ҰЛЫ ОЙШЫЛ- МӘШҺҮР ЖҮСІП
ҰЛЫ ОЙШЫЛ- МӘШҺҮР ЖҮСІП
25.02.2020
1677
0

 

   «Атымды «Мәшһүр» деген үш жүз білді.          

Дүниеде мұнан артық не табасың?!»

Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан, этнограф, тарихшы, ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы - қазіргі Павлодар облысы Баянауыл өлкесінде 1858 жылы дүниеге келген. Жастайынан ғылым-білімге ден қойып, жыр-дастандарымен үш жүзге танымал болған дара тұлға. Келешегінен мол үміт күткен, жастайынан жазбай танып жоғары бағалаған - ұрпаққа жанашыр, елге қорған болған Мұса Шорманұлы дарынды балаға «Мәшһүр» атағын берген. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп: «Бес жаста «Бісміллә» айтып жаздым хатты,        

                                                           Бұл дүние жастай маған тиді қатты.     

                                                          Сегізден тоғызға аяқ басқан кезде,      

                                                         Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» атты»-деп, ерекше атап өткен.

Мәшһүр Жүсіп қазақ әдебиеті мен мәдениетінен бөлек діни ұстанымдар жайлы өлең жолдарын шығарып, жас ұрпаққа хақ Исламның қандай боларын ашық-айқын көрсете білді. Дін оқуын бітіріп, Құранды жатқа білген Мәшһүр Жүсіп қарапайым халыққа обал не? сауап не? борыш не?... осындай қадау-қадау сұрақтарына жауап беріп, Құран мен хадистерді елге түсіндіріп отырды. Бүгінгі мақаламызда атақты ғұламаның дін мен қазақ халқының негізгі ұстанымдарының, дәстүрлерінің сабақтастырған тұстары жайлы тоқталып өтпекпіз.

Ең әуелі әрбір адамның ғылымға ден қоюы. Құранның алғашқы түскен Алақ сүресінің 1- аяты: «Сені жаратқан Раббыңның атымен Оқы!»Ибн Мәжәдан жеткен Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадисінде:  «Білім алу- әрбір мұсылманға парыз» - делінген. Мәшһүр Жүсіп «Бес парыз» атты өлеңінде:                                        «Баланы оқуға бер жас басынан,

                                     Алланың құр қалдырмай олжасынан.    

                                     Жұғуы бұл ғылымның: молда, бала, ата-ана,         

                                 Төртеуінің бірдей болған ықыласынан.»- деп, барша халықты білімнің қайнар көзін алуға шақырған. Әрбір жан діни және зайырлы білім «адамзаттың қос қанаты» болатындығын ұғынуға аталмыш шумақ өлең жеткілікті екені белгілі.

Исламдағы бес парыз. Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с): «Ислам бес тіректен құралған: Алладан басқа құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық өтеу, Рамазанда ораза ұстау» -деген. [Бухари, «Иман кітабы»,24-бет, №8 хадис]

Мәшһүр Жүсіп бұл хадисті «Ит дүние» кітабының 38-бетінде «Бес парыз» атты жырларымен төмендегіше қарапайым халыққа жеткізе білген:

«Исламның бес парызы: біреуі-иман, 

Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.   

 Ықтитат, шын ниетпен жұмыс қылып,  

  Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған!  

  Екінші, намаз екен- бізге парыз,              

 Айтпасақ білмегенге бізге қарыз.     

Нәпсіні құрбан қылып бауыздасаң,          

Құдайға жетеді екен сонда ғарыз.            

Үшінші, бізге парыз- Шәһи Рамазан           

Бұ дағы бір қаруың жетсе қазаң.    

Ұмытпай, бір күн қастан қаза болса,   

Алпыс күн кіпарат, бар, осы сазаң.  

Төртінші, бізге парыз- зекет малдан,                   

Бұл пәле тосатұғын әр қамалдан.             

Жүрмейді зекетіңе қабыл болып,      

 Ақсақ, соқыр, тып-типыл құйрық-жалдан.      

 Біреуі бес парыздың, қажыға бару.        

 Бұл жолға мал мен жанды керек салу.         

 Шақырған бір Алланың ол жеріне,                                                          

Байларға қиын екен- бармай қалу!»-деп, аталмыш хадиске толық түсіндірме жасаған.

