Берекесіз жанұяда – бірлік болмайды
Берекесіз жанұяда – бірлік болмайды
19.03.2020
1515
0

Жанұя қоғамның ең маңызды ұйытқысы екені баршамызға мәлім. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады.

 Ал, берекесіз жанұяның белгісі – отбасы мүшелерінің өмір сүру тәртібінде рет болмайды және олардың ерекшеліктері, талаптары, ескерілмей  тіршілік үйлесімі жөн-жосықсыз қойылады. Бұндай жанұяда қандай бір күтпеген келеңсіз жағдай туындаса, отбасы мүшелері бір-біріне сенім арта алмай қалады. Осындай ортаның тәрбиесі сіңген жандар сабын сияқты сырғанақтап  қолда тұрмайтын тұрақсыз күйге ұшырайды. Қоғамдық ортада құбылып жүреді, әрі берекесіз күй кешеді. Тепе-теңдік таппай дал болады.

Берекесі бұзылған жанұяның тағы бір белгісі мінсіздік дертіне ұшырайды. Шайтан адамды алғаш рет осы бір мінсіздік дерті арқылы адастырған. Құранда айтылғандай шайтан адамды, «Раббыларың сендерді осы ағаштан (жеуді) екеуің періште боп кетеді деп тыйған» деп азғырды. Өкініштісі, адам ешқашан періште болмайды. Бірақ қу  шайтан оған «періште боласың» деп, мінсіздік дертін жұқтырған жоқ па?! Міне, бұл адам баласын қақпанға түсірудің ең бір тиімді жолы.

Дәл осы қақпан берекесіз жанұя мүшелеріне әртүрлі жолмен құрылады. Әке баланың мінсіз болуын қалайды. Бұл мүмкін емес шаруа. Мұндай талап қойылған адамдардың алдында екі түрлі таңдау болады. Біріншісі, шындықты мойындау, яғни адамның мінсіз бола алмайтынын ұғыну. Екіншісі, мінсіз болуға ұмытылу. Яғни, отағасының айтқанына көну, айдағанына жүру. Мұндай тәрбиеде өскен бала өзіне үнемі көңілі толмайтын, үмітсіз әрі тұрақсыз болып келеді. Нәтижесінде қуыс кеуде, сотқар немесе тұлғалық қасиеттен жұрдай, болашағынан үміті жоқ, қара пиғылды жандар шығады.

Мінсіздік тұзағына түскендер «кінәлауды» құрал ретінде отбасылық тәртібіне орнықтырады. Әрине, отбасы мүшесі мінсіздік талабына сай болмағандықтан кінәлау басталады. Мінсіздікті талап етуші, яғни отағасы «басқаның баласын қарашы, ананың әйелі қандай...» деген сияқты ұрыс-жанжал шақырып отырады.

Жанұядағы ұзаққа созылған кикілжің мен араздықтың туындауы қалыпты жағдайға айналады. Осындай олқылықтардың нәтижесінде жанұяда ешкім, ешкімге сенбейді. Бұл көзбояушылық һәм сырттай арбаудың бір түрі: оның астарын ашып қарайтын болсаңыз, сенімсіздіктің үрейлі келбетіне куә боласыз. Мысалы, жанұя мүшелері отбасылық мәселе жайлы сөз қозғағанда бір-біріне сенбейтінін білдіріп қояды. Мұны бірі жоқ кезде ашық айтады. Жүзбе-жүз отырғанда ештеме айтпайды. Осындай жанұяда өскен бала сенімді қарым-қатынас көрмегендіктен, болашақ өмірінде өзі де сенімді қатынас құра алмайды. Өзіне көмек қолын созғандардарға күдікпен қарайды. Олардан астыртын пәле іздеп адасады. Өйткені, ол шынайылылықпен  тәрбиеленбеген.

 Сөзімізді түйіндей келе, қазақ халқының салт-дәстүрі мен дәстүрлі дініміз Ислам өз кезегінде отбасына ерекше назар бөлетіндігін ойымызға сақтағанымыз дұрыс. Ал,  Исламда отбасы құру – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Жанұяда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. «Рум» сүресінің 25-аятында: «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған» - дейді.

Сондықтан, бақытты ғұмыр кешу үшін жанұя құруда жақсы жар таңдауда өте мұқият болу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) : «Кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некелеседі. Дүние-мүлкі, шыққан тегі, сұлулығы мен діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардың ішінде діндар болғанын таңда, үйің берекетті болсын» – десе, Абай хәкім өзінің өлең шумақтарында:

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,

Кедей қызы арзан деп, құмарланба.

Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - деп келтіреді.

Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің тән сұлулығы мен дүние-мүлкіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін көпшілігі аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін мал-дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленетін болса, бір-біріне деген махаббаты сол қу дүниеге салынып, ақыры ажырасуға әкеп соқтырады. Сондықтан ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай дұрыс қадам жасағаны жөн.

 

Түркістан облысы қоғамдық  даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Д.Аманов

0 пікір