Ұстазды сыйлау – ұлылық
Ұстазды сыйлау – ұлылық
16.08.2023
1011
0

Жарық дүниенің есігін ашып, ес кіре бастағаннан әр адам дүниені танып-білуге талпынады. Сұрақ қойып, жауап алғысы келеді. Осы жолда ол бір адамға ерекше қарыздар. Ол – ұстаз!

Бұрынғы заманда шəкіртке «Сенің үш əкең бар: біреуі – бел əкең, тағы біреуі – білім берген ұстазың, үшіншісі – сен қызын алған кісі»,-деп оқытады екен. Бұл ұстазыңды əкеңдей құрмет ет деген тəрбие болса керек. Мұғалімге деген құрмет, оның жолын кеспеу, алдына түсіп алмау, орындығына отырмау, рұқсатсыз сөз бастамау, сөзді көбейтпеу сияқты əдептілікті де қамтиды.

Дүниеде мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Ұстаздық – барлық мамандықтың анасы» дейді дана халқымыз. Себебі, ұстаз алдынан дәріс алмайтын адам жоқ. Ұстаз берген тәрбие – жол сілтер шамшырақ. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  – бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»-демекші, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын ұстазы Аристотельді: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым», – деп еске алатын болса, Жамбыл атамыз: «Менің пірім – Сүйінбай»,-деп ұстазын «пір» санап, құрметтеген. Ал Абылай хан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» шайқасында жетім қалып, Төле би оны асырап, тәрбиелеп, оқытады. Сол себепті, хан Абылай да ұстазын сыйлаған. Шәкәрім де Абайды ұстаз тұтып «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр, баралық»,-деп жырға қосқан.

Дәстүрлі ислам дінінде де, ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету – ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), – делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар», «Надандардың арасындағы ғалым – өлілердің арасындағы тірі секілді», «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету»,-деп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған.

Имам Әбу Ханифа мен ұстазы Хаммад ибн Әбу Сүлеймен арасындағы ұстаздық-шәкірттік қарым-қатынас ерекше болған. Имам Ағзам ұстазы Хаммад қайтыс болғанға дейін одан 18 жыл тоқтамастан сабақ алады және оны қатты жақсы көретін. Бұны өзінің: «Мен Хаммадқа кенеше жабыстым»,-деген сөзінен байқауға болады.  

Бір сөзінде: «Хаммад қайтыс болғаннан бері әр намаздан кейін ата-анаммен бірге Ол үшін дұға етіп, Алланың рақымына бөленуін тілеп келемін»,-деген. Ұстазын құрметтегені соншалық, «Хаммадтың үйі мен менің үйімнің арасында жеті бірдей көше жатқанына қарамастан, ол жаққа қарай аяғымды созған емеспін»,-дейді.

Шәкірт өз ұстазын сыйлап, есімін қадір тұтуға міндетті. Үлкен ғалымдардан «Бойында бекзаттығы бар кісі әмірші болса да, төрт нәрсені жасауға арланбайды: әкесі шақыртса орнынан тұрады, ұстазына қызмет көрсетеді, білгенін сұрап алады, қонағын құрметтеп күте біледі»,-деген ұлағатты сөз қалған.

Қорыта келгенде, құрметті ұрпақ тәрбиелеп отқан әрбір ата-ана! Балаңыз білім ордасына қадам басқаннан бастап, балаңызға бірінші кезекте ұстазын құрметтеуді үйретіңіз. Себебі, тəрбиесіз білім алысқа шаппайды. Абайдың қара сөзіндегі қайрат, ақыл жəне жүрек үшеуі өз артықшылығын айта жарысып, ақыры төрелігін білімнен сұрағанда «…Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа əрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы…»,-деп білім мен тәрбиені және діндарлық таңдағанын естеріңізде болғай дегіміз келеді.

 


 Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                              

0 пікір