Ислам ғалымдарының ғылым саласында жеткен жетістіктері
Ислам ғалымдарының ғылым саласында жеткен жетістіктері
29.07.2020
3470
0

Ислам тарихына үңілсек, ежелгі сахаралық арабтар дін келмей жатып нағыз надандықтың шырмауында болатын. Мәдениет салаласында болсын, ғылым саласында болсын іліп аларлық ештеңе болмады. Олардың ел сыйларлық, санасарлық, тәрбие аларлық дәрежеге жеткендігі осы діннің арқасында. Неге десеңіз, әлгі әлемді дүр сілкіндірген не бір ғұламалар осы алдыңғы надан, кейінгі ойшыл ғұлама арабтардан шықпап па еді?! Яғни, Ислам дінінің алып келген ұлы мәдениетінен кейін. Содан барып XI-XII ғасырларда бұл көркем мәдениет өзімен қоса өзге елдерге, әсіресе, Еуропа елдеріне қатты әсерін тигізеді. Өйткені ежелгі грек тіліндегі ғылыми және философиялық кітаптарды араб тіліне аударып, оны аударумен ғана шектелмей, мазмұнын әрмен қарай дамытты да. Ал осы аудармаларды кейін еуропалық ғалымдар латын және басқа да шет тілдеріне аударып қажетіне жаратты.

Адамзат тарихында ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесі мол деген түсінік қалыптасып қалған. Алайда, батыс әлемінің ғылым мен технологияда жоғары жетістікке жетуіне себеп болған мұсылман ғалымдарының еңбегі еді. Себебі, уақыт өте келе Ислам ғұламаларының әлемді өзгерткен ғылыми жаңалақтары батыстың меншігіне өтіп кеткен жайы бар. Ендігі кезекте Ислам ғалымдарының ғылым саласында жеткен жетістіктеріне көз жүгіртіп өтсек.  Дін және математика саласында Андалюсиялық ғалым Жабир Ибн Афлахтың (XII ғ) еңбегі ел таңғаларлықтай болды. Ол Клавдий Птидейдің атақты  «Алмагест» атты  еңбегінің қателіктерін түзеткен. Және де Еуропада  анығырақ  айтқанда қазіргі Испанияның Севилья қаласында тарихта ең алғашқы жылыжайды ашқан. Оның құрметіне орай оған айдағы Гебер кратер атағы берілген.

Медицина саласында Ибн Сина, Рази жазып қалдырған құнды еңбектер әлемдік медицина үшін үлкен жаңалық болды. Медицина саласы сол кездің өзінде тері ауруы, жүйке аурулары, әйел денсаудығына байланысты аурулар, қаншама түрлі жарақаттар, ішкі мүше аурулары, дәрігер этикасы сынды әртүрлі тармақтарға бөлініп, жеке-жеке ғылым ретінде қарастырылды. «Авиценна» деген атпен мәлім Ибн Сина өзінен кейін орасан зор шығармашылық мұра қалдырып кетті. Ертедегі деректерге қарасақ, ол 456-ға жуық еңбек жазған, бірақ біздің заманымызға дейін оның 240 кітабы ғана жеткен. Ол дәрігер, ғалым әрі фармацевт болған. Бар болғаны 57 жыл өмір сүрсе де (980-1037) оның өмірі мен дарыны осы уақытқа дейін аңызға айналып келеді. Сол уақытта Еуропалық дәрігерлер ауруды дуамен немесе сиқырмен емдейтін. Ал араб дәрігерлері адам анатомиясын жетік білуінің арқасында адамдарға өте қиын оталарды жасап тәжірибе жинап жүрген болатын. Олар, тіпті, сүйектер мен адамның ішкі ағзаларына да ота жасайтын болған. Сонымен қатар, араб дәрігерлері адамдарды тексеру үшін механикалық аспаптар ойлап тапқан. Солардың бірі – қан мөлшерін анықтайтын құрылғы. Бұл құрылғының жоғарғы бетінде кіші көлемде екі мүсін орнатылған. Олардың қызметі, біріншіден, қанның мөлшерін көрсететін болса, екіншіден, жағымсыз процестен емделушінің назарын аударатын болған.

Ежелгі крек ойшылдары адамның көз жанарын зерттеп, көптеген жетістіктіктерге қол жеткізген. Ал XI ғасырда араб ғұламасы Ибн Хайсам грек ғалымдарының зерттеуін тереңдете отырып, осы салада бұрын-соңды болмаған жаңалық ашады. Ғалым шыны әйнектің үлкейткіш қасиетінің бар екенін және ол көздің көру мүмкіндігін арттыратынын ойлап тауып, адамзаттың игілігіне ұсынды және ғалымдарды таң қалдырып, ерекше құрметке бөленді.

Ибн Фазыл 950 жылы Андалюсияда Еуропадағы бірінші қағаз істеп шығару фабрикасын ашты. Басқа мемлекеттерде болса мұндай фабрикалар біраз уақыттардан кейін пайда болған. Римде – 1100 жылда, Сицилияда – 1102 жылда, Алманияда – 1228 жылда, сондай-ақ Англияда - 1309 жылда.

Атақты Андалюсиялық философ Ибн Рушд (1126-1198) Аристотельдің орта ғасырлардағы бірінші шарықтаушысы яғни, түсіндірмешісі болған.

