Заң және қоғам
Заң және қоғам
29.07.2021
2832
0

Заң – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құрал. Ол адамның құқықтарын зорлық-зомбылықтан, ұрлықтан және басқа да қол сұғушылықтардан қорғайды. Заңдар қоғамдағы тәртіп пен тепе-теңдікті орнатады. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды». Сондықтан, әр адамның және жалпы қоғамның басты міндеті – ол заңға бағыну. Егер заңдар болмаса қоғамда тәртіпсіздік пен бассыздық орын алып, қоғамда құқықсыз дүрбелең немесе хаосқа түсетіні анық.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағында  өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп атап көрсетілген. Заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дінге мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Ата заңымызда дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дінді қоғамнан, адамнан бөліп жару мүмкін емес. 1995 жылы 30-тамызда Ата Заңымыз қабылданды. Конституция – ел тірегі. Елімізде шығып жатқан қандай да болмасын заңдар негізін Ата Заңымыздан алады.  

Қандай да заман болмасын адам баласының өмірін, тұрмыс-салтын, қағидаларын бекітетін арнайы бір заң немесе ережелердің болары анық. Бұл заңдар азаматтардың қарым-қатынасын реттейтін саяси-әлеуметтік құрал. Тарих сахнасында ең алғашқы заңдарға тайпааралық келісімдерді жатқызуға болады. Олардың ең басты мақсаты – тайпааралық бірлікті сақтау. Сонымен қатар, әдет-ғұрып кодекстері де кездеседі. Сонау Қазақ хандығы тұсынан бастау алған салт-жора, әдет-ғұрып заңдарымыз қалың көпшілікке белгілі.  

Қай саланы алып қарасақ та, құқықтық тұрғыдан реттейтін заңнамалар мен ережелер болары анық. Елімізде дін саласындада кездесетін заңнамалар бар. Көптеген халықаралық ұйымдар аясында терроризмге, экстремизмге қарсы және де діни ынтымақтастық туралы халықаралық құжаттарға қол қойған.   

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына үңілсек, 1992 жылдың 15-қаңтар күні елімізде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің жағдайы оңай болмағаны белгілі, аз уақыт ішінде көптеген заң қабылдануы қажет болды. Сол сындарлы кезеңде дін саласында тым либералды заң нормаларының қабылдануы салдарынан елде заңсыз әрекет ететін миссионерлер қаптап кетті. Шетелдік діни ұйымдар мен қорлар жастарымызды өз елдеріне оқуға әкетіп, санасын улаған жағдайлар да көбейді. Осы заңдардың жұмсақ тұстарынан қоғамда өзге де көзқарастар таралып, жастармыздың жат ағым жетегіне кету жағдаяттары көбейді.    

Еліміздің дін саласында да әр түрлі заңдар мен заңнамалар кездеседі. 2011 жылы 11-қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңнамасы қазіргі қоғамымызға айтарлықтай қызмет жасауда. «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңы біздің қоғам үшін маңызы орасан зор. Ол азаматтық, демократиялық, құқықтық қоғамды қалыптастырып, әрмен қарай дамуына ықпал ете алады. Қоғамдағы діннің рөлі, дінаралық келісімді нығайту, миссионерлік әрекеттерді заңдастыру секілді тақырыптарға негізделген. Заң қоғам өмірінен ерекше орын алады. Адамды тəрбиелеп, оны орынды əрекеттерге аяқ бастырады.

Қорытындылай келе, еліміздің азаматтарында құқықтық иммунитет қалыптасу қажет. Өскелең жас ұрпақтың ғылымның қай саласы болса да, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Соның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруға аса мән беріп, тиісті шаруалар атқарылуы тиіс. Әрине, бұл мәселелер бір немесе екі күннің ішінде бола салатын дүние емес. Үлкен ыждаһаттылықпен қатар, сабырлықты талап ететін берекелі іс екені анық. Осындай күйбең тіршілікте заңды білу – заман талабы екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс!

 

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы            А.Тағай

0 пікір