Шәкәрім Құдайбердіұлының исламдағы көзқарасы
Шәкәрім Құдайбердіұлының исламдағы көзқарасы
26.04.2022
886
0

Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ әдебиеттану ғылымының ұзақ жылдар бойындағы тынымсыз талпыныстарының нәтижесінде «коммунистік идеология» атты «қара теңіздің» қыспақты құрсауынан босап, әділеттіктің ақ айдынына шыққан, ақиқатын айғақтаған асыл қазыналардың бірі ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында қалам тербеген талант иесі, суреткер жазушы, көрнекті ақын.

Шәкәрім өзінің көркемдік ой танымын арғы-бергідегі әдеби дәстүрлермен сабақтастырып, кешегіні бүгінгімен және ертеңгімен жалғастырып өткен талантты перзент. Туған халқының мәдениеті, азат ел болып, еркін еңбек етіп, бейбіт өмір сүруін армандады. Сол үшін жан сала күресті, сол мақсаттан жазушылық арнасын тапты. Шәкәрім терең ойға құрылған, күмістей жарқын жырлар жазуды мақсат тұтқан. Өлең сөздері мыс араласпаған таза күмістей, тереңнен толғап, жүрек сырын шертерліктей болуын, ұйқасы жатық болуын көздейді. Кейде ол Абай шығарған өлең өлшемдерін, шумақ түрін, ұйқастарын қолданып жырлады. Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып дала, қала жайларын өз көзімен көріп, ондағы әр түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Шәкәрімнің дүниетанымының негізгі ерекшелігі дін және руханилық мәселесін қарастыру мен өзіндік рухани-құндылықтық категориялардың жүйесін ұсыну болды. Ойшылдың рухани ізденістері бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан қарасаң да құндылығы мол рухани мұра. Ол адамдар бойындағы имандылық, діни-рухани тазалық мәселелерін қарастыра отырып, бірқатар ұсыныстары мен тұжырымдарын ұсынған. Рухани ұстазы Абай және замандастары сияқты Шәкәрім шығармаларында толығымен адам мен қоғамдық дамудың жолын іздестіріп, ол діннің ақ жолын қоғамдық дамудың рухани негізі ретінде ұсынып, әрбір адамның өмірлік құндылықтық бағдарын айқындауда имандылық пен білімге сүйену, адалдық, адамгершілік заңдарын басшылыққа алу керектігін тұжырымдаған шығармаларының берері мол, рухани туындылар. Ақын поэзиясындағы адам мәселесі өзгеше өрнекпен, бөлекше талап-тілекпен сомдалып, алдымен адам жан дүниесінің сапалы жақтарын дамыту баса көрсетіліп, адам табиғи жаратылыстың күрделі нәтижесі ғана емес рухани жан әлемі ерекше қасиетке ие. Дәстүрлі адам мен табиғат бірлігін психологиялық тұрғыдан сипаттаудың тың үлгісін танытқан сөз шебері шынайы болмыс суретінен асып, адам мен тылсым арасындағы нәзік қарым-қатынастың сипатын танытудың жаңа жолын қалыптастырады.

Адам өмірі Жаратушының берген сыйы және аманаты болғандықтан пенде өзінің рухани жан дүниесін байытып, парыздарын орындап, ахлағын жетілдіруі тиіс. Жаратушы тарапынан жіберілген діндерде өткінші және мәңгілік дүниелер туралы айтылады. Бұл діни танымдағы негізгі түсініктердің бірі.

Алаштың абзалы Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз өзінің тағылым тұнған туындыларында Алланың ақ жолын барынша насихаттап, ұлтымыздың әділет ұранына айналдырды. Ол өзінің бай мұраларында қасиетті Құранды және Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін баяндай отырып, ұрпақты қазақтың ата танымынан, тарих тамырынан ажырамауға үндейді.

