Өз-өзіңмен күрес
Өз-өзіңмен күрес
21.09.2020
1623
0

Өз – өзіңмен күрес, бұл нәпсіңмен күрес. Ал нәпсімен күресу Исламның басты құндылықтарының бірі. Яғни Исламда бұл ұғымның терминдік мағынасы «жиһад» деп аталады.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім жиһад жасаса, өзі үшін жиһад жасайды. Күмәнсіз Алла ғаламдарға мұқтаж емес, еш нәрсеге зәру емес» (Анкабут сүресі, 29/6 аят).

Тәуба сүресінің 88 аятында: «Пайғамбар мен жанындағы мүминдер әрі дүниелерімен, әрі жандарымен жиһад етті. Жақсылықтың барлық түріне кенелді. Құтқарылатын да солар» -деген.

Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде кездескенімен тек 4 жерінде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мағрака», «мурақаба», «қитал» терминдерімен білдірілген. «Жиһад» сөзі соғыс деген ұғымды білдіргендіктен көпшілік тікелей соғысты түсінеді.

Мұхаммед (с.а.с) бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына «Біз кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бет алдық» дейді. Сахабалары үлкен жиһадтың не екенін сұрағанда, «ол – өз нәпсіңмен күрес», - деп түсіндірген (Байқақи, әз-Зухдул-кәбир).

Бұл оқиғадан исламда жиһадтың үлкен және кіші деп аталатын негізгі екі түрі болатынын, майдандағы соғыстың кіші жиһадқа, ал адамның өз нәпсісімен күресінің үлкен жиһадқа саналғанын көруге болады.

 «Мүжахид (жиһад жасаушы) Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау тұрғысында өз нәпсісімен жиһад жасаушы (күресуші)» (Тирмизи, Зүхд, 164) –деген хадис осының айғағы.

Соғысқа сұранған жас сахабаға пайғамбар «Ата-анаң тірі ме?» деді. Ол «иә» дегенде, «Ата-анаң сау болса, соларға жақсылап қарауың жиһад» деп түсіндірді (Бухари, жиһад,138).

Шын мәнісінде көпшілік ғалымдардың айтуынша «жиһад» сөзінің мағынасы мен ауқымы өте кең. Жиһад ұғымына төмендегідей анықтама беруге болады.

Жиһад – адамға Алла Тағаланы тану үшін жол ашу дегенді білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі.

Жиһад бізді Алла Тағаладан алыстататын барлық нәрсеге сақ қарап, сергек көңіл таныту.

Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад.

Діни сауаты жоқ жастар «жиһад» ұғымын тура мағынасында түсініп, Құран мен хадистерде кездескен біршама аяттарды өз беттерінше дәлел ретінде алға тартып қана қоймай өзгені де сол сеніміне үгіттеу ақылы адастыруда.

Сейд Хүсейн Насырдың айтуынша, Ислам үшін жасалған барлық іс-шаралар жиһадқа жатады. Күн сайын жүйелі түрде намаз оқу, кейде аптап ыстықта ауыз бекіту жиһад аясына кіреді. Ғұмыр бойғы нәпсі мен рух арасындағы тайталасты күрестің аты да жиһад.

Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан қоғамға, жағдайдан жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының елдің әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады.

 Қорыта келгенде, жиһадты қанды соғыс не кәпірлермен күрес деп қана ұғу қателік. Жиһад ізгі ниетпен, қоғам игілігі, ел болашағы, діннің мүддесі тұрғысынан жасалған барлық жақсылықты істі қамтиды. Бүгінгі күні арандатушы түрлі ұрандарға еріп, өзге елдерге жиһадқа аттанып, жас өмірді ерте солдыру жиһадты қате түсінудің зардабы. Одан да туған ел мен жерді өркентеуге атсалысу, діни сауатылыққа ұмтылып, мұсылмандық мінезімізді түзеп, адами қасиеттерімізді арттыру, жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау, т.б. жақсылықты істердің басы қасынан табылу қоғам үшін нағыз керекті іс осы болмақ.

Әр азамат үшін халықтың амандығы мен жердің тыныштығын күзету, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, бейбітшілігімізді сақтау үлкен борыш болып табылады. Дінннің мұраты да осыны қалайды.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің       

теолог маманы     Ж. Жорабек

0 пікір