Мұсылман ғалымдары география ғылымында да табыссыз болған жоқ. Атап айтар болсақ, Мұхаммад ибн Абдул-Азиз, аш-Шариф аль-Идриси әлемге ірі ғалым-географ ретінде танылды. Ол әлемнің біраз бөлігін шарлаған жиһанкез болды. Навигациялық приборларды ойлап тауып, Жер шарының картасын жасады. Енді Ислам ғалымдарының ашқан жаңалықтарын тізбектеп өтсек:

1)Алғашқы ұшақты жасаған ғалым Әбу Фирнас.

2)Қызылша және шешек ауруын анықтаған ғалым Рази.

3)Микробты алғаш анықтаған ғалым Ақшамседдин.

4)Алапес ауруын тапқан ғалым Ибн Жәссар.

5)Обаның жұқпалы ауру екенін анықтаған Ибн Хатиб.

6)Туберкулез микробын тапқан ғалым Кәмбүр Уәсим.

7)Көздің тор қабатын (сетчатка) анықтаған ғалым Ибн Рушд.

8)Алғаш рет көз операциясын жасаған ғалым Аммар.

9)Алғаш рет қатерлі ісікке операция жасаған ғалым Әли Ибн Аббас.

10)Кіші қан айналымын анықтаған ғалым Ибнун Нафис

11)Алғашқы дәрігерлер бөлмесінің бастығы Әли бин Ридуан.

12)Нөл санын алғаш рет қолданған ғалым Харезми.

13)Тригонометрияны алғаш тапқан ғалым Баттани.

14)Тангенс, котангенс және косекансты алғаш рет қолданған ғалым Әбул Уәфа.

15)Тригонометрия кітабын жазған ғалым Насируддин Туси.

16)Алғашқы тригонометриялық формулаларын тапқан Ибн Юнус.

17)Бином формуласын алғаш рет тапқан ғалым Омар Хайям.

18)Алғашқы дифферанциал кітабын жазған ғалым Сабит бин Кура.

19)Ондық бөлшекті алғаш тапқан ғалым Ғиясиддин Жамшид.

20)Алғашқы астролябияны (астрономиялық құрал) жасаған ғалым Зеркали.

21)Жердің айналатынын анықтаған алғашқы ғалым Әбу Райхан Бируни.

22)Жердің айналасын алғаш өлшеген ғалым Муса ағайындылар.

23)Күннің бетіндегі дақтарды алғаш рет анықтаған ғалым Ахмет бин Муса.

24)Кибернетиканы алғаш құрған ғалым Исмаил Әл Ғазари.

25)Оптиканың алғашқы негізін қалаған ғалым Ибн Хейсем

26)Дауыстың физикалық анықтамасын алғаш жасаған ғалым Әл-Фараби.

27)Токарлық станок түрін алғаш жасаған ғалым Ибн Қарара.

Батыс ғалымдарының әлемдік Ислам өркениетінен ғана емес, Орта Азия мен қазақ даласының мұсылман ғалымдарынан да көп үйренуіне тура келді. XІX-XX ғасырлардан бастап, Ислам ғылымы мен өркениеті тоқырауға ұшырап, артта қалды дейтіндермен де келісуге болмайды. Осы кезеңдерде жалпы мұсыл­ман емес, қазақ даласында туып-өскен ғалым­дары­мыздың өзі Алаштың атын шығарып, ұлтымыздың  әлемге паш етті. XVІІІ-XІX ғасырларда Мұхаммед Салық Бабажанов, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтын­сарин, Абай Құнанбаев секілді ұлт ғылымының басында тұрса, XX ғасырда Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, тағы басқа көптеген ғалымдар қазақ ғылы­мының іргетасын қалады. Олардың жазған еңбектері мен ғылыми тұжырымдары бірнеше шет тілдерге ауда­рылып, әлемдік деңгейдегі кітап­ханалардан орнықты орын алды. Қазақ ағартушылары мен ғалымдарының көпшілігі алғашқыда ескіше, діни білім алып, соңынан ғылыми жетістіктерге жеткен еді. Сол себепті, олар қазақ жас­тарын діни имандылыққа, ғылым-білім үйренуге қатар шақырады.

Қорытындылай келе қазіргі таңда көптеген мұсылмандар ғылым-білімде өздерінің батыстан қалыс қалып бара жатқанына ұялады. Бірақ олар өздерінің  оптика, медицина, механика саласындағы ұлы бабаларының жеткен жетістіктерін жете білмейді. Батыс-христиан әлемі мұсылман мәдениетімен танысқаннан кейін ғана көптеген ғылым салаларын дамытуға қадам жасады. Сондықтан батыс әлемі мұсылман ғалымдарының ерен еңбегінің алдында қарыздар екені даусыз. Білім іздеп, ғылыммен шұғылданып жүрген жас­тарымыздың ата-бабаларымыздың даңқты жолын қуып, осы салада зор табыстарға жететініне кәміл сенеміз. Өйткені, білім іздеу, ғылыммен шұғылдану – әрбір мұсылманның парызы. «Бесіктен бейітке дейін білім іздеңдер» - деген Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы хадисі мұсылмандарды сол биіктен көрінуге міндеттейтінін бір сәт те жадымыздан шығармағанымыз абзал.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

Мақтаарал аудандық теолог маманы    А.Жәлел

0 пікір