Шардара ауданында дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы Дәурен Аманов қатысты.
Іс-шара барысында қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі құндылықтардың маңызы, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және радикалды идеологиялардың ықпалынан сақтану мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Қатысушыларға діни мазмұндағы ақпаратты кез келген интернет-ресурстан қабылдай бермей, оның дереккөзіне, авторына және мазмұнына мән беру қажеттігі айтылды. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын күмәнді діни материалдарға сын тұрғысынан қарап, сенімді әрі ресми ақпарат көздеріне жүгінудің маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар жастар тәрбиесінде отбасы құндылықтарын, ұлттық дүниетаным мен өзара сыйластықты нығайтудың, олардың теріс идеологиялық ықпалдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудағы рөлі сөз болды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әрбір азаматтың заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау және діни қызмет саласындағы белгіленген талаптарды білуі қажеттігі түсіндірілді. Құқықтық сауаттылық пен заңға құрмет қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызды негіздерінің бірі екені айтылды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оларға діни және құқықтық бағытта түсіндірме жауаптар берілді.


