«Кісі мен кәпірдің арасын бөліп тұратын перде - намаз» деген хадисті түсінудегі ерекшеліктер
«Кісі мен кәпірдің арасын бөліп тұратын перде - намаз» деген хадисті түсінудегі ерекшеліктер
20.02.2020
1549
0

 

           Раббысын өз дәрежесінде танып білген, өзін Алланың құлы санап жүрген әрбір мұсылманның жүрегінде бір ғана мақсат - Алланың разылығына бөлену болады. Десе де, Жаратушының рызашылығына жету жолында дін тұрғысындағы Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін өзінше тәпсірлеп, бұрмалап жатқандар да аз емес. Бұрынырақта шариғат ғылымдарын толық меңгерген «мужтаһид» ғалымдар ғана дін мәселесінде сөз алып, ойын білдірген болса, бүгінгі таңда дінді бейне бір зат іспетті талқылап, жан-жақты тартысып жатқан түрлі саладағы адамдарды байқауға болады. Екі мұсылманның діни мәселеде тартысуынан тек мұсылмандардың өздері ғана жеңіліс табатынын ескерген жөн.

          Ардақты Елші Мұхаммедтің (с.а.с) «Кісі мен күпірліктің арасындағы перде - намаз» деген хадисті[1] біздің заманымызға дейінгі және қазіргі таңдағы кейбір ғалымдар «Намазды тәрк еткен адам - кәпір» деген көзқарасты ұстанып жүргені рас. Дегенмен, бұл хадис турасында ардақты сахабалар мен оның ізіне ерген әһлус сунна ғалымдарының пікірін білу аса маңызды.

          Намазды әдейі тәрк еткен мұсылман жайында ғұламалар арасында түрлі пікірталастар бар: Шафиғи мазхабының «әш Шаукани» атты ғалымы осы тұрғыда «Найлул Аутар» кітабының 1-томы, 369-бетінде: «Шын мәнінде намазды тастап қою мұсылманды күпірлікке алып баратын жолдардың бірі деп түсінуге болады. Десе де, ғалымдар арасында намаздың парыздығын теріске шығарған адамның діннен шығатынына күмән жоқ. Намаз оқуды парыз деп санап, бірақ жалқаулығы себепті кейінге шегеріп жүрген мұсылман «кәпір» аталмайтыны анық»,[2]- деген сөзін келтіреді. Сонымен қатар, Имам Шафиғи мен Имам Маликтің: «Намаз оқымаған адам күпірлік еткен адам ретінде емес, бәлкім «фасиқ», яғни, үлкен күнә жасаушы ретінде қарастырылады» ,- деген сөзін келтіреді.

          Атақты мухаддис Ибн Хиббан есімді ғалым аталған хадис турасында: «Пайғамбар (с.а.с) намазды тәрк еткен адамға «күпір» сөзін теліп айтуы,  намазды тәрк етумен қатар, мұсылманның басқа да Алла парыз еткен амалдарды орындамай, соңында парызды теріске шығаруынан сақтап айтқан. Себебі, бүгін намазды тәрк етуді әдетке айналдырса, алдағы уақытта ораза, қажылық және зекет амалдарды да орындамауға бейім болуы ықтимал»[3],- дейді. Демек, Ардақты Елші (с.а.с) жеткен хадистің астарында мұсылманның қияметте ең бірінші сұралатын амалын тәрк етуі оның басқа да парыздарды жоққа шығаруына себеп болатынын еткерткен деп түсінеміз.

          Пайғамбардың (с.а.с.) «Адам мен күпірліктің арасында намазды тәрік етуден басқа ешнәрсе жоқ»«Кім намазды әдейі тәрік етсе, кәпір болады» деген және т.б. хадистеріне келсек, Имам Матуридидің ақидасын түсіндірген ашғари ақидасының өкілі, шәфиғи ғалым Тажуддин әс-Субки бұл хадистерден намазды жалқаулықпен оқымаған адам кәпір болады деп түсінуге болмайтынын айтады[4].

              Бұл тұста тағы бір аса маңызды тақырып «иман мен амалды бір деп қарастыруға болады ма» деген мәселені қозғап кеткен жөн.

Егер де иман мен амалды бір деп түсінетін болсақ, онда тілін кәлимаға келтіріп, бірақ амал жасамаған адамның иманы жоқ деген пікір дұрыс-ақ. Бұл мәселеде Имам Абу Ханифа өзінің «әл Уасия» кітабында: «Амал иманның бөлігі емес, иман амалдың бөлігі емес, себебі, кей үзір жағдайларда мүминнің парыз болған амалдарды орындамайтыны анық. Ол уақытта мүминнің иманы жоғалды деп емес, амалды орындамады деп айтамыз»[5] ,- деп келтіреді.

             Демек, иманнан бөлек парыз болған дін амалдарын орындамау күпірлікке алып бармайды. Себебі, Пайғамбар (с.а.с): «Кімде-кім Алланы жалғыз деп мойындап, Мұхаммедті соңғы пайғамбар әрі Елшісі» деп иман келтірсе, жәннатқа кіреді»[6],- деп Аллаға шын иман келтіріп, тілін кәлимаға келтірген адамның мұсылман екендігін айқындап берді.

          Қорытындылай айтқанда, Алланың жалғыздығына, Пайғамбар (с.а.с) соңғы елшісі екендігіне шын ықыласымен иланып, бірақ дін амалдарын орындамай жүрген адамды кәпір деп емес, үлкен күнә жасаушы мұсылман ретінде қарастыру Пайғамбар (с.а.с) хадистері мен сүннетіне сай келетіні анық. Алла Елшісі (с.а.с) бір хадисте: «Кімде-кім біреуге сен кәпірсің деп айтып, ол кәпір болмай шықса, онда кәпір деген сөзі өзіне қайтарылады»,- деп айтқан. Парыз амалдарға салғырттық танытып, орындамай жүрген мұсылмандарды «кәпір» деп айыптамас бұрын оларға ислам дінін көркем түрде насихаттай білуіміз қажет.

 

«Оңалту жұмыстарын үйымдастыру»

бөлімінің маманы   І.Нағызхан

 

 


[1] Сахих Муслим, 1-том, 88-бет

[2] Найлул Аутар, 1-том, 369-бет

[3] Сахих ибн Хиббан, 4-том, 324 бет

[4] Muslim.kz сайты

[5] Имам Абу Ханифаның «әл Уасия» кітабы, 31 бет

[6]

0 пікір