Қазақ дәстүрі мен исламның байланысы
Қазақ дәстүрі мен исламның байланысы
05.08.2020
1726
0

Жер бетінде өмір сүріп жатқан түрі мен түсі, мәдениеті мен менталитеті, діні мен ділі бөлек қаншама халық болса, соншама дінменен ұштасқан әдет-ғұрып бар. Алла Тағала  Ағраф» сүресінің 199-аятында:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол», – деп әмір етті.

«Ғұрып» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы:

Қазақша «ғұрып» сөзі العرف «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».Демек, әтет-ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс.

Ғұрыптың шариғаттағы шарттары:

Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

  1. Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
  2. Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
  3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

Әдет-ғұрыптың фиқһ ғылымындағы рөліне тоқталсақ:

Фиқһта الْعَادَةُ مُحْكَمَةٌ «Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида бар. Имам Малик өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін. Ал, имам Шафиғи Мысыр еліне көшіп барғанда, әуелгі Бағдат қаласында шығарған үкімдерін өзгертті. Өйткені, Бағдат халқының әдет-ғұрпына Мысыр жұртының әдет-ғұрпы сай келмейді. Міне, сондықтан имам Шафиғидің: ескі және жаңа екі мазхабы болды.

Ислам дініндегі шоқтығы биік ғұлама Әбу Ханифа мәселелердің шешімін табуда жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ескеретін. Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:

وَالْعُرْفُ فِي الشَّرْعِ لَهُ اعْتِبَارُ**** لِذَا عَلَيْهِ الْحُكْمُ قَدْ يُدَارُ

Ғұрыптың шариғатта орны бар,
Кейде үкім соған орай орнығар.

Бір сөзбен айтқанда әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки пәтуа  беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады.

Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Жақсысын алуымыз керек. Ал, жаманынан қоғам боп арылуымыз қажет. Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдеп-ғұрып жайлы:

الْعُرْفُ وَالْعَادَةُ: مَااِسْتَقَرَّ فِي النُّفُوسِ مِنْ جِهَةِ الْعُقُولِ وَتَلَقَتْهُ الطّبَاع السّلِيمَة بِالْقُبُولِ

«Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып»,-деп анықтама береді.

Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді»

Өйткені, бес саусақ бірдей болмағандағыдай әр халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. «Әр елдің салты басқа» деп бекер айтылмаса керек. Адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі – Жаратқанның қалауы.  Бұл шындық Құран Кәрімде Хужжурат сүресі 13-аят:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا

«Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұттарға бөлдік», – деген аятта ашық айтылған.

Осы орайда, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы болатыны айдан анық. Қандай да бір ұлтты  екіншісінен  түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де ерекшелеп тұрады.

Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы біріне келер болсақ, әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы. Бұл әдет те Пайғамбардың (с.а.с.) құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла Елшісі (с.а.с.) әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу әр азаматтың борышы.

Бала дүниеге келгеннен кейінгі «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндетке отырғызу», «Құда түсу», «Үйлендіру» – бәрі де асыл дінімізде салмағы бар, маңыз берілген дәріптелетін парыз, сүннет яки мұстахап амалдар екенін көреміз.

Салт-дәстүрлеріміздің кейбіреуі тіпті бұлжымас діни ережелер бойынша жүзеге асатынын байқаймыз. Мәселен, өлім-жітімге байланысты салт-дәсүрлеріміз тек діни жоралғылар бойынша жүзеге асатын ғұрыптар. Қазалы үйге көңіл айту, мәйітті жуындырып, кебіндеу, жаназа шығару, жер қойнына табыстау бәрі де дініміздің қағидаттары.

Кейбірі пайғамбар мінезінен дарығанын байқаймыз. Мәселен, торқалы той, топырақты өлімде Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Қызылордаға, Еділ мен Жайыққа ат сабылтып келетін кім? Ол – Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе, мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – Қазақ. Болмашы қуанышты таудай көріп, ағайын-туысының дастарқанында қуанышқа ортақ болғысы келіп асығатын кім? Ол да – Қазақ. Ал, Алла Елшісі (с.а.с.) болса мұндай берекелі туысқандық қарым-қатынасты ұстануға дәріптеген.

Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу әдеп көрінісі, ал азан шақырып ат қою ата дініміздің тағылымы.

Кім болмысын жоғалтса немесе келбетін өзгертсе өзінің негізгі ұлттық тамырына балта шапқаны. Ал бұл өз кезегінде Құдайдың жер бетіндегі адам баласына салған заңдылығына қарсы шыққандығы. Қазіргі таңда ислам әлемі жалпылама, қазақ халқы жекелей осындай дертке шалдыққан адамдармен күресіп отыр. Діннің дұрыс мәтіндерін негізге ала отырып, алайда толық қате ұғыммен түсініп, дін ережелері мен ғалымдардың еңбектерін жоққа шығарып, дәстүр тағылымдары мен ұлт санасын улауға барын салып жатыр.

Кеше ғана қазақ жұртының басына күн туғанда дінін, дәстүрімен сақтап қалған еді, енді тек дін болсын деп дәстүрді құрту дінбұзар арамзаның тірлігі. Дін Алламен байланыс, ал дәстүр адаммен байланыс. Қай байланыстан айырылса да адам адам бола алмайды.

Қортындылай келе тарихқа зер салсақ қазақ халқы түрлі кезеңдер мен қилы замандарды бастан кешіріп, сан алуан діндер мен әдет-ғұрыптарды бойына сіңіріп, қанына құйған. Ал, дана халқымыздың XII ғасырдан бері ұстанып, салт санасына түбегейлі сіңіп кеткен діні –  Ислам діні. Ата бабаларымыз ақылы мен санасын, түсінігі мен талғамын Ислам дінімен байланыстырып жүзеге асырған. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай болып кеткен. Біздердің барлық салт-дәстүріміз бен әдет ғұрыпымыз шариғатқа сай десек қателеспейміз.  Себебі, он екі ғасыр бойы бабаларымыз Ислам дінін ұстанғандықтан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қазақ жеріндегі Ислам ғалымдарының көз алдында өрбіді. Демек, осы уақытқа дейін шариғатқа сәйкес келген салт-ғұрыптарымыз дінмен біте-қайнасып,  өзара үйлесімдік тауып, исламмен бірге жасампаз болып жанданды. Ал, олардың тозықтары кезінде-ақ  ұмыт қалды.

Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында  жүріп,  исламды дұрыс түсінбей, соның салдарынан халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын бауырларымыз бар. Біле-білсек, сан ғасырлардан бері бабаларымыздың ұстанған Исламның жолы «Әбу Ханифа»  мазхабы – осы  салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуына бағытталған.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерінзерттеу орталығы» КММ маманы   Ж.Жорабек 


 

 

0 пікір