Ұлттық құндылықтар – ұлт мақтанышы
Ұлттық құндылықтар – ұлт мақтанышы
16.04.2021
2918
0

Қазақы мінез, қазақы рух, қазақы менталитет, қазақы тәрбие деген қасиетті сөздерімізді үлкен мақтанышпен сөз қылып айтып жүрсек те, осы ұлтымыз үшін маңызды ұғымдардың түпкі мағынасы өзгеріп, тек сөз күйінде қолданыста қалғандай сезім болады. Біле білсек, қазақы құндылықтардың ішкі мәнін терең түсініп, болмысымызға айналдырып, құнды қасиеттерімізді бойымызда дамыта білсек, қазақ халқында әлемді таңғалдырарлықтай мол рухани қазына, сарқылмас рухани қуат көзі жатыр. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы. Кезінде Алаш ардақтылары ұлттық құндылықтарымызды өз бақытын, өз басының амандығынан жоғары қойып, табандылықпен, жанын салып қорғай білді. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны, келешегіміздің кемел болу жолында сәулесін шашып, құлдырап кетуден сақтап тұратын мәңгілік шамшырағымыз. «Еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз» деп қазақ әдебиетінің майталманы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, әдет-ғұрып – халықтың ғасырлардан санасына сіңіріп, өмір сүру қағидаларын құрайтын жоралғылар, салттар жиынтығы.

Қоғамның саяси өмірінде ел бірлігін сақтау мақсатында билер соты жариялылығы, əділдігі, шешендігі мен даналығы арқылы екі жақты татуластырумен бітімгершілікке көп мəн беріп отырды. Бабаларымыздың қара қылды қақ жарған әділдігі мен өткірлігін біз бүгінгі құқық саласы қызметкерлерінің бойына дарыта білуіміз қажет.

Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық сана­сының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған.

Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екінші ұлттан ерекшелендіріп тұратыны – оның тілі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, менталитеті және т.б.

Ұлттық құндылығымыздың ең бастысы адамның өмір сүруіне ең қажетті байлық – ана тілі. Тіпті дініміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз, ұлттық өнеріміз, барлық рухани байлықтарымыз тіл арқылы сақталып, баяндалатыны баршамызға айқын.

Атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізді, елдігімізді, дінімізді сақтау, ардақтау қасиетті іс. Еліміз көпұлтты мемлекет болған соң әртүрлі дін өкілдерінің болуы заңды құбылыс.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.

Тәуелсіздік жылдарында жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қойып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген болатын. Сондықтан да егеменді ел болып, өз тіліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілгендіктен, мәдениетімізді ата-бабаның салт-дәстүрімен суарып жандандыра алсақ қана оның ұлттық тарихи бейнесі сомдалмақшы.

Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі дүние жүзі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрінен көп ілгері болып келді, оның тұнып жатқан асыл маржандарын толықтап жинақтап қазіргі жас буындарға жеткізу парыз.

Қорыта келе бүгінгі таңда белең алған жастар арасындағы келеңсіз жайттардан арыламыз десек, ұлттық тәрбиеге баулитын салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың маңызының тереңде екендігіне көз жеткіземіз. Жалпы баланың  бойына қадір-қасиетін жоймаған салт-дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен, жыраулық қисса-дастандар, шешендік өнер және нақыл сөздермен, эпостық және батырлар жырымен, мақал-мәтелдер, ұлттық ойындармен тәрбиелеу арқылы сіңіргені абзал.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы                                                                      Қ.Салықбаев

0 пікір