Зайырлы қоғамдағы жастар келбеті
Зайырлы қоғамдағы жастар келбеті
14.02.2022
669
0

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отқан, салмақты тақырып зайырлы қоғамдағы жастар келбеті. Кез-келген алдыңғы буын өзінен кейінгі ұрпақты тәрбиелейді. Тіпті, жан-жануарлар да өздерінің ұрпақтарын өмірге баулиды. Ақылды жаратылыс ретінде адам баласы саналы түрде өзінің ұрпақтарының қандай бағытта болғанын қаласа, соған қарай тәрбиелеу үрдістерін жүзеге асырады. Жастардың тәрбиесінде ықпал ететін факторлар көп. Әсіресе, қазіргі заманның жастары ақпараттық жетістіктер заманында өмір сүргендіктен тек қоршаған ортасының ғана емес, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар мен бағыттардан хабардар. Саналы ұрпақ жан-жақты ақпаратқа, жаңа технология үрдісіне жоғары қызығушылық танытуы – заңды құбылыс. Кез-келген ақпаратты жедел қабылдап, оған  қатысты пікірін де айқын жеткізе алады. Бұл зайырлы елдің негізгі қағидалары. Жастар ұлт пен этносына қарамастан, ерікті түрде сапалы білім алуына құқылы. Яғни діни, саяси, кәсіптік, техникалық және өзге салада да білім ала алады. Сонда зайырлылық дегеніміз не?

Зайырлылық! Бұл біздің еліміздің мемлекеттік құрылым түрі. Яғни, зайырлы мемлекетте дін үкіметтің ісіне, ал билік өкілдері діни ұйымдардың ісіне араласпайды. Осы ретте білім беру мекемелерінде оқушылар мен студенттер қауымына зайырлылық принциптерін түсіндіру, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтану бойынша ақпараттық жұмыстар қатары жолға қойылған. Біздің облыстың оқу орындарында да дәрістер оқу, түрлі кездесулер, семинарлар өткізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Өңірлік дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастардың сауалдарына үнемі жауап береді. Ондағы басты мақсат – зайырлы елдің қағидаларын түсіндіру. Өйткені кез-келген мемлекеттің азаматы өз елінің конституциялық құрылымын білген абзал.

Жастар тарапынан зайырлылық, жат ағымдардан сақтану туралы тақырыптарға жоғары қызығушылық бар. Ненің дұрыс, ненің бұрыс, туындаған мәселеден қалай шығу керек екені жөнінде сұрақтарын үнемі қойып отырады. Жалпы, мемлекеттік саясат, төзімділік мәселелеріне көңіл бөлу керек. Бұл түсініктердің өз шеңбері бар. Елімізде зайырлылық принципі бойынша билік органдары діни бірлестіктердің ісіне араласпайды, алайда олардың қызметі ҚР «Азаматтық кодексі», «Қылмыстық кодексі» және «Діни бірлестіктер және діни қызмет туралы» Заңы бойынша қадағаланады. Қаншалықты барлық дін өкілдеріне бірдей құқық берілген, соншалықты олар заң алдында бірдей дәрежеде құқықтық жауапкершілікке ие.

Қазақстанның зайырлылық қағидасына сай дін таңдау – әр адамның өз еркінде. Осы еркіндікті дұрыс түсінбейтін жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Діни білімі таяз жастар діннің не екенін, оның мақсатының қандай екенін жете түсінбегендіктен де осындай қателіктерге ұрынуда. Әлі оң мен солын танымаған, жақсылық мен жамандықты ажырата алмайтын жастарды теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдалануда. Мемлекеттің келешегі жастарға байланысты, сондықтан бұл құбылыс мемлекетке қауіп төндіреді.       

Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы өлшеусіз. Мобильді әлемде өмір сүру, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың діни немесе өзге де мәліметтерді таңдауына дес бермейді. Сондықтан, ең басты бағдаршам – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстаным рухани ізгілік болса ғана ұтылмаймыз. Жастардың теріс ағымдардың шырмауына түсуінің басты себебі – жұмыссыздық пен діни сауатсыздық. Бұл қатардан жас буын өкілдерді ғана емес, ересек адамдарды да көруге болады. Теріс ағымдардың арбауына түсіп, діни көзқарасын өзгертіп жатқандар ертеден келе жатқан салт-дәстүрді теріске шығарып, ата-анасының берген тәрбиесін мойындамай, дәстүрлі болмысқа сай киінбей, қоғам ішінде іріткі тудырып жүр. Қазақстанда  мемлекеттік білім беру жүйесі қатаң зайырлы сипатқа ие және ол діни білім беру жүйесінен бөлек. Сондықтан, зайырлы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың санасында белгілі бір дінге деген көзқарас қалыптастыруға жол берілмейді әрі оқу орындарында діни атрибутикасы бар заттарды қолдану немесе киімдерді киюге тыйым салынады. Әрбір мекеменің ішкі тәртібі бар, білім алушы сол тәртіпке бағынуы керек.

Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» -деген сөзі жастарымызға рух берері хақ.

Қорытындылай келе қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады. Жастар салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қосса, қоғамға пайдасын тигізіп, сапалы, терең білім алуды басты міндетіне айналдырса, онда келешегіміз кемел болары сөзсіз.

 

А.Жәлел

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы                                                                                   

0 пікір