Ұлттық біртұтастық – тұрақтылық кепілі
Ұлттық біртұтастық – тұрақтылық кепілі
31.01.2022
452
0

         Осыдан 7 жыл алдын, нақтырақ айтқанда        2014 жылдың қараша айында әріптесіміз Ұлықбек Алиакбарұлы ютуб бейнепорталы мен өзінің фейсбуктегі жеке парақшасына «сәләфилік» ағымының уағызшысы болған О.Заурбековпен өткен 1 сағатқа жуық сұқбатын жүктеген болатын. Әріптесіміздің айтуынша, сол видеодан кейін көптеген азаматтар (нақтырақ айтқанда «сәләфилік» бағытты жақтаушылар) хабарласып ұстазының (яғни О.Заурбековтың) түрін алғаш рет көргенін, оған Ұ.Алиакбарұлы мұрындық болғанын айтып, алғыстарын жеткізіпті. Яғни, сол кезге дейін діни уағыздарымен ғаламторда танымал болған О.Заурбековты «сәләфилік» ағымы өкілдері тек аудио форматтағы насихаттарымен ғана білген, түрін көрмеген екен. Өкінішке орай, сол азаматтың ұстанған діни көзқарасына сәйкес айтқан уағыздарынан әсерленген көпшілік жастар адасып қана қоймай, дін саласындағы заңбұзушылықтарға, тіпті қылмыстық істерге де қол ұрған. Әрине, О.Заурбеков жеке азаматтарға барып оны қылмысқа итермеледі деп айыптай алмауы мүмкін, бірақ идеологиялық ықпалы болғанын дін саласындағы мамандар жоққа шығармайды.

         Жылдың басында болған, еліміздің бірнеше өңірін шарпыған толқын кезінде де жекелеген тұлғалар (көпшілікке топырақ шашпаймыз) өкінішке орай осындай жалған идеологияның жетегіне еріп кетті. Батыстағы ағайын қос бүйректен қыстан қымбатшылықтың мұңын мінбердегілерге бейбіт түрде жеткіземіз деген шақта өзге аймақтар қолдау білдірді. Алайда, сол бейбіт шерушілердің арасына жат түсінік пен теріс көзқарастағы діни-саяси топтардың өкілдері еніп, соларды қолдағандай болып арам пиғылын іске асырып кетті. Барлық дүрліккен жұрт басылды, бейбіт шерудің соңы көп санды құрбандықпен аяқталатынын қарапайым халық күткен жоқ. Алайда, көздегендері толық орындалмай қалған арампиғылдылар мемлекетке тасадан тұрып тас атып қана қоймай, кешегі өткен қаңтар қырғынының жалғасқанын қалайтындай. Себебі, мемлекеттік билік өкілдері, құқық қорғау органдары берген ресми ақпараттар мен деректерді келеке етіп, халықтың қытығын қайта қоздатып отырған сыңайлы.

Алатаудың баурайында болған оқиғаны көзбен көріп, қолмен ұстамасақ та бір қазақтың баласындай пікір қосуды перзенттік парыз деп білеміз. Әрине күштік құрылымдар, билік өкілдері оқиғаның жай-жапсарын толығымен халыққа өздері байыппен жеткізе жатар. Біздің саламыз дін атын жамылған теріс ағымдармен күрес болғандықтан терроризм, арандатушылық және басқа да жайттарға тоқтала кетуді жөн санадық.

– Террорист деген кім? Терроризмді тек қана дінмен байланыстыруға болады ма?

Алматы қаласында болған оқиғаларды саралай келе кейбір азаматтар терроризм туралы теріс түсінікке бой алдыруда. Нақтылай айтқанда, террористерді тек діннің атын жамылып әрекет қылады деп пайымдауда. Ал, шындығына келгенде террористік әрекеттерді жүзеге асырушылар тек  дінді ғана бетперде қылмайды. Террористік сипаттағы қылмысқа қол ұрушылар саяси, ұлттық мүдделерді де алға тартуы ықтимал. Осы терминдер мен мәселелердің ұғымын анықтап алсақ. Ол үшін террорист, терроризм деген ұғымдарды ашықтап кетуді жөн санадық.

Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі заңының 1-бабының  5-тармағында «терроризм – күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы» - деп анықтама берсе, ал, осы заңның 1-бабының  14-тармағында «террорист – террористік іс-әрекетті жүзеге асыруға қатысушы адам» - деген түсінік берілген.

Кейбір азаматтар Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың тілге тиек еткен 20 000 террористін кешегі Сирия мен Ауғанстандағыдай қауға сақалды, қысқа балақты адамдар секілді елестететін сыңайлы. Әсілінде, жоғарыдағы пікірімізде айтып, анықтамада келтіргеніміздей терроризм – бұл тек дінмен ғана астасып жатқан жоқ. Алматы оқиғасында елімізде тыйым салынған саяси экстремистік партиялардың/топтардың ықпалы бар екендігі белгілі.

– Діни-саяси арандатушылар газ бағасының көтерілуін қайдан білді? Алматы оқиғасын террористер ұйымдастырған болса, Жаңаөзен халқын да көшеге шығарған солар шығар?

Белгілі бір ғылым жолына өзін арнаған ғалым туралы ойланып көрейікші. Физика, математика, химия, биология секілді ғылым салаларында кішігірім бір жаңалықты ашу үшін ғалымдар бүкіл ғұмырын сарп етіп жатады. Ол ғалымның мақсаты – жаңалық ашу.

Жалпы діни-саяси бағыттағы террористік топтардың мақсаты – бүлік шығару арқылы белгілі бір мемлекеттік түбіне жету. Сол жолда олар біздің батыс өңіріміздегідей бейбіт шерулерді, халықтың көшеге шығып толқуларын күтеді. Оларға кеткен уақыт, күш, қаражат маңызды емес. Маңыздысы өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру үшін оңтайлы сәтті күту. Алматы оқиғасы да сондай. Террористік топтар халықты алаңға алып шыққан жоқ. Жай ғана алаңға өз аяқтарымен келген бейбіт халықтың арасына жасырын кіріп, ойларын жүзеге асырды. Жаңаөзендегі сұйытылған газ бағасын террористер көтерген жоқ. Халықты да алаңға бастап шыққан жоқ. Тек көктен тілегенін біз өзіміз жерден ұйымдастырып бердік.

–       Енді не істеу керек?

Қаңтар оқиғаларында ең көп тілге тиек етілген терминдердің бірі «ұлттық қауіпсіздік» ұғымы болды десек қате айтпағандығымыз болар.

         Әрине жеке тұлғаның