Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады
Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады
15.11.2022
47307
0

Қазақстан – көпұлтты мемлекет.  Зертттеулерге сәйкес Қазақстанда 130-ден аса ұлт бар. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден бастау алады. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы. Ұлттың қорғаны – бұл біздің ұлттық болмысымызды көрсететін тіліміз, дәстүріміз және рухани мұрамыз.  Кезінде ата-бабаларымыз елімізді «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қалай қорғаса, ұлттық болмысымыз бізді жаһандану секілді алып айдаһардан дәл солай қорғайтындай.                                                                                          

Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген.                        

Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан ғасырға жеткен халықтың қазынасы –  тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз.  Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз  қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба? – деп алаңдауымыз керек.                                                                     

Абай: «Адамды заман билемек, заманға жаман күйлемек»- дейді. Бұл әлемдік даму жолын түсінуге мүмкіндік береді. Біз үшін жасанды, виртуалды, әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық бірегейлігімізді және рухани ерекшелігімізді сақтап қалу аса маңызға ие.  XXI ғасырда  рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай белес тұр. Бұл ең маңызды мәселелердің бірі.                              

Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. Әрине, халқымыздың ұлттық құндылықтары өте көп. Оларды іріктеп, бес бағытта қарау заман талабы секілді.

Бірінші құндылық  – тәуелсіздік және тарихи таным деп атаған жөн. Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Ту – ұлттың бірігуіне ықпал етеді. Ұлттық сананың биіктігін көрсетеді. Тәуелсіздік – еркіндік пен азаттықты ғана алып келмей, сонымен қатар, ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын жақсартты, өзін танытты.  Тарихи танымның  ар жағында тек өткен жылдар мен көнерген ғасырлар сыры  тұрған жоқ. Ұлттың   болмысы, санасы, дәс­түрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, тәрбиесі бірде әлсіреп, бірде жетіліп ғасырлармен бірге жаса­сып келеді. Тарих – тәр­бие­ші, ұлт­­тың  бағдары, жол сілтеушісі.  Тарихы бекем жасалған халық дұрыс бағыт алады. Бірегей көп томдық мемлекеттік тарихымызды өзіміз жазбай ұлттық құндылықтарымызды орнықтыра алмаймыз.                                                 

Екінші құндылық – ел мен жер деп білемін. Қазақта: «Егесіз ел азар, иесіз жер тозар» деген мақал бар. Ұлан ғайыр даланы бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтады.  Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғады. Қазақтың жері – қасиетті. Ол бүгінгі жаһандық тайталас кезіндегі ұлттық бірігейліктің символы болып қала береді.                                                                

Үшінші құндылық – тіл, әдебиет және руханият. Тіл мен әдебиет – ұлттың жаны мен жады, оның бет-бейнесі, өткені, бүгіні мен болашағы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,-деп тілдің ұлт үшін қандай маңызы бар екенін  бір ғана ауыз сөзге сыйдырған еді. Тілді қорғау – ұлтты қорғау. Ана тілі – ұлт жүрегі, ұлт тілегі. Тілдің болашағы – ұлттың болашағы! Тілде халықтың бүкіл болмысы, рухы, ішкі жан-дүниесі көрініс табады деп жатады. Қазақтың тілінен қазақ халқының қаншалықты кемеңгер халық екендігін аңғаруға болады. «Дауға салса алмастай қаған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған әрі байырғы, әрі мәңгі жас отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! «Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,-дегендей,  Қазақтың ұлттық болмысын ұлы кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлы секілді  бір ауыз сөзбен шеберлікпен ешкім суреттеп бере алмас.                                                        Имандылық бар жерде – тәртіп те, бейбітшілік те, адами құндылықтар да сақталады. Сонда ғана  ұлттық құндылығымызды жаңғырта аламыз,  дамыта аламыз. Ұлы Абай бабамыз өзінің  38-қара сөзінде«Толық адам» концепциясын ұсынған. Алла жолымен жүрген, білімді адам ғана толық адам деп есептеледі деген. Бұл – дүниенің тіршілігін ұмытып, сәждеге  бас қою  ғана емес.  Бұл  – білім, ғылымды дамытып, елге адал қызмет ету, әділдіктің ақ жолынан таймау, кісі ақысын жемеу деген сөз.                                                                 

Төртінші құндылық – ұлттық дәстүр және отбасы. Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы –  тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Расында, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы екенін ұмытпайық. Баланы бесіктен тәрбиелеу –  ұлттық ұғым кепілі.                    

Бесінші құндылық – білім мен біліктілік. Білімді ел – озады, ғылымсыз ел – тозады. Елімізде білім мен ғылым саласына үлкен қамқорлық жасалды.  Өйткені, кез келген қоғам – адами капитал арқылы дамиды.  Ұлттық құндылықты қалыптастыратын да, дамытатын да білімді, білікті кәсіби мамандар.  Әл-Фараби бабамыз: «Дүниеде тәрбиесіз берілген білімнен  қауіпті нәрсе жоқ» деген екен. Сондықтан да білім мен тәрбиені бір процестің екі жағы деп қарау қажет.                                                                             

Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады. Ұлтты құрметтеу –  атап өткен барша ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құрмет көрсету, сақтау. Ұлтсыздану  ұлтты, мемлекетті әлсіретеді. Қоғам дамуын тежейді. Бұл – тарихи шындық. Сондықтан тарих, замана алдындағы ұлы сынақ кезінде біз өз таңдауымызды жасадық. Әлемдік озық  құндылықтарды игере отырып, оны ұлттық құндылықтарымызбен байыта береміз. Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес.

 

Г.Бекжан 

Теолог маман                                                  

0 пікір