Атадан асыл ұл туса...
Атадан асыл ұл туса...
29.01.2024
487
0

         Атадан жақсы ұл туса,

         Есіктегі басын төрге сүйрер.

         Атадан жаман ұл туса,

         Төрдегі басын жерге сүйрер, - дегендей дана халқымыздың осы бір сөзін тілге тиек етіп, астарында үлкен тәрбиелік мән мағына жатқанын білуге болады. Текті халқымыз ұрпағын жастайынан, бесікте жатқан кезінен-ақ бесік жыры, ертегі, батырлардың ерлігін айтып тәрбилеп отырған.

         Баланың тұлға болып қалыптасуы мектепке дейінгі, яғни балабақшаға барғалы жүрген балалық шақтан бастап қалыптасады. Баланың тәрбиесі ең бірінші ата-ананың, отбасының, үлкендердің қолында болса, келесі балабақшадан тәлім ала отырып, білім ала бастайды. Тілі енді шыға бастаған бала өзінің қабылдағанын, көргенін, түсінгенін, ойын айтуға ұмтылады. Тәрбиенің негізгісі болып табылатын – ұлттық тәлім-тәрбие. Сол үшін, өзінің ана тілінде сөйлеуге, ұлтжанды болуына қазақы сананы сіңіріп, ұлттық салт-дәстүрлерді бойына сіңіру керек.

         «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөздің астарында біраз мән-мағына жатқанын білуімізге болады. Кез келген ұлтта, ұл баланың тәрбиесі тікелей әкенің иелігінде болады. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей келе, қазақ жанұясында әке өзінің білгенін, өнерін үйрете отырып, ұл балаға намысты, жігерлі, қайратты азамат болуға тәрбие берген. Әке-баланың үлгі тұтар, жетегінен еретін адамы. Отбасында ананың «әкеңе айтамын», «әкең ұрсады», «әкеңнің ашуы қатты» сынды сөздері, әкесінен қорқуға емес, керісінше әкесін сыйлауына, құрметтеуіне айтып отырады.

         Қазақ халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген даналық сөздерді кездестіреміз. Ұлтымыздың тарихына қарайтын болсақ, ұрпақ тәрбиесінде аталар мен әжелердің алатын орны ерекше. Ата мен әже нақылы баланың өмірге деген бейімділігін арттыратын. Баланың қоғамнан өз орнын табуына түзу тәрбиеленуінің арқасында. Қоғамда өз орнын табу демек, өзгелердің өзі секілді құрметтеуінде.

         Өскелең ұрпақты өзінің ұлттық тарихын бойын сіңіру арқылы тәрбиелейміз. Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін тілі, діні, дәстүрі, тарихы, атамекені болуы керек. Осы құндылықтарды санасына бейімдеп, сезімімен қабылдаса, ұлт қадірін білетін тұлға болып шығады. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру егеменді мемлекетіміздің әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Елдің ертеңгі ұрпағы, киелі жердің иесі-жастар тәрбиесі біз бен сіздің басты мақсатымыз. Тәрбиенің көзі-ата бабамыздан қалған дана сөздер десек, біз сол насихаттың жүргізушісіміз. Бұған қоғам алдындағы үлкен міндет ретінде қараған жөн.

Қорытындылай келе, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа тәрбиелеуде адамгершіліктің ақ жолынан айнымаған бұрынғы өткен ақыл-ой алыптарының мұра етіп қалдырған өсиет сөздері және ғұламалардың ғибраттары арқылы қоғамымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруымызға болады. Сонда ғана бүкіл жер бетінде, әсіресе жастар арасында бой көрсетіп жатқан маскүнемдік, нашақорлық, парақорлық, дүниеқоңыздық, көреалмаушылық сияқты кеселдерден мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпағымызды қорғап қаламыз және аман сақтаймыз.

 

А.Құрманбек

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

теолог маманы                                                                              

0 пікір