Ханафи мазхабындағы құлшылық етудің дәлелдері
Ханафи мазхабындағы құлшылық етудің дәлелдері
24.09.2024
223
0

 

Ханафи мазхабы таралымы жағынан үлкен терреторияны алып жатыр. Шығысы Қашқардан батысы Балқан түбегіне дейінгі алқап оңтүстікте Араб жерлерінің біраз бөлігі және Ресей халқының мұсылмандары осы Ханафи мазхабын ұстанады. Имам Ағзам Әбу Ханифаның өмір сүрген кезеңі ислам тарихындағы бүліншілік кездермен тұспа-тұс келген кезең. Сол уақыттан бастап әлі күнге дейін Әбу Ханифаны «хадис» және «фикх» ілімінде айыптап шектен шығып жүрген топтар баршылық. Әбу Ханифа хадисті аз риуаят еткен не болмаса Әбу Ханифа ол хадисті білмеді дегендей пікірлер қоғам арасында әлі бар. Бірақ ислам тарихында алғашқы социолог атанған ғалым ибн Халдун (қ.ж. 808/1405) өзінің «Мұқаддимасында»: «Кейбір шектен шыққандар мен қызғаныштың отына оранған бәзбіреулер мүжтаһидтердің кейбіреулерінің хадисті жеткілікті дәрежеде білмегендіктерінен, олардың риуаяттары да аз болған дегенді айтып жүр. Үлкен имамдар хақында мұндай ойға бару мүлдем дұрыс емес. Өйткені шариғат мәселелері Құран мен сүннеттен алынады. Хадисті аз риуаят етудің өзіндік себептері де жоқ емес. Олар көбінесе өздері байқаған хадистерді жеткізушілердегі базбір кемшіліктер мен риуаяттарындағы кейбір ақаулар салдарынан аз риуаят еткен. Міне, имам Әбу Ханифа да хадисті алу және оны жеткізудегі аса қаталдығы мен ықтияттылығының нәтижесінде аз риуаят жасаған. Әйтпесе, оларды әдейі тәрк етуі мүмкін емес. Оның құрған мәзһабының басқа мәзһабтар арасында ерекше орынға ие болуы әрі оның риуаяттарды қабылдап қабылдамаудағы ұстанымдарының назарға алынуы оның хадис ілімінде де үлкен мүжтаһид екендігінің дәлелі».

Мүжтахид қасиетті мәтіндерді оқу арқылы үкім шығара алу қабілетіне ие ғалым. Бірақ Құран және сүннеттен аса білгір ғалым болуы қажет. Құран Кәрімде намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыздарды құран аяттары арқылы жасауды бұйырғанымен қалай орындау керектігін Алла Елшісі (с.а.с.) өзінің хадистерінде үйретті. Бірақ Пайғамбар (с.а.с.) дүниеден өте салысымен көптеген жалған хадистердің пайда болғандығы белгілі. Дәл сол себепті әрбір фикһ ғалымы хадисті жалған хадистен ажырату мақсатында түрлі ауыр шарттар қойған. Осыған байланысты фикһ ғалымдары Имам Ағзамның риуаят еткен хадистерінің аз болуының тағы бір басты себебі ол хадисті риуаят етушінің хадисті жеткізген сәтте риуаяттың жадында болуын шарт етіп қосқан. Яғни, кітапқа сүйеніп риуаят етуді қабылдамаған. Имам Әбу Юсуф Әбу Ханифаның: «Естіген кездегі жаттаған хадисін риуаят еткен кезде де жадында сақтамаған кісі хадис риуаят етпеуі керек»,-дегенін жеткізген. Имам Сарахси Әбу Ханифаның риуаятының аз болуына қатысты өзінің усулында: «Кейбіреулер Имам Әбу Ханифа хадисті аз білген дейді. Мәселе олар айтқандай емес. Ол ғасырының хадис бойынша ең білгірі еді. Алайда риуаят етушінің добт (жадының күштілігі) сипатының кемел болу шартын талап еткені үшін риуаяты да аз болған», деген.

Ханафи мазхабында – хадисті жеткізуші рауи өзі жеткізген хабарға қарама-қайшы әрекет етпеуі керек. Егер де өзі жеткізген хабарға қарсы әрекет жасаса, өзі жеткізген хадистің үкімі жойылған болуы мүмкін немесе өзі риуаят еткен хадистен басқа да күшті хадиске жолығуы мүмкін. Мұндай жағдайда рауидің сөзі емес, ісі дәлел ретінде алынады. Мәселен қазіргі күнде үлкен дау болып жүрген намазда тәкбір алу кезінде қайта-қайта қол көтеру мәселесі. Сахаба Абдулла ибн Омардан: «Пайғамбарымыз намазға тұрған кезінде екі қолын иығының тұсына дейін көтеретін. Рүкіде тәкбір алған кезде де, басын көтергенде де қолдарын солай көтеретін» деген хадисті риуаят еткен. Алайда сахаба Мүжаһидтен жеткен хабарда: «Абдулла ибн Омардың артында тұрып намаз оқыдым. Ол тек намаздың алғашқы тәкбірінде ғана қолдарын көтерді» деген хадис риуаят етілген. Яғни Абдулланың өзі риуаят еткен хадисіне қарсы әрекет жасаса, демек үкімі жойылған деген мағына шығады. Ханафи мазхабында хадисті жеткізушінің сөзі емес, ісі негізге алынады.

Ханафи мазхабы бойынша имам құтба оқып жатқанда нәпіл намаз оқуға рұқсат етілмейді. Себебі Алла Елшісінің: «Имам құтба оқып жатқанда жаныңдағы кісіге: Тыныш, тыңда!» - десең, бос сөйлеп, босқа мылжыңдаған боласың», - деген хадиске сүйенген. Алайда шафиғи мен ханбали мазхабы бойынша имам құтпа оқып жатса да, мешітке кірген кісінің сәлем намазын оқуына рұқсат. Дәлел ретінде сахаба Жәбирден: «Бірде Алла Елшісі жұма күні құтпа оқып тұрғанда үстінде ескі киімі бар кісі кіріп келді. Алла Елшісі оған: «Намаз оқыдың ба?» деп сұрады. Ол: «жоқ» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Онда тұр да, рүкуғ жаса» деді», делінген хадисті келтірген. Осыған байланысты ханафи мазхабының Һидая атты кітабына түсіндірме жасалған «әл-Ғиная» атты кітапта кеңінен түсіндірме жасаған ханафи ғалымы Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмұд аталған хабардың ахад хабар екендігін, оның одан да күшті дәлелге қайшы келгендіктен тәрк етілгендігін алға тартқан. Себебі оқиға жұма күні дүйім жұрттың алдында болған, бірақ неге Жәбир атты сахабан ғана риуаят етілген. Ендеше келген хабар ханафи мазхабы бойынша ғұмум әл-бәлуа (мұсылмандардың өмірінде күнделікті кездесетін оқиғалар) мәселесінде келгендіктен келген ахад хабар ханафи мазхабы бойынша амал етілмейді, деген.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерден байқағанымыз Имам Ағзам Әбу Ханифа хадистерді дәлелге алу үшін арнайы сұрыптау жасаған. Сол себепті Әбу Ханифадан аз риуаят жеткен. Ал негізгі себеп хабарлардың дұрыс мағынасын білу және мұсылмандардың өмірін реттеуде дұрыс хабарға жүгіну болған.

 

 Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                                

0 пікір