Дәстүрлі рухани құндылықтардың маңызы
Дәстүрлі рухани құндылықтардың маңызы
20.10.2023
980
0

Қазіргі қоғам дамуында маңызды тетіктердің бірі – дін мен дәстүр үнқатысуы және оның жемісі болып табылатын рухани құндылықтар әлеуеті.

Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, діни сауаттың төмендеуі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты фактор. Басқа халықтарға тән дүниетанымды қазаққа таңу арқылы ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығару, жат дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету радикалды идеология өкілдерінің негізгі құралы болып отыр. Осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған құндылықтарды орнықтыруға талпыныс жасалуда.

Радикалды ағымдардың басты шабуылы дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан радикалды идеологияның алдын-алу жұмыстарының ең белсендісі әрі ықпалдысы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.

Бұл орайда ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоямыз.

Құндылық – тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестерден кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.

Дін – рухани құндылықтарымен танылады, тамыр жаяды. Мысалы, Қазақстан халқының басым көпшілігі ұстанатын исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құндылықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын.  Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталсақ: дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды.

Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі табиғи түрде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен дін қызметкерлерінің және белгілі бір дәрежеде мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен шектелуде.

Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.

Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын.  

Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгеріске ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік рөл атқарып отыр.

 

А.Құрманбек 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 

КММ-нің  теолог  маманы                                                  

0 пікір