Заң мен тәртіп
Заң мен тәртіп
23.01.2024
640
0

Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді.

Заңдылық адамдарды басқарудың ең ежелгі және өркениетті тәсілі. Қазір ол барлық демократиялық елдерде, әлемдік қоғамдастықта жалпы қабылданған. Ертеден бері келе жатқан заңгер ғалымдар және бүтіндей қоғамның назарына заң ғылымы мен тәжірибесінің көптеген мәселелерінің ішінде құқықтық тәртіп пен заңдылық мәселесі ерекше орын алады.  Құқықтық тәртіп азаматтық қоғамның құқықтық негізін құрады. Оған оның барлық салалары негізделеді: әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси.

Заң жүзінде Қазақстан  Республикасының Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,-делінген.  Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан табылады.

Мемлекет қандайда бір діни салттарға қарсы емес, тек ол мемлекеттің идеологиясына, конституциясына қайшы келмеуі тиіс. Өйткені дін мемлекеттен бөлінген. Бұл – дін мемлекеттің, мемлекет діннің ісіне араласпайды деген сөз. Дегенмен мемлекеттік саясат діннің адамгершілікке негізделген, моральдық құндылықтарды жақтайтын бағытын әрдайым қолдайды. Бірақ кейінгі кезде діни көзқарастарын өзгелерге таңғысы келіп тұратын, заңнан хабары жоқ кейбір адамдар мектеп жасындағы балаларын діни салттарды ұстауға үйреткенімен тұрмай, оларды мемлекеттік мекеме  орта мектептерге де діни киімдермен (қыз балалар хиджаппен) баруын талап ететін жағдайлар жиі жүз беріп жүр. Еліміз зайырлы мемлекет ретінде мемлекеттік мекемелерде діни жағынан ерекшеленуді қолдамайды. Ал орта мектептерде оқушыларға арнайы мектеп формасымен келу талап етіледі. Бірақ соңғы жылдарда осы қарапайым қағиданы түсінбейтін не түсінгісі келмейтін ата-аналардың біршама көбейіп кеткені ойландырады. Кейбір діншіл ата-аналардың бірі мектеп әкімшілігіне қызымды хиджап кигізбесе, мектепке оқытпаймын деп доқ көрсетті. Әрине, мемлекет те ата-аналардың мұндай заңға қарсы әрекеттерін жауапсыз қалдырмайды. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Фирдоуси атындағы мектепте орамалын шешуден бас тартқан оқушы қыздарды қолдап, мектеп алдында наразылық білдірген сегіз ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ осы ауылда мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-аналарына айыппұл салынды. Сондықтан мына нәрселер ата-аналардың есінде жүргені дұрыс: ҚР «Діни қызметі және діни бірлестіктері туралы» заңының 3-бабының 7-тармағына сәйкес, «Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ».  Сонымен бірге,  «Білім беру туралы» ҚР Заңының 49 б. 2 т. 3, 6 және 7 тт. сәйкес, «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті». Еліміздің кез келген азаматы Қазақстанның халыққа білім беру мекемелерінде зайырлы елге тән тәртіптер сақталатынын ұмытпауы тиіс.

Қорыта айтқанда біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет болып табылады. Мемлекетіміздің зайырлы сипаты қоғам мүшелерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақталуын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асырылуын көздейді. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                 Б.Абдрахман

0 пікір