Ақида (сенім) мәселесі. Қазіргі уақытта халық арасында «сақалтай» атымен танымал болған діни деструктивті ағым өкілдері  өз сенімін Пайғамбар (с.а.с) ақидасымен теңестіріп, бірақ та уаһһабилік ағымын қалыптастырушы Саудиялық Мухаммад ибн Абдулуаһһаб, ибн Тәймия, ибн Баз секілді азаматтардың көзқарасы негізінде амал етуде. Солардың қатарында: Салих әл-Усаймин пәтуа кітабында «Оның (Алланың) қозғалатындығы хақ және тұрақты»- деген. [Маджмуъ әл фатауа уар-расайлуль фазилә әш-шейх Мухаммад ибн Салих әл-Усаймин; 3-том, 73-бет] «Алла Тағаланың «жүгіріп» келуіне біздің сенбеуімізге не тосқауыл болуы мүмкін?! Әлбетте, Аллап Тағала бұл жайлы Өзі хабар берген және ол Субханаһу уа Таъала қалаған нәрсесін жасаушы»-деген. [Маджмуъ әл фатауа уар-расайлуль фазилә әш-шейх Мухаммад ибн Салих әл-Усаймин; 1-том, 184-бет] Сонымен қатар, басты тақырыпқа айналған «Таһа» сүресінің 5-аяты: «Рахман аршыны истауә етті». Сол секілді өзге де пәтуа жинақтарында Алланың «азап шегуі», «жүгіруі, жүруі», «жалығуы» секілді сипаттарын атап өткен.

Төрт мәзһаб ғалымдары бұл аталмыш негізсіз пәтуаларға қандай көзқарас білдірген?

  1. Имам Әбу Ханифа «Әл Уасия» кітабында: «Алланың аршыға истауә еткендігін «қажет болу», «орнығу» деместен иман келтіреміз, өйткені Ол аршыға мұқтаж болмастан аршыны да аршыдан басқасын да Сақтаушы, егер оған мұқтаж болды десек, онда Оның бұл әлемді жаратуға, әрі оны басқаруға шамасы келмей қалған болар еді. Ал, басқа жаратылыстар секілді, егер Ол «аршыға отыруға, орнығуға мұқтаж» болды десек, онда аршы жаратылмай тұрып, Алла қайда болды? Алла кемшіліктен пәк»-деген.
  2. Имам Шәфиъи: «Алладан не нәрсе келген болса және нені мақсат еткен болса және пайғамбардан (с.а.с) не нәрсе келген болса, сондай-ақ, нені мақсат еткен болса- соған иман келтіреміз»- деген.
  3. Имам Мәлік: «Истауә- белгілі, оның қандай екені- белгісіз. Оған иман келтіру- уәжіб (міндет), ол жайлы сұрау- бидғат»- деген.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз арнасымен таза қалыпта аққан су секілді мәзһаб ғұламаларының пікірлерін толықтай қолдап-ұстанатындығын мына өлеңінде жеткізген:

«Ол, Алла- жисм, жауһар, ғариз емес, 

Болмасқа басқа, басқа бөлектенбес.               

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,        

 Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.   

 Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ, 

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды, ол еш нәрсеге,  

Кітаптың айтқанынан ойлама көп»-деп, діни ағым жақтаушыларына тойтарыс бере білген.

Мәшһүр Жүсіп ақида саласымен қатар, Құран тәпсірін (түсіндірмесін) де жетік меңгерген. Қарапайым халыққа Құран аяттарында келген «мухкам», «муташәбиһ» аяттарды жеңіл түрде айтып, тәпсір тұнығынан сусындағандығын «Жер мен Көк» атты өлеңінде байқауға болады. Ол жерде «Ықылас» сүресінде келген 4 аятқа төмендегіше тоқталған:

«Жоқ деп біл бір Аллада ата-ана,

Және жоқ деп біліңіз қатын-бала.    

Барлығы бір Алланың құдіретінде,    

Ешкімге мұқтаж емес Хақ Тағала»-деген. Бұл жыр-дастандар Құранда келген «Шура» сүресінің 11-аятына да (Оның бірде- бір ұқсасы жоқ. Ол- Сәмиъ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші)) саяды.

Қорыта келе, діні мен дәстүрі біте қайнасқан кең байтақ қазақ даласында ғұмыр кешкен, ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да дәстүрлі Ханафи мәзһабы және Мәтуриди ақидасын дәріптеген. Өзі жоқ болғанымен, қаншама өлеңдері, жырлары артында мұра болып қалған, шартарапқа «Мәшһүр» атымен танылған Жүсіп Көпейұлының ұстанымы- қазіргі таңда дінді желеу етіп, адасушылықта жүрген азаматтарға үлгі-өнеге болса деген ниетті жеткізгіміз келеді.

 

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің    

Жетісай аудандық бөлімі маманы: Б.Шаймерден

 

0 пікір