір немесе екі күннің ішінде бола салатын дүние емес. Үлкен ыждаһаттылықпен қатар, сабырлықты талап ететін берекелі іс екені анық. Осындай күйбең тіршілікте заңды білу – заман талабы екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс!

 

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы    А.Тағай

0 пікір