Келес ауданында жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында мұғалімдер мен оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Дінмұхаммед Зиябек қатысты.
Іс-шара барысында зайырлылық қағидаттары, діни сауаттылық, құқықтық мәдениет, ақпараттық қауіпсіздік және жастар арасында радикалды идеологиялардың таралуының алдын алу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Оқушыларға әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын діни мазмұндағы ақпараттарға сын көзбен қарау, оның авторы мен дереккөзін тексеру, бейтаныс парақшалардағы уағыздар мен түрлі шақыруларға сақтықпен қарау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар интернет кеңістігінде кездесетін арандатушы және заңға қайшы контенттің ықпалы, деструктивті діни идеялардың жастарды өз қатарына тартуда қолданатын тәсілдері және күмәнді ақпаратты ойланбай таратудың ықтимал салдары жөнінде түсіндірме берілді.
Кездесуде «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуі, заң талаптарын сақтауы, қоғамдық тәртіп пен өзара құрметке жауапкершілікпен қарауы қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды шарты екені түсіндірілді.
Мұғалімдердің жасөспірімдердің ақпараттық мәдениетін, сыни ойлау қабілетін және құқықтық санасын қалыптастырудағы рөліне де тоқталды. Оқушылармен ашық диалог орнату, олардың интернет кеңістігіндегі қызығушылықтарына назар аудару және күмән туындаған жағдайда тиісті мамандарға жүгіну қажеттігі атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, діни, құқықтық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша практикалық түсіндірмелер ұсынылды.




