Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деп бекер айтпаған. Сондықтан әрбір дүние есігін ашқан жас сәбилердің жүрегіне ұлттық құндылықтарды орнатуымыз қажет.Дін жайлы қазақ ағартушыларымыздың көзқарастарына тоқтала кеткен жөн. Данышпандарымыздың дінге, иманға байланысты ойларына тоқталсақ. Шәкәрім Құдайбергенұлы «Дін» атты өлеңінде:
Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұл қалай деп ойласам.
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп,
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр, - деп толғауының өзінде, дін мәселесін жан-жақты ашып бергені анық. Бүгінгі таңдағы неше түрлі ағымдарды Шәкәрімнің мына шумақтарымен де түсіндіруге болады:
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр, - яғни әркімнің өзінің ұстаған діні, сенімі дұрыс деген пікірді айтып отыр. Расымен де, дін ұстай алсаң, қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің болып тұр.
Шәкәрім тағы бір өлеңінде:
Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,
Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,
Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.
Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,
Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар.
Дiн адамды бiр бауыр қылмақ едi,
Оны бөлiп, дұшпандық қару жасар.
Iнжiл, Құран – бәрi айтып тұрсадағы,
Мағынасынан адасып қара басар.
Сүйтiп бұзып, бүлдiрiп есiл дiндi,
Дiн десе бiлiмдiлер тұра қашар.
Ешбiр дiн үйтiп дұшпан бол демейдi,
Қанеки, бұл сөзiме кiм таласар? - деп дін атын жамылып жүргендерді әдемі сипаттаған.
Қорыта келе әрбір ұлт өзінің ұлттық құндылықтарымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңдағы ғаламдану үдерісінде, Еуропалық өмір салтына еліктеу басым болып тұрған қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтау-ұлттық сананы сақтаумен егіз ұғым іспетті болып отыр. Ұлттық құндылықтар дегеніміз - белгілі бір ұлтқа тән, сол ұлттың даму, қалыптасу тарихында ғасырлар бойы мәнін жоймаған рухани және материалдық қасиеттер мен қажеттіліктер жиынтығы. Ұлттық құндылықтарға мыналар жатады: ұлттық тіл, ұлттық дүниетаным, халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүрлер, салауатты өмір салтын ұстану, ұлттық шаруашылық, ата-кәсіп, қонақжайлылық, бауырмалдық, мейірімділік, көпшілдік, мәдениеттілік, инабаттылық тағы басқа.
Ұлттық идеология деген де сол ұлтты ұлт етіп ұйытып отырған негізгі ұстындарды (тіл, дін, діл, дәстүр т.б.) қоғамның әрбір мүшесінің саналы түрде меңгеруі деп түсінген дұрыс болар. Бүгінгі күні сырттан келіп санамызға тықпаланып жатқан әрбір ой-пиғылдың астарына үңіле білетін адам болу үшін ұлттық идеологияның тәрбиелік мәні ерекше болмақ. Сондықтан экстремистік пиғылдарды танып білу үшін өзін-өзі таныған, кеше кім болғанын? Бүгін кім екенін, ертең кім боларын анық білетін саналы ұрпақтың ғана қолынан келер іс болмақ. Жастарымыздың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, ибалылық, төзімділік сияқты қасиеттерді арттырып, ұлттық құндылықтарды толық түсінуге септігімізді тигізген абзал.
Қ.Салықбаев
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу діни экстремизммен күрестің бір жолы
Көп оқылғандар