Шәкәрiм – ақыл-ой, сезiм деңгейi ерекшеленiп, дербестiк дәрежеге жеткен, дараланған тұлғалық бейнесiмен, исламдық дiни пәлсапамен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйенi бiрiктiрген, рухани таза жан. Адамның жан тазалығы, руханилығы оның болмыс кейпiнiң тартымдылығына әкелетiндiгiн дәлелдейдi. Адам бойындағы имандылық қасиеттердің туындауын адамгершілік ақыл-ой, білім, еңбек бәрі де ізгілікке ден қойған жастар бойынан табылса деген пайымдау да – Абай үлгісі. Екі ақын да адам бойындағы жағымсыз мінездерді жоюдың жолы ретінде білімді, ақылды, еңбекті бірінші кезекке қояды. Көрсеқызарлық, арамдық, залымдық, өтірік, өсек, надандық – адамның ізгі  қасиетін тежейтін залалды іс. Бұл тек қана жекенің іс-әрекеті ғана емес,  халық бойынан аулақ, сылып тастайтын зиянкес екендігін баса айтады. Ендеше, осылардан арылтатын құралдың бірі – Абайдың рухани дүниесі, Абайдың ізгілік жолымен жүріп, тағлымын тану дейді Шәкәрім. Ақыл, жүрек, ақжүрек, ой ұғымдарының дәріптелуі – Абай көркемдеп, келістіре жырлаған үрдістің заңды жалғасы. Шәкәрім шығармаларындағы философиялық көзқарас, дүниетаным мәселесінде Алла, жан, өлім, өмір, адамгершілік туралы ойлары да Абай дәстүрінің ықпалы екеніне дау жоқ. Абай көркемдеген «толық адам» бейнесi – Алланы сүйген, адамзатты сүйген, әдiлеттi ту еткен махаббат иесі ретінде сомдалған. Алайда «толық, түзу адам» дәрежесiне әулие, хакiмдер, пайғамбарлар ғана жеткен десек те адам баласына Аллаға құлшылық ету, iшкi дүниесін жетілдіру, қанағат, рахым, мейiрiм, ынсап қасиеттерін ұстану – адами қағидалардың негізі.  Сондықтан да ақын «Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» – деп тұжырымдайды. Ислам дінінде бұл дүниеден екінші дүниенің бар екендігіне сену иман шарты болып саналады. Хадисте: «Бұл дүние - ақыреттің егінжайы», ­- деген.   Мұсылмандықта өткінші, сынақ дүниесіндегі пенденің әрбір жасаған ісі таразыға салынатындығы айтылады. Жақсы адам бұл ізетті, қарапайым, ар-ұятты бойына жинаған, иман  жүзді, салихалы, сабырлы, ибалы адам. Жақсы адам бойында ұлттық және адамзаттық құндылықтар үйлесімді орнығады. Адам баласы жан мен тәннен тұрғандықтан жан мен тән құмарлықтарын қанағаттандыруға ұмтылады. Парасатты, иман  жүзді адам нәпсісін тежеп, өзінің адами қасиетін ардақтап ұстайды.  Имандылықты ұстанып, обал мен сауапты білу, халал мен харамды ажырату адамзат қоғамы үшін әрқашан да басты ұғым болып қала беру керек. Шәкәрім ислам дінін нағыз дін деп таныған, себебі барлық өлеңдеріндегі айтып отқан түпкі ойы Алланы тану, таза жүру, қайырымды іс жасау болып отыр. Ш. Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» кітабында  адамдардың хақысы туралы, адамның мінез құлқы, ауыр кіші күнәлар, Ұлы Жаратушының нығыметіне шүкірлік ету, адамның бойындағы жақсы ниеті, адал істерімен үндесетін исламның шариғат үкімдерін терең талдайды.

Қазақтың көшпенді салтындағы кейбір салт пен амал, әрекеттерге дініміздің шариғи ілімдеріне сүйене отырып, түсінік береді. Мұнда мал сою, неке қию, жерге ие болу, аманат, еңбек ақы, өтемдері жайлы мол мағлұмат алуға болады. Шәкәрім атамыз бұларға ұлттық дәстүрмен исламның тоғысатын тұстарынан тарқатып түсіндіреді.

Шәкәрім – ислам ғұламасы, ислам мәдениетінің ірі қайраткері. Ислам – имандылық пен салауаттылықтың, зиялылық пен тектіліктің, құралы әрі кепілі екені Шәкәрім саналы өмірінде уағыздап өткен. Шəкəрім айтып өткендей, Құдай – бар, ұждан – дұрыс, қиямет – шын деуде. Осы Құдай бар деп оған мойынұсынуды Алла Тағалаға иман келтіру дейді. Енді осы айтып отқан иман турасындағы Шəкəрім атамыздың ой толғамдарына назар аударсақ, иманның  мағынасы  туралы:  «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бəрі шындығына анық ақылмен нанбақ» - дейді. Иман турасында Шəкəрім өте көп ой-толғамдар қалдырған. Иманныың адамдағы шынайы көрінісін Шəкəрім қиянатсыздық арқылы өлшейді. Оның ойынша, қиянатты болу имансыздықты білдіреді.    «Қиянатың бар болса, иманың жоқ. Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат» - дейді. Немесе тағы бір өлеңінде: «Тəңір жолы - ақ жүрек, сайтан деген – қиянат» - деп қиянат жасауды сайтанмен теңейді. Шəкəрім осы «қиянат» ұғымы арқылы сайтанды ұғындырып отыр. Сайтанды бір көріністерден іздемей-ақ осы қиянатшыл адамдардан-ақ көруге болатындығын білдіріп отыр.

Қорыта айтқанда, Алаштың абызы Шәкірім атамыз діннің хақ жолын өз еңбектерінде терең зерделеп өткен. Ақынның ислам дініне, жаратушы Аллаға сенімі, оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік, біртұтастықты танытады. Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім жаратса – тәуірі сол» - дейді. Тәңіріні іздеу, жаратқан Аллаға сену – ақиқатты іздеу, сол арқылы «ең түпкі Жаратушы – мінсіз ие» - деп түйіндеуінен айқын аңғара аламыз. Адам Атадан бастап жер бетіне келіп-кеткен барлық пайғамбарлар Ұлы Жаратушының барлығы мен ақыреттің еш күмәнсіз хақ екендігін жар салса, жүрегі нұрланған күллі ғалымдар мен ұлы ойшылдар бұл сенімге бекем иланып, мына жалған уақытша өмірлерінің ағысын сол бір мәңгі өмірге қарай реттеп, бағыт түзеп ғұмыр кешкен.

 

 Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                               Д. Аманов

0 пікір