Міржақып Дулатұлының дінге қатысты көзқарасы
Міржақып Дулатұлының дінге қатысты көзқарасы
28.06.2022
1726
0

Міржақыптың әкесі Дулат ескіше оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, дау-жанжалдан аулақ жүретін, Торғай дуанының биі болып жұмыс істеген жан екен. Міржақып сегізге келгенде әкесі Торғайға барып, бір татар молданы жалдап әкеліп, ұлына ағайынның балаларын қосып оқытыпты. Екі жылдан соң жаңадан ашылған ауыл мектебіне оқуға береді. Ол туралы ақынның өзі:

Школға берген еді атам марқұм,

Заманның түрін көріп тарылатын.

Орыстың тілін біліп, хатын танып,

Біреуге болмасын деп жалынатын, – деп жазады. Сауатты мұғалімге жолыққан Міржақып мектептің өзінен-ақ Абай, Шоқан, Ыбырай шығармаларымен танысады. Пушкин, Лермонтов, Толстойлардың оқырманына айналып шыға келеді.

Ал 12 жасында әкесінен айырылып, біржола жетім қалған Міржақып өзінен 20 жас үлкен ағасы Асқардың қолына көшеді. Інісі ауыл мектебін үздік аяқтағаннан кейін Асқар оны 1897 жылы Торғайдағы орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінің педагогикалық курсын тәмамдап, 1902 жылы мұғалімдік куәлік алып шығады. Міржақыптың білім алу жолында да діннен бір елі ажырамағанын байқаймыз. Алғашында Құран сабақтарын алса, зерттеушілердің айтуынша кейіннен училищеде оқығанда араб каллиграфиясын үйреніп, дін ілімін тереңірек зерттепті. Одан «Ғалия» медресесінде оқуы да оның діннен бір елі ажырамағанының айғағы.

Балаға алдымен діни тәрбие мен білімді сіңірудің маңыздылығын сезінген Міржақып кейін бала оқыту ісіне өзі араласқанда да осы мәселені алға қояды. Оны ақынның мына өлеңінен байқауға болады:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.

Шарттарын Исламның кәміл білсең,

Ақиреттік азық берер шын ғылымың.

Бұйырған, тыйған ісін шариғаттың:

Секілді фарыз, уәжіп мұны ұғуың.

Хат жазып, түркі танып, Құран оқып,

Қираәт, қағидамен жүргізуің.

Екінгі қажет ғылымың орысша дүр,

Өзіңе бек пайдалы тіл білуің.

Қараған мемлекеттің низамы не?

Мұны білсең, сақталар дүниелігің.

«Алаш» үкіметі құрылғанда «қазаққа жаңа күн туар» деген үмітпен Міржақып та соның басы-қасында жүрді. Бүкіл ауыртпалығын иығымен көтерді.

Міржақып Дулатұлы қаламынан дін тақырыбы қалыс қалған емес. Ол қазақты дінді дұрыс ұстауға, дүмше молдалықтан, діни білімсіздіктен аулақ болуға шақырады. «Мәсжід-Медресе хақында» атты өлеңінде:

Қазақ жүр мұсылмандық жаласында,

Сайрандап сахараның даласында.

Файда деп күндіз-түні дамылы жоқ,

Ғибадат қылмай хаққа шамасында.

Дегенмен «мен – мұсылман» іс бітпейді,

Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді.

Қазақша киім киіп, сөйлегенмен

Мойныңнан фарыз, уәжіп бір түспейді.

Ортаға жарар еді мешіт салсаң,

Намазды қаза қылмай барып тұрсаң.

Бір ғалым фазыл заттан имам сайлап,

Байларың жәрдем беріп уақыф қылсаң, – деп, намазды қаза етпеуге, мешіт салуға үндейді. Тағы бір өлеңінде қазақ молдаларының оқыту жүйесін сынап:

Тәртіпті медресе жоқ бұл қазақта,

Салады сәбилерді тек азапқа.

Молдекем шарт жүгініп, қаһар етіп,

Босатар күн батқанда әрең шаққа, – деп білімді дұрыс үйренуге және үйретуге шақырып:

Бір мешіт болсын нешік әр болыста,

Жамағат, расходын өзің ұста.

Және болсын медресе бала оқытуға,

Берсін бұған расходын земство, – деп тығырықтан шығу жолын да көрсетеді.

Міржақып «Діннің рұқсаты, пайғамбардың сүннеті» деп бірнеше әйел алатын байларды да өлеңмен мысқылдап өтеді:

Және біреу бес-алты қатын алар,

Тең ұстамай мойнында хақы қалар.

Бұл жұмыс – пайғамбардың сүннеті деп,

Дәлел айтып, оның бір шартын табар.

Алса алсын көп қатын тең ұстаса,

Әрбірін риза қылып, жөн ұстаса, – деп сақтандырады.

Міржақыптың діни-философиялық өлеңдері де баршылық. Оның «Я, Алла» атты жырындағы Жаратқанның құдіретін сипаттай келіп, мықты мен әлсіздің талас-тартысын суреттейтін:

Я, Алла! Ғаламыңды жаратқаның,

Жүзіне мақлұқтарды таратқаның.

Өндіріп бір адамнан мұнша халық,

Әлсізді күштілерге қаратқаның, – деген жолдары осыған дәлел.

Қорыта айтқанда қазіргі таңда зерттеушілердің М.Дулатұлының дінге қатысты көзқарасына келгенде екіұдай пікірді алға тартады. Оның біріншісі, М.Дулатұлы исламмен сусындаған, мұсылманшылығына берік тұлға болды десе, екіншісі, ауыл молдаларының дүмшелігінен мұсылманшылыққа аса көңіл бөлмеген деп топшалайды. Алайда, біртуар тұлғаның өз еңбектеріне сілтеме жасасақ бірінші айтылып жүрген пікірдің дұрыстығына көз жеткіземіз.

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                

 

0 пікір