Дәстүрін діңгек еткен ел азбайды
Дәстүрін діңгек еткен ел азбайды
09.06.2021
975
0

Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз  дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу – елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы.

Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Бауыржан Момышұлы: «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» - деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десем де қателеспесім анық.

Біз халқымыздың ұлттық санасын қалай оята аламыз, ұлттық дәстүрлерімізді қалай дәріптейміз? Бұл мақсатты әркім әрқалай жүзеге асырады. Үлкендер жасы кішілерді мәңгілік тозбайтын мұсылмандық құндылықтарға тәрбиелеп отырды. Әке ұлын, шеше қызын имандылыққа, көркем мінезділікке, адамның қадірін білуге баулыды.

Тақырыбымызға тереңдеп бойлау мақсатында тарихымызға шегініс жасасақ. Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның «Қасқа жолы» атты заңдар жинағын естімеген қазақ жоқ шығар сірә?!

Қасым хан алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды.  Аталған заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы өмірге негізделген заң болды. Сондықтан, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталады.

Қасқа деп  қазақ тілінде  көшпенділердің  тікелей өмірімен тығыз байланысты қасиетті жануар – жылқы малының  дәл маңдайына орналасқан ақ теңбілді айтады. Өмірде жиі кездесетін «Жирен қасқа  айғыр», «Торы қасқа  бие», «Көк қасқа құнан» - деген атаулар  қасқа сөзінің қандай мағанада қолданылатын көрсетеді. Осы мағананы негізге алар болсақ  «Қасқа жол» деген сөз тіркесі ақ жол, халықты  адастырмайтын тура жол,   бақытқа жетелейтін сара жол деген мағана білдірсе керек.  Міне сөздің құдіретін бағалайтын бабаларымыз  Қасым ханның қазақ халқының мүддесіне сай шығарылған заңдар жинағын тура  жолға,  ақ жолға  балап «Қасым ханның қасқа жолы» деген қысқа қайырған мазмұны терең атау бергенін байқаймыз.

Ел басқару жүйесінде ата жолынан аумаған Қасым хан заман ерекшелігіне  орай, жаңа низам жүйесін енгізеді. «Қасым  ханның қасқа жолы» аталатын бұл көне Жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып тұрмыс-салт ережелерін  заңдастырып, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін реттейді. Қасым хан әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеп, тарихқа «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен енген өзі дайындаған конституциялық құжаттың көмегімен ел басқарды. Бұл қазақ ұлтында жасалған тұңғыш заң еді. Заң бес тараудан тұрды. Заңда Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи әдет-ғұрып ерекшеліктер сақталып, сол кездегі қазақ жұртының табиғатына сай етіп жасалған болатын. Қазіргі күні кейбір мәтелдер сол заңның тармақтарынан алынған.  Қасым хан отырықшы елдердегі тәртіп-заңға ұқсамайтын көшпенді  халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кеткен тәртіп орнатты.   Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері де осы заңда көрініс тапты.  

Уақыт өте келе Есім хан да заманның бейініне қарап «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағын шығарғаны белгілі. Аталған заң жобасы «Қасым ханның қасқа жолымен» мазмұндас болып келеді. Ал, бертін келе Тәуке хан «Жеті жарғы» атты заң жинағын бекіттіріп қазақ даласының шартарапына таратқан болатын. Бұл заң 7 тараудан тұрса, Қасым хан мен Есім ханның заң жинақтары 5 бөлімнен құралған еді.

Жоғарыда аталған заң жинақтарының барлығы да ұлттық құндылықтарға негізделіп жасалынған болатын. Жарғы, жинақ деп аталған заң жобалары халқымыздың ұлттық, әлеуметтік жағдайына сай әдет-ғұрып пен биліктің жаңаша Дала заңының  негізін қалаған, өз билігі кезінде Қазақ хандығын сол заманғы ең қуатты елге айналдырған, атақ-даңқына өз халқымен бірге көрші елдер де қанық болған, батырлық пен қайсарлық, кемеңгерлік пен табандылық, мейірім мен дарқандық, адам қызығарлық жан жомарттығы сияқты ұлтының асыл қасиеттерін бойына жиған жұрт осы заңдармен тәрбиеленген. Бір сөзбен айтқанда қазақ жұртының елдік, ұлттық санасын негіздеуде шешуші қызмет атқарған өзгеше құжат болды.

Бүгінгі қоғамның бейнесіне қарап халықтың жан дүниесімен ұштасатын заңдардың, түптеп келгенде ұлттық қағидалардың қажет екендігіне көз жеткізуге болады. Себебі, ұсақталған ұл мен ары арзандаған қыз балалардың кейпі соны талап етіп тұрғандай.  Адам құқықығы мен бостандығын желеу еткен жалған идеологиялар халқымыздың дүниетанымына жат іс-әрекеттерді болашақ ұрпақ санасына сіңіруге әрекет жасауда. Оған мегаполис статусындағы қалаларда өткізіліп жатқан жат қылықтарға бастаушы азғын шерулерді айқын мысал ретінде атауға болады.

Әрине адам баласын бір тәртіп пен жүйеге негізделген заң арқылы басқару тарих сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан құбылыс. Дегенмен адам баласы өзінің тарихынан, ұлттық құндылықтарынан, мәдениеті мен салт-дәстүрінен, тілі мен дінінен жырақтап, қол үзіп қалатын болса ұлт ретінде жойылып кету қаупі бар. Адамшылдығымызды сақтап, ұлт болып ұйысуымызда, небір тарихи зобалаңдардан сүрінбей өтуімізде біздің әдет-ғұрыптарымыз бен салт-санамыз айнымас темірқазығымыз бола білді. Бүгінде дәстүрдің озығы мен тозығын саралай отырып, заман ағымымен ілесіп жақсы дәстүрлерімізді дәріптеп, болашақ ұрпақ санасына сіңдіріп, түрлі жат қылықтардан аман алып қалсақ жастарымызды азғындық атаулыдан сақтап қалғандығымыз болады. Салтымыз ұстын, дәстүрімізді діңгек, тарихымыз темірқазық екенін ұмытпайық!

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                Медет Халықов

 

0 пікір