Қазақ халқының толеранттық ұстанымы
Қазақ халқының толеранттық ұстанымы
16.03.2020
2405
0

Аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, армандаған көршілес елдермен тату-тәтті, достықта өмір сүріп жатқан мемлекетпіз. Қазақ халқы әрдайым «көрші ақысы, тәңір ақысы», - деген түсінікті ұстанған. Сол себепті көрші елдерге деген сыйластықпен, достық-бауырмалдылықпен қарым-қатынас жасайтыны тек қана сыртқы емес, сол сияқты елдің ішкі саясатына да жақсы әсер беретіні анық. Қазіргі таңда бір тудың астында қаншама ұлт өкілдері, өзге дін өкілдері түсіністікте, татулықта, толеранттылық, төзімділікпен бейбіт елде күн кешудеміз.

Тарихқа үңілер болсақ, бұл толеранттылық бойымызда ертеден бері бар. Адам баласын қиын-қыстау кезеңінде жалғыз қалдырмай, бауырына басып, соңғы нанын үзіп беретіндей мейірімділік сезімі сонау ғасырлар бойы ұлттың сана-сезімінде, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы арқылы бойына дарып, сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде келгені мәлім. Бұл жайында Хакім Абай өлеңдерінде: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп..» - деген сөздермен ерекше мән беріп өткен.

Кешегі Ұлы Отан соғыс жылдарында өз елдерінен қуғын-сүргінде қазақ жеріне жер аударылып келген мыңдаған адамдарға пана болып, отан болған халықпыз. Қиындықта қол ұшын беріп, достықпен бауырмашылдықтың арқасында көптеген сынақтардан бірге өткен елміз. Осындай мейірімділік, бауырмашылдық бұл кезге дейін жалғасып тауып, тәуелсіздіктің туы желбіреген соң, Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «көп ұлтты елміз» - деген ұстанымымен жаңа өмірге, жаңа белестерге бірге қадам жасадық.

 Қазіргі таңда қоғамның, әлеуметтің дамуына байланысты көптеген құбылыстарға өзіндік атау, ерекшелік беруді талап ететін кезең болып табылады. Сол себепті біздің бойымыздағы бұл қасиеттерге де «толеранттылық», «төзімділік»  тіпті «сабырлық» деген ұғымдар беріліп жатыр.

Толеранттылық – дегеніміз бейбітшілікті қалау қасиеті, сонымен қатар этникалық, діни, саяси,конфессионалдық және жеке адамдар арасындағы келіспеушіліктерге, жас және гендерлік айырмашықтарға қатысты шыдамдылық таныту және «өзге адамдардың» өмір сүруге тең құқылы екендігін мойындау болып табылады. Толеранттылық - ол адами рақымшылдық: түрлі адамдар мен идеялар әлемінде өмір сүру өнері, сонымен қатар, құқық пен еркіндікке ие бола тұра өзге адамдардың құқықтары мен еркіндігін бұзбау. Дегенмен, толеранттылық - көну, мейірімділік көрсету немесе құптаушылық емес, ол өзгені мойындау негізіндегі белсенді өмірлік ұстаным[1].

Толеранттылық - көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекеттің үйлесімі дамуының маңызды шарттарының бірі. Барлық мекен етуші этностардың этникалық және мәдени теңдігін сақтау стратегиясы көпұлтты қоғамдағы неғұрлым табысты стратегия болып табылады. Бүгінгі таңда өркениеттің дамуына мәдениеттер мен діндердің диалогы ғана жағдай туғызатынын уақыт дәлелдеп отыр. Ал ұлтаралық қатынастар тұрғысынан алғанда мемлекеттің саяси тұрақтылығы ұлттаралық қатынастардың басты принципіне айналуға тиіс этникалық толеранттылыққа негізделеді. XVII ғасырдағы француз жазушысы Вольтер: «сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ сізге оны жақтау үшін мен өмірімді құрбан етуге дайынмын»,- деген. Ол – толеранттылықтың басты қағидасы. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді.

Елімізде өмір сүретін ұлт пен ұлыстардың өз тілдерін үйренуге, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға, олардың өз діндерін ұстануларына жағдай жасалынып, толеранттылық сақталып келеді.  Ислам дінінде де «...Біріңе-бірің бауыр болыңдар...» - деп бөлінудің дұрыс еместігін, адамзат баласының ауызбіршілікте өмір сүруін бұйырып тұр[2]. Дәл солай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» - деп Абай атамыздың татулықты, бірлікті насихаттағаны өлең жолдарыннан байқасақ болады.

Мейірімділік, түсіністік пен бауырмашылдықтың арқасында көптеген мақсаттарға бірге жетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еліміздің дамуына үлкен үлес қосудамыз. Бұл деген «Біз біртұтас елміз!» деген қағидаға сүйене отырып, бүкіл әлемге көпэтникалық елде өмір сүруіміз, бірлігіміз үлгі болып табылады. Бұл бойымыздағы ерекше қасиетті сақтай біліп, жас ұрпаққа насихаттап, болашақта бауырмашылықты ту ете отырып, бейбіт, тыныш әлемде өмір сүруіміз  қажет.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы  Ж.Абдирасулова

 

  


[1] Ақпараттық- методикалық материалдар,  Алматы, 2014, 4 бет

 

[2] Әли Имран сүресі 103 аят

0 пікір