Ұлттық дәстүр иман сабақтастығы
Ұлттық дәстүр иман сабақтастығы
16.11.2022
437
0

Ұлттық дәстүр деген – кез-келген ұлттың жер бетінде алғаш рет рулық, тайпалық бірлестік ретінде пайда болып, сол уақыттан бері қарай күнделікті өмірінде үзбей қолданыста келе жатқан өмірлік қағидасы, ұстанған жолы десек дұрыс болар. Белгілі дәстүрлер осыдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған болуы да мүмкін. Содан бері бұлжымас заң, бұзылмас қағида ретінде қазіргі ғылым мен технологиялық заманда да өзінің өміршеңдігін жоғалтпай сақталып келе жатыр.

Дегенмен қалалық мәдениетке бой үйреткен қазақтар өз салт-дәстүрімізді елеп ескермей жататын кездері де болады. Мұндай келеңсіздіктерді қазіргі күні ауылда тұратын жастарда жасап жататын жағдайлар болып тұрады. Ұлттық дәстүр дегенге «дамымаған», келеке етіп «колхоз», «совхоз» деген секілді кекесінмен күліп жататын кездері болады. Ал намаз оқуға бет бұрғандары құдды бір айдан жаңадан келген адамдарша бұл дінде барма екен өзі? деп өзін ғана мұсылман санап өзгені екінші сортты адам ретінде қарап жатады. Бірақ ұлттық дәстүрлеріміздің тереңіне бойлап қарап жатсақ нағыз тәрбие, нағыз мұсылмандық мәйегі сол бір елеусіз қалдырып жатқан қазақы нақышты сөздерде екенін білгенде еріксіз басыңызды шайқайсыз. Сол ұлттық дәстүрлердің бірнешеуін саралап көрелік. Соның бірі үйге келген қонаққа, үлкенге су құю дәстүрі.

Қазіргі күнде оқырманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабынан үзінді келтірелік. «Ауылдан әжеміз келген. Жетпісті желкелеген кісі. Сол кісіні алып жездеміздің үйіне қонаққа барғанбыз. Ет дайын болып қалғанда апайымыз: «Ал мына жаққа қолдарыңызды шая қойыңыздар» деді. Қолымыз тап-таза болса да ас алдында қол шаю сіңіп қалған сүннет қой, бәріміз жапа-тармағай орнымыздан тұрдық. Алдымыз есіктен енді шыға бергенде әжеміз саңқ ете қалды: «Әй, отырыңдар, түге! Бұ қалаға келдік деп қонақтың қолына су құюды ұмытып қалған ба? Шақыр ана Ерасылды тай жеген бөрідей талтаңдатпай» дегені. Ерасыл деген жиеніміз ғой. Он жаста. «Су құйсын, біреудің рахметін алмаса, алғысын алуға ұмтылмаса қайтып адам болады деп отырсыңдар?» дейді әжеміз.... Су құйған «жігітке» бәріміз «Ой, көп жаса», «Рахмет!», «Алла разы болсын!», «Оқуда озат бол!» деген ақ тілекті жаудыртып жатырмыз». Демек үлкенге су құю үлкен азамат болуға деген ұмтылыстың алғашқы баспалдағы десек те болғандай.

Елеп ескермей жататын дәстүрдің бірі әрі бірегейі болған бата беру дәстүрі. Кейде жиын тойларда, шілдехана, бесіктой, сүндет той секілді қуанышты күндерде ежелгі жөн-жосық бойынша үлкеннен бата сұрау бар. Бірақ сол бата беруді өз деңгейіне жеткізбей тойда айтатын тост сөзі сияқтанып кететін жайларда болып тұрады. Қазақта қарты бар үйдің қазынасы бар деуші еді. Сол рас екен. Кейде мешіттерде жұма намазының соңынан жамағат ішіндегі ақсақалға бата бергізіп жатады. Ал өзге уақытта намаз біткен соң арабша дұғаларды судыратып тұратын орта жастағы аға буын өкілдерін көріп қаламыз. Намазының соңын қазақтың жөн-жосығы ақ батамен аяқтаса Жаратушы ие «неге арабша дұғамен аяқтамадыңдар» демейдіғой. Айналып келгенде ақ бата да Құдайға деген бір қадам болса да жақындау. Ұлтымыздың атақты батыры, Мәскеуді бес рет жаудан қорғаған батыр атамыз Бауыржан Момышұлына құндақта жатқан кезінде атасы былайша бата берген екен: «Шыбық берсем шіл болма, құрық берсем құл болма. Бәрінен де құлыным баяны жоқ, ұл болма» деп. Мүмкін осы батаның әсері шығар бүкіл дүние жүзі батыр атамыздың ерлігіне бас ұрғаны.

Кейде өмірімізде ырым-тыйымның түрі тым көп. Үйтпе, бүйтпе, сөйтпе деген секілді. Жіпке тізген моншақтай санасаң соңына жете алмай жатамыз. Бірақ оның мәніне терең бойласаң олда бір құндылық, ол да бір тәрбиенің құралы екен. Тіпті мұндай сарын қазақ халық ауыз, дәстүрлі әндеріне де сіңісіп кеткен. Жас баланың қолына таяқ ұстап, тіреніп тұрғанын көрсе үлкендер жағы «Тәйт!» деп жекіп тастап жатады. Сырт көзге қарасаң онда тұрған не бар? Діншілдік ауруын жұқтырған жандардың көзімен қарасаң мен тек «Құдайдан ғана қорқамын» деген жауап естисің. Енді осы турасында аз-кем ақпарат беріп өтсек. Бір бала деген өлеңді білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол өлеңнің алғашқы жолы: Талдан таяқ жас бала таянбайды.... Неге? Таяқ сүйенсе не болыпты? деген заңды сауал шыға келеді. Әр жердің салты басқа дегендей. Әр жерде отырған қазақтардың дәстүрі әр түрлі болып келеді екен. Кейбір өңірлерде қаралы үйге көңіл айтуға барғанда қолына таяқ ұстаған адамдарды байқап қалатын кездер болып қалады. Ал мұның мәнісі «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» дегендей, жақынынан айырылған жанның таяққа сүйеніп әзер тұрмын деген ым-ишарасы екен. Демек жоғарыда айтылған тыйымның астарында осындай терең философиялық астар жатыр екен. Этнограф Ақселеу Сейдімбек атамыздың айтуынаша: «Кезінде қазақ даласын отарлау үшін барлаушылық экспедициялары сан мәрте жасалды. Сонда орыс отаршылдары мына нәрсеге таңқалыпты: Қазақтар үлкен мемлекеттік іргелі істерді бір ғана сөз – уәде деген терең ұғыммен шешіп кете берген екен. Өйткені Уәде – Құдай сөзі» деп түсінген. Ал мұндай қасиетте ұлттық салт-дәстүрімізден тамыр жайған.

Бұл мақаламызда күнделікті өмірімізде терең қанат жайған салт-дәстүр мен ырым-тыйымның тек бірнешеуін ғана мәнін аша алдық. Этнографиялық бағытта жазылған еңбектерді парақтар болсаңыз тіпті таңқалып, басыңызды шайқайсыз. Жаратушы Ие мен Пайғамбардың сөздерін бойға сіңіріп өзінің ұлттық шапанымен бүркемеленіп тұрған қасиетті дәстүрлеріміз әлі қаншама. Сол үшінде ең бірінші өзіміздің ұлттық болмысымызды тануға ұмтылсақ еш нәрседен ұтылмасымыз анық, ақиқат.

 

 Қ.Қосмаханов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                        

0 пікір