Дәстүрмен діннің сабақтастығы
Дәстүрмен діннің сабақтастығы
06.09.2019
1216
0

 

Сәбидің дүниеге келуінен бастап, ақтық сапарға аттандырғанға дейінгі аралықта қазақ халқында жасалынатын салт-дәстүрдің Ислам дінімен біте қайнасқан екендігін анық байқауға болады. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым екенін байқайсыз, екеуі егіз тақырып десек те болады.Салт-дәстүр - белгілі бір ұлт үшін өмір, қоғам заңы.Тіршілік ережесі, сана, тәрбие және рухани байлық. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындап, құрметтеген. Әдет-ғұрып -  белгілі бір қоғамдық әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғы. Қазақ тілінде «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрып» - сөз тіркестерінің мағынасы бір. Біз салт-дәстүр деген сөзімізді әдет-ғұрып деп те қолданамыз. Дін - сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын,  Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттар. Ислам діні 12 ғасыр бойы қазақтың салт-дәстүріне біте қайнасып, сіңісіп кеткеніне бірнеше дәлел. Мысалы;  халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт-жоралғысы бар. Азан шақырып, ат қояр кезде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата- анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады.Ал, Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Сәбидің бірінші күні немесе ең кеш жетінші күні оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат айтып ат қойылады. Бұл үрдіс Пайғамбарымыз (с.а.у) немерелері Хасан мен Хусейн туылғанда азан айтқандығы риуаят етілген сүннет. Бүгінгі күнге дейін өзін мұсылманмын деп санаған қазақтың әр-бір баласына азан шақырылып есімі қойылғаны айдан анық. Сол дәстүр қазақтың әр бір отбасында сақталып, осы күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Ақиқа -  нәресте туғаннан кейін оның шашы қиылғанда мал сойып, құрбан шалу. Бұл баланың ата-анасындағы ақысы саналады. Бала туған соң жеті күннен бастап балиғат жасына жеткенге шейін орындауға болады. Сүннет бойынша ер балаға екі қой, қыз балаға бір қой сойылу керек. Сүннет бойынша баланың ата-анасы ақиқа күні қиылған шашты өлшеп, сол мөлшердегі күміспен садақа ету керек. Пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) немересі Хасанға ақиқа жасағанда айтқан: «Йә, Фатима, оның шашын қи да сол мөлшердегі күміспен садақа бер» [1]Қазақ дәстүрінде Ақиқаны – Қалжа дейді. Қалжа – қазақ дәстүріндебосанған келінге арнап байланған қой. Дана халқымыз "Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр", "Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі" дейді. Қалжаның күнделікті жейтін еттен басты айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Қалжа жеген ананың сүті де нәрлі, құнарлы әрі жеткілікті болады. Сәбидің де, ананың да ұйқысы жақсарады. Бірінші күні келін қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын тісін тигізбей, қолымен мүжиді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны тез қатайсын деген ырыммен керегенің басына ілген. Бұлда қазақ дәстүрінің Исламмен байланысын көрсетіп тұр.

Шілдехана - арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне 7 күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру (қазақша садақа) – қазаққа тән дәстүрлер. Ешкім ешбірін шариғатқа шалыс деп айыптай алмаса керек.

Келесі Исламмен быйланыстыратын дәстүр сүндетке отырғызу. Баланың жетінші күні немесе балиғат (7) жасына толғанға дейінгі аралық ішінде сүндетке отырғызылады. Жәбірдің риуаят етуі бойынша; «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі немересі Хасан мен Хусейнге жеті күн толғанда оларға арнап ақиқа құрбанын шалды да, оларды сүндеттеді»[2] Сүндетке отырғызу ислам дінінен кіріп, кейін келе қазақтардың ұлттық әдет-ғұрпына айналған. Осы сияқты қыздың қалын малын беру, сырға салу, ұзату, байғазы, сүйінші, қәде сұрау, сәлемдесу, т.б. көптеген Ислам дінімен сабақтас дәстүрлер бар. Жаназаға қатысты Олжас Сүлейменов: «Бейіт - діни сенім көрінісі. Өлікті жерлеу ғұрпы және оның таңба формуласы бір халықтан екінші халыққа дінмен бірге, яғни әлеуметтік сана арқылы ғана ауысып отырады»-дейді. Марқұмды да ақтық сапарға шығарып салу Ислам дінімен тығыз байланысты.

Қазақ халқында ұлттық дәстүрлердің басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Әр халықтың мәдениетін, тұғырын айқындап беретін таразы-сол халық ұстанған идиологиялық рухани жол, яғни діні. Елбасымыз «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп атап өткендей  діни құндылықтар сол күйі қалады. Ал дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін, қадірлейтін халық. Салт-дәстүрге бай халық, ол мәдениетке де бай халық. Әр бір елдің азаматы салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрыпымызды біздің ұлттық құндылықтарымыз деп бағалауы керек. Ғасырлар бойы қалыптасып, жетіліп, қиын дәуірлердің сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі ұрпаққа бізге жеткен дүние. Мәдениет дәстүрлі құндылықтардан құрылады. Дәстүр мен мәдениеттің тоғысы бір. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Салт-дәстүрдің ел арасында тәлімдік, тәрбиелік мәнісі зор. Атадан балаға көшіп, дамып отыратын дәстүр, халықтың мәдени тұрмысын, салт-санасын, мінез-құлқын, тәлім- тәрбиесін және рухани байлығының көрінісін  салт-дәстүр арқылы танылды. Солай бір ұлттың мәдениеті қалыптасады. Дәстүр мен мәдениеттің тоғысы бір. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады.

 

1      Имам әт-Тирмизи 1519

2    Бәйһақи, Китабуль Әшриба», №17006-хадис

 

Түркістан облысы «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ бөлім маманы                         Асхат Дүйсен



 

 

0 пікір