Құрбан айт – игілік меркесі
Құрбан айт – игілік меркесі
15.06.2024
139
0

 

Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті, ең қуанышты екі ұлы мейрам бар екенін білеміз. Оның бірі – Ораза айт болса, екіншісі – келіп жеткен Құрбан айт мерекесі. Жалпы «айттау» ұғымы қазаққа бұрыннан таныс. Қазіргі уақытта Құрбан айт мейрамы әлемдік деңгейдегі мәртебесі биік мереке ретінде аталып өтеді. Елімізде Құрбан Айт мерекесі жыл сайын бұқаралық сипатта, халықтың белсенді атсалысуымен өткізіліп келеді. Барлық мұсылман асыға күтетін осы бір қасиетті мейрам күні таң ата еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Құрбан айттың құрметіне бұл күнді ресми түрде атап өтуге пәрмен беріп, айтулы мейрам жыл сайын халықтық мерекеге айналды.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» дегенді білдіреді, яғни, Алла ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады. Адамның мүмкіндігі жетіп тұрған жағдайда құрбандық шалу міндет болып есептеледі. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижжа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан Айтта мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді. Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады. Айттың алдында тәтті тағамдар мен  шелпек, бауырсақ пісіріледі.

Бұл дәстүрдің тарихи тамыры тереңде жатыр. Құрбан айт Алла Тағаланың Ибраһим пайғамбарға жіберген сынағынан кейін пайда болған. Сексен алты жасына дейін бала сүймеген Ибраһим пайғамбар ұлды болады. Аты – Исмаил. Алладан әмір келіп, Ибраһим ұлын құрбандыққа шалмақ болады. Алла бұйрығына қарсы келмеген ұлы әкесінің шешімімен келіседі. Осылайша, бұйрықты орындауды бастаған сәтте Алла Тағала Ибраһим пайғамбарды тоқтатып, құрбандыққа қой шалуды бұйырған екен. Мінеки, дәл осы сәттен бастап құрбандыққа мал шалу басталған.

Құрбандық шалу – тек мал бауыздау емес. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі.

Құрбан шалу кімге уәжіп? Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет:

1. Мұсылман болу;

2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;

3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқаларда жұмысым жоқ деген түсінік оған жат. Өйткені, «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес» деген. Пайғамбар (с.а.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Құран Кәрімде Алла Тағала «Шүкірлік етсеңдер, сендерге берген нығыметімді арттыра түсемін»,-дейді. Алла Тағала бірлік пен татулықты басты тірегі еткен халқымызды айттан айтқа, құлшылық ғибадатпен, молшылық берекетте жете беруге жазсын! Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! 

 

 Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                             

 

 

0 пікір