Сабырлы жетер мұратқа
Сабырлы жетер мұратқа
26.11.2021
757
0

Сабырлылық жанның сыздауын басатын емдік шөп сияқты, ол тым ащы болғанымен шипалы. Бабамыздан жеткен тәмсіл «Сабыр түбі – сары алтын» – деп бекер айтылмаған.

Қаз дауысты Қазыбек бидің «Бір қолың ұрысшы болса, екінші қолың арашасы болсын», – дегені туыстықтың туын жоғары ұстап, сабырлы болуға шақыруында. Жалпы, сабыр басыңа қандай да бір іс түскенде ғана керек мінез емес, өміріміздің барлық сәтінде жанымыздан табылғаны ләзім. Мысалы, бір адамдар болуы мүмкін, сондай ақжарқын, адам баласын ренжітпейтін, есесіне өте ұшқалақ. Осы қылығының өзі оның тірнектеп жинаған абыройын бір-ақ сәтте төктіруі мүмкін. Үлкендеріміздің «Қара таста тамыр жоқ, ұшқалақта сабыр жоқ» – дегені де бостан-босқа айтылмаса керек. Қандай қиын жаугершілікті басынан өткерген аталарымыздың көбі сабырын ешқашан жоғалтпаған, жорықта сынап баққан. Сонда, бұл ердің бойынан табылатын ізгі қасиет болмақ. Жауға аттанар заманда да, тіпті дауға түсер сәтте де ең алдымен адамға керегі, сабыр екенін салмақты ойымен өсиет еткен бабаларымыздан «Сабы бос шотпен отын жарма, сабырсыз доспен жауға барма» – деген ұлағатты сөзінің өзі де терең ойға батырады.

Атадан қалған маржан сөздерді санамызға салып көрсек, Майлықожа бабамыз: «Сабыр – ақылдың серігі», – дейді. Сабырсыз адам ашуға тез бой алдырып, асығыстық жасап, кейін өкініп жатады.Тілден келетін зиянның кесел екенін де байқаған аталарымыз «Сабырсыз адам мақтанып сөйлер, сапырыстырып, ақтарып сөйлер», – деп жанымыздағы адамдардың көңіліне қаяу салмас үшін абайлап сөйлеуге шақырған.

Әрбір сәтсіздікті Ұлы Жаратушының сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» - деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі. Хақ елшісі (с.а.с.) бір хадис-шарифінде: «Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлылық таныта алсаң, саған соншалықты сауап жазылады» – дейді.

Құран Кәрімде жетпістен астам аяти карима сабырға шақыруда, сабыр етушілерге үлкен марапаттар берілетінін сүйіншілеуде. «Бақара» сүресінің 153-аятында былай делінген:  «Ей, иман келтіргендер! Сабыр етіп және намаз оқып Алладан жәрдем тілеңдер. Күмәнсіз, Алла сабыр етушілермен бірге».

Хз. Әли: «Иманды тұтас дене деп алсақ, сабыр сол дененің басы секілді. Ендеше, бассыз адамның болмайтыны секілді, сабырсыз иман да болмайды» –дейді. Демек, сабыр «иманның жартысы» ғана емес, Аллаға деген шынайы сенімнің өзегі іспетті. Бұл өмірде үлкенді-кішілі қиыншылыққа ұшырап, басына іс түспеген адамды табу қиын. Міне, осындай сәттерде кейбір мұсылман бауырларымыздың тағдырға қарсы шықпаса да, сабырсыздық танытып, қателіке ұрынуы, қайғы үстіне болуы мүмкін. Тегінде, сабырлылық қасиеттен айырылып, дәйім тағатсыздық танытсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіреді. Себебі, атам қазақ «осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді», – дейді. Ал, Абайшалап айтқанда, «сап-сап көңілім, сап» деп, әрбір істе өзімізді сабырға шақырсақ, сабырсыздыққа бой ұрмай, саналы азаматқа айналатынымыз талассыз шындық. «Иеңдей болам деме, иеңе ұқса» деген аталар өсиетіне лайық, ниетін түзеп, ізгілікке ұмтылуы, сабырмен серік болуы рухани дамудың жолы.

Қорытындылай келе Ұлы Абай атамыз өзінің толғамында: «Сабырсыз, арсыз, еріншек» – деп сабырсыздықты сынайды. Сабырсыздықты еріншектік пен арсыздықтың деңгейіндегі жаман әдеттің біріне балайды. М.Әуезов «Ақыл - Адам көрігі, ақылдың сабыр серігі» – деп бекер айтпаса керек. Сабырлылық адамның өз мінез - құлқына ие бола алатындығын көрсетеді.

Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады», десе, Майлықожа Сұлтанқожаұлы: «Сабыр – ақылдың серігі», – деп айтқан.

Адамның адамгершілік қасиеті қиын сәтте білінері ақиқат. Олай болса, өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді баршамызға нәсіп етсін!

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім басшысы           Қ.Салықбаев

0 пікір