2026 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан қаласындағы «Достық үйінің» мәжіліс залында облыстағы спорт саласы қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге арналған оқыту семинары өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – спорт саласында қызмет атқаратын мекеме басшылары мен мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, қоғамдағы діни ахуал туралы түсінігін кеңейту, діни радикалданудың себептері мен оның алдын алу жолдары жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру.
Оқыту семинарын Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы ашып, іс-шараға модераторлық етті. Ол өз сөзінде спорт саласында жұмыс істейтін мамандар үшін діни және құқықтық сауаттылықтың, сондай-ақ алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында дінтанушы Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы «Қазақстандағы діни ахуал, негізгі тенденциялар» тақырыбында баяндама жасап, еліміздегі діни ахуал мен қазіргі негізгі үрдістерге тоқталды.
ҚР ҰҚК Академиясының қызметкері, дінтанушы Шоманов Болат Шаймолданұлы «Зайырлы қоғамдағы діни радикалданудың кейбір себептері» тақырыбында сөз сөйлеп, діни радикалдануға әсер ететін факторлар мен оның алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ психолог Сергазиев Нурлан Арыстанбайұлы «Адамның психологиясы. Психоанализ, психоанализдің басты ережелері» тақырыбында баяндама жасап, адамның мінез-құлқы мен психологиясын түсінудің маңыздылығына тоқталды.
Әр баяндамадан кейін қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Семинар барысында теориялық ақпаратпен қатар күнделікті жұмыста қолдануға болатын практикалық кеңестер де ұсынылды.
Іс-шараға Түркістан облысы дін істері басқармасының қызметкерлері, басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу» орталығының мамандары және облыстағы спорт саласында қызмет атқаратын мекеме басшылары қатысты.
Семинарды қорытындылаған Рүстем Сабыржанұлы қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, мұндай оқыту шаралары сала мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға және профилактикалық жұмыстардың сапасын жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шара соңында семинарға қатысқан мамандарға сертификаттар табысталды.








+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru