Бекершілік – берекенің қас жауы
Бекершілік – берекенің қас жауы
09.06.2020
928
0

«... Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын...» - деп, жеке адам үшін, тұтас қауым, халық үшін де ең қадірлі, қажет іс – еңбек екенін Хәкім Абай өз халқына  талмай, тынбай жеткізді. Осыдан соңғы сан еңбегінде Абайдың бұрын қазақ ақындары айтпаған бір тақырып етіп алатын айнымас ойы – еңбек туралы болады.                                                           

Жасыртаны жоқ, әлем күн өткен сайын емес, тіпті сағаттап, минуттап дамып бара жатқаны баршамызға мәлім. Осынау жаһандану заманында еңбек етпегеннің асығы алшысынан түспейтіндігі түсінікті. Дей тұрғанмен,қолайлы өмір сүруге, білім алуға, алға қойған мақсаттарға жетуге барлық жағдайлар жасалып жатса да, «алма піс, аузыма түс» деп, жалқаулыққа бой алдырып жүрген жандар жоқ емес. Ал олар өз кезегінде өзі өмір сүріп отырған ортаға орасан зор зиянын тигізе отырып, қоғамның тыныштығының бұзылуына алып келері сөзсіз. Жоғарыда келтірілген кемеңгер Абай атамыздың тәлімі терең сөздерінен ұғынықты нәрсе, жастарға, әсіресе жасөспірім кезінде жақсы үлгі көрсетуге тиіс «бекершіліктен босамайтын» аға буын өкілдері, өздерінен кейінгі жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар бере алмай, лайықты үлгі өнеге көрсете алмай, қаншама жасөспірімнің болашағына «балта шабуда». Өз кезегінде пайдалы нәрсемен айналыспаған адамның зиянды һәм пайдасыз әрекеттерге бой алдыратыны белгілі.                                                     

Қазақ халқында  жалқаулық туралы «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» - деген нақыл сөз бар. Осы орайда халқымыздың біртуар тұлғаларының адам бойындағы жалқаулық деген жаман әдеттен арылу үшін онымен қалай күресу керектігін нұсқап көрсетеді. Абай атамыздың 38-ші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық  екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» - деген.                              

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай дейді: «Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Демек, кедейлікке құшақ жайып, жалқаулық дертін асқындыратын осы үшеу екен. Содан соң Мәшһүр атамыз сөзін жалғап олардан құтылудың жолын айтады: «Кежірліктің тамыры желкеде болады. Кежір кісінің желкесінен тартып, қаңтарып қойған қырық  қаңтаруы  болады. Бірі жіберсе де, бірі жібермей, ішетұғын астан, алатұғын олжадан  құр  қалдырады. Жалқаулықтың  тамыры  жерге  отырарлық  дүнбенің  алақан аясындай  айналасында  болады. Орнынан қозғалып тұрғысы  келмейді,  шайқалып  отыра береді. Ұйқының  тамыры  шынтақта  болады. Ұйқышы болатұғын қу шынтағын жерге тіреп жата береді. Тілалғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті дәнеме қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-былай жүріп үйрен, жалқаулықтан құтыласың! Дүние-ақыреттің бірі  болмаса, бірінің уайымын ойлап: «Қалай қыламын, қайтіп  есебін табамын?!» - деген ойға түс, ұйқышылықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, әр нәрсеге жетеді.                                              

