Ұлы Жібек жолымен келген дәстүр мен наным-сенімдер
Ұлы Жібек жолымен келген дәстүр мен наным-сенімдер
25.05.2020
1248
0

Байырғы өркениет пен мәдениеттерді біріктірген, іздері күні бүгінге дейін қалған жолдардың бірі – Ұлы Жібек жолы. Құрлықтың батысы мен шығысында орналасқан елдердің арасындағы сауда-саттық һәм мәдениеттерді байланыстырған ұзыннан ұзақ көпір қызметін атқарды. Темірқазығын Қытайда қаққан Жібек жолы Қазақстан аумағындағы Отырар, Сайрам, Яссы, Тараз секілді сол кезеңдердегі өркениеттің отаны болған қалаларды басып өтіп, Еуропа жеріне жібек, азық-түлік пен дәрі-дәрімектерді тасымалдаған болатын. Осындай маңыздылығын ескеріп ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында, кең байтақ даламыздың маңызды қырлары ретінде Ұлы Жібек жолын көрсеткен болатын.

Жібек жолы Алғашқы және Ортағасырдың ең маңызды құрлықтағы сауда жолы болғаны баршамызға мәлім. Алайда бұл жол тек сауда-саттықпен шектеліп қоймай, діни, мәдени, ғылыми және технологиялық дамулардың да таралуы үшін маңызды рөл ойнаған. Бұл жағдай сауда мен Ортағасырдың өмір сүру салтының етене араласуымен байланысты болды. Демек сауда-саттық дәліздің діни, мәдени және экономикалық салалардың дамуы үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсетуде.

Ұлы Жібек жолымен жүрген керуендер сауда үшін қолданатын шикізаттармен қатар, сол керуенге мүше болған әртүрлі наным-сенімде болған адамдардың дүниетанымын да тасымалдаған. Көшіп-қонып жүрген адамдамдардың ұстанған діндері бұл жолмен жайылып қана қоймай, әртүрлі мәдениет пен өркениеттердің әсерінде қалып, түпкі мәні өзгермегенімен, сыртқы формасы өз пішінін өзгерте беруден еш тайынбады[1].

Сонымен қоса, немістің көрнекті шығыстанушысы Герлоф ван Влотен, Жібек жолы маңызды бір табыс көзі болғанын айтады. Оның ойынша, Жібек жолы тарихта қалған көптеген елдерді жаулап алу үшін қолданылған сауда жолы да болған. Бұл жолдың бойында салынған сәулет өнер туындылары, керуен сарайлар, арбаттар, ауруханалар, мектеп пен медреселер, ғибадатханалар бір жағынан бұл жер үшін күрестің бір жемісі іспетті болды. Өйткені Жібек жолына үстем ету құқығы тек әскери жеңістермен емес, сонымен қатар экономикалық, мәдени, әлеуметтік және басқа да өмір сүру салаларында да үстем болу күшін керек етіп тұрды. Сондықтан елдер өзінің дін, мәдениет, технология мен дүниетанымдарын бұл жолдың бойына үстем еткісі келген, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін діндерін жаюға тырысқан[2]. Мысалы, Сасани Императорлығы Жібек жолының өз еліндегі бөлігінде және Мәуеренахрдағы бағытында Зәрдүштіктің жайылуын қолға алған. Сонымен қатар Бұхара қаласын жаулап алғаннан кейін Буддистік ілімге тыйым салып, отқа табынушылардың ғибадатханасын салдырған. Осылайша Зәрдүштікті ұстанатын адамдарды қалаға орнықтырып, жақын маңайдағы жерлерге дін қызметкерлерін жіберіп, басқа да аймақтардың адамдарын осы дінді ұстануына септігін тигізген. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін мұсылмандардың Ислам дінін жаюы кезінде Бұхара, Самарқанд секілді Орта Азияның бірқатар қалаларында Зәрдүштіктің ғибадат үйлерінің табылуы мұның айқын дәлелі болып есептеледі.

Жібек жолымен буддизммен қатар батыстан шығысқа қарай христианның Несторияндық бағыты да дамыды. Ұстанушылардың да саны көбейе түсті. Несторияндық – Несторий есімді адамның атымен байланысты. Христиандықтың дәл осы бағыты Исламға «жақын» болды. Өйткені бұл бағытты ұстанатындар «Мәриям құдайды емес адамды дүниеге алып келді» деді. Бұл бағытты VII-VIII ғасырларда Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу аймағындағы қалалар да ұстана бастады. Бұған дәлел бұл аймақтарға табылған несториандарға байланысты олжалар мен жазба ескерткіштер болды.

Сондай-ақ, Жібек жолымен тек христиандық немесе буддистік сенімдер таралып қана қоймай, әлбетте парсылық мәдениет те дамып жайылған болатын. Біздің дәм татып жүрген «нан» сөзі де парсылардан келгенін ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі таңдағы парсы халықтарымен қоса түркі халықтарының да тойлайтын Наурыз мейрамы бұның айқын дәлелі. Парсы тілінен «жаңа күн» мағынасын беретін, ұлысымыздың ұлы күніне айналған Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталуда. Бұл күнге байланысты әл-Бируни мен Омар Хайям том-том еңбек жазған болатын. Әрине Наурыз мерекесін тойлау алғашқы формасынан өзгертілгенін естен шығармау керек.

Қорыта келе айтпағымыз, дін, дүниетаным және дәстүр белгілі бір уақыт қана сақталып, уақыт өте келе жойылатын дүниелер емес. Жібек жолымен таралған бұл құндылықтар халықтан-халыққа, мәдениеттен-мәдениетке тарала отырып, тек сыртқы формасын ғана өзгертіп, болмысын жалғастыра береді. Белгілі бір уақыт шеңбері өткеннен кейін бұл бір халықтың дәстүрлі дүниетанымына айналады. Ал дәстүрлі дүниетаным – сол халықтың рухани, мәдени, азаматтық идентификациясын құрайды. Әр халық өзінің дүниетанымына сай етіп қабылдап, келешек ұрпаққа өзінің дәстүрі аясында қалдырары хақ. Ал бұл міндетті борышты өскелең ұрпаққа насихаттау – иығымызға артылған ауыр бір жауапкершілік ретінде ұғынғанымыз жөн болар.

 

 «Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімі маманы  Б. Ботақараев



[1] Richard C. Foltz, Religions of the Silk Road, Palgrave Macmillan US, 2010

[2] Gerlof Van Vloten, Recherches Sur LA Domination Arabe, Le Chiitisme et Les Croyances Messianiques Sous Le Khalifat Des Omayades, Aristide d Caratzas Pub, 1987

0 пікір