Дін мен Зайырлылық: бір адамның жүрегіндегі екі дүние
Дін мен Зайырлылық: бір адамның жүрегіндегі екі дүние
30.09.2026
15
0

Қазіргі қоғамда «дін» және «зайырлылық» ұғымдары жиі қарама-қарсы қойылып жатады. Кейбіреулер зайырлылықты дінсіздік деп қабылдаса, енді біреулер дінді қоғамдық өмірден толық шеттету керек деп санайды. Алайда шынайы өмірде бұл екі ұғым бір адамның жүрегінде, санасында және күнделікті тіршілігінде қатар өмір сүре алады. Өйткені дін – адамның рухани әлеміне қатысты болса, зайырлылық – қоғам мен мемлекетті ұйымдастырудың құқықтық қағидасы. Дін – жүректің қажеттілігі. Адам баласы жаратылысынан мән іздеуші тіршілік иесі. Ол өмірдің мақсатын, өлімнің сырын, жақсылық пен жамандықтың өлшемін тануға ұмтылады. Осы ізденіс оны дінге алып келеді. Дін адамға тек құлшылық жасауды ғана емес, өмір сүрудің мәнін, ар-ождан тазалығын, адамгершіліктің негіздерін үйретеді. Ислам діні адамның жүрегін тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Қасиетті Құранда адамның сыртқы әрекеттерінен бұрын оның ішкі дүниесінің тазалығына мән беріледі. Себебі жүрек түзелсе, адам да түзеледі. Сондықтан мұсылман үшін дін – мешіт қабырғасымен шектелетін құбылыс емес. Ол – отбасыдағы және, көршімен қатынасында, еңбекте, саудада, білім алуда көрініс табатын өмір салты. Дін адамға жауапкершілік сезімін береді. Өзін ғана емес, қоғамды да ойлауға үйретеді. Жетімге қамқор болуды, әлсізге жәрдем беруді, әділдік пен мейірімділікті ұстануды насихаттайды. Сондықтан дін – тек сенім жүйесі ғана емес, рухани тәрбие мектебі. Зайырлылық – қоғам тұрақтылығының кепілі: Зайырлылық ұғымы көбіне қате түсіндіріледі. Көпшілік оны дінге қарсы идеология ретінде қабылдайды. Шын мәнінде зайырлылықтың басты мақсаты – мемлекет пен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қорғау. Зайырлы мемлекет белгілі бір дінді мемлекеттік идеология ретінде бекітпейді. Сонымен бірге ешбір дінге қысым жасамайды. Әр азаматтың сену немесе сенбеу еркіндігін қамтамасыз етеді. Бұл – ар-ождан бостандығының негізі. Қазақстанның Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екендігі анық көрсетілген. Бұл қағида барлық азаматтардың заң алдында тең болуын қамтамасыз етеді. Қоғамда әртүрлі діни көзқарастағы адамдар өмір сүретіндіктен, зайырлылық олардың құқықтарын сақтап, өзара келісім мен тұрақтылықты нығайтады. Зайырлылық дінді жоққа шығармайды. Керісінше, діннің еркін дамуына құқықтық мүмкіндік береді. Егер мемлекет белгілі бір діни ағымның ғана мүддесін қорғаса, қоғамда теңсіздік пен алауыздық туындауы мүмкін. Сондықтан зайырлылық – бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің маңызды шарты. Дін мен зайырлылық қайшылық па? Көптеген адамдардың санасында «не дін, не зайырлылық» деген жасанды таңдау қалыптасқан. Алайда бұл мәселені тереңірек қарастырсақ, олардың міндеттері әртүрлі екенін көреміз. Дін адамның рухани өміріне бағыт береді. Ол адамның Жаратушымен байланысын қалыптастырады, адамгершілік қағидаларын бекітеді.Ал зайырлылық мемлекеттің қалай басқарылатынын, заңдардың қалай жұмыс істейтінін анықтайды. Ол қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық тетігі болып табылады. Сондықтан дін мен зайырлылық бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Олар әртүрлі салада қызмет етеді. Бірі адамның ішкі әлемін тәрбиелесе, екіншісі қоғамның сыртқы құрылымын реттейді. Мұсылман адам әрі діндар, әрі зайырлы қоғамның жауапты азаматы бола алады. Ол намазын оқып, оразасын ұстап, діни міндеттерін орындай отырып, заңды құрметтейді, қоғам алдындағы азаматтық міндеттерін атқарады. Қорытынды ретінде былай айтқымыз келеді, бір жүректегі екі дүние: Дін мен зайырлылықты екі бөлек әлем ретінде емес, бір адамның өміріндегі екі маңызды кеңістік ретінде қарастырған жөн. Біріншісі – адамның Жаратушы алдындағы жауапкершілігін қалыптастырса, екіншісі – қоғам алдындағы жауапкершілігін реттейді. Шынайы діндар адам заңды құрметтейді, қоғамға пайда келтіреді, өзгенің құқығына қол сұқпайды. Ал шынайы зайырлы қоғам азаматтардың сенім бостандығын қамтамасыз етеді және олардың рухани өміріне құрметпен қарайды. Осы екі ұғым үйлесім тапқан кезде ғана тұрақты қоғам, саналы азамат және берік мемлекет қалыптасады.

Ә.Болат

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

Мақтаарал, Жетісай аудандары бойынша бөлімінің маманы           

 

0 пікір