Уақытты тиімді пайдаланбай, жалқаулықтан арыла алмаудың орасан зор зардаптары бар екендігін кемеңгер тұлғалар өз дәрежесінен асырып-ақ түсіндіріп кеткен. Ендеше жалқаулық сияқты мінездегі жағымсыз сипаттан арылу үшін адам күнделікті тіршілікте өз алдына мақсат-міндет қойып, оны қалайда әрекет жасап жүзеге асыруым керек деген талап қойып отыруы қажет. Жалқаулық жас талғамайды. Ол барша адамзат баласына тән қасиет. Алайда, кейбірі оны еңсеріп жатса, енді бірі керісінше еріншектікке салынып кетіп жатады. Алайда, бұл жалқаулыққа бой алдырған адамның өмір бойына сол қалпында қалатынын білдірмейді. Кейде көзіміз шалып жататын бесіктен белі шықпаған қаншама жасөспірім уақытын зая кетіріп, бекершіл болып жүріп, теріс әрекеттерге баруда. Алкагольді ішімдіктер ішіп, түрлі қылмыстарға баруда. Алтыннан қымбат уақытын пайдалы дүниелермен шұғылдануға арнамаса оған кері жағдай орын алары баршамызға белгілі.  Қоғамда орын алып жатқан қаншама қылмыстың артында осы – бекершілік пен жалқаулықтың жатқаны мәлім. Дер кезінде білім мен тәрбиені ұштастыра алмай, оңай дүниеге қол жеткізу үшін қаншама қылмысқа ұрынып жатады. Ал бұл жағдайларға кім кінәлі?                                                                     

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде «Егер ол жаман болса, оған оның өз замандастары кінәлі» - деген. Егер сіз танитын, қарым-қатынасыңыз біршама түзу адамның бірі өмірде қадамын қисық басып жатса ол жағдайға сіздің де қатысыңыз бар екендігін кемеңгер Абай атамыз бір-ақ ауыз сөзбен меңзеп тұр...

Бұл тақырып төңірегінде сөз қозғалғанда қоғамның тыныштығын «ұрлаудан» жалықпайтын жат ағым өкілдерін айтпай кете алмаспыз. Себебі «өздері ғана тура жолдағылар» санайтындар  айналасындағы болып жатқан жағдайларларға мүлдем бей-жай қарап, олардың болашағы мен өмірі үшін мүлдем алаңдатушылық танытпайды. Өйткені, оның түсінігінде өзі сияқты ойламайтын, оның жолымен жүрмегеннің бәрі де «адасқандар».  Өз ойында «күл болмаса бүл болсын» деуден де тайынбайды. Шын мәнісінде шынайы исламда өзінің ғана қамын ойламай, өзгелерді де дұрыс жолға шақырып, жамандықтан аулақ болуға септігін тигізу – мұсылманның міндеті. Егер әркім «өзім шыққан тау биік болсын» дегенмен жүретін болса, қоғамдағы келеңсіз жайттар күшейіп, зиянды іс-әрекеттер артады. Бұл ойымызға айқын дәлелді Құранның Әл-Имран сүресінің 104-аятынан айқын аңғарамыз: «Сендердің араларыңда мынандай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер» - деп бұйырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің әйгілі дұғаларында әлсіздік, жалқаулық пен қарыздардан пана іздеген.

Жоғарыдағы аятқа сүйене отырып, ақпартатардан түйіндей келе, қоғамдағы жаман әдеттерді жою үшін әркім шама-шарқы жеткенше септігін тигізсе екен дейміз. Бұл кейбір жекелеген тұлғалардың немесе белгілі бір мекемелердің ғана жұмысы деп түсіну жаңсақ пікір. Себебі бүкіл адамзат баласы өмір сүріп отырған мынау әлемді кеме деп алатын болсақ, дана халқымыз айтқандай «кемеге түскеннің жаны бір». Айта кету керек, қылмыстың көпшілігінің тамыры – бекершілік. Балаларды білімді, еңбекқор, өз кәсібін жетік білуге ​​тәрбиелеу оларды болашақта халқымыз үшін пайдалы тұлға етіп қалыптастырады. Сондықтан біз жастарымыздың бос болуына жол бермеуіміз керек, оларды білім алуға, оқуға, түрлі үйірмелерге, спортқа, мәдени демалыстарға тартуымыз керек. Қазіргі уақытта бұл мәселе біздің ел үкіметінің назарында, жастарға барлық жағдай жасалуда.

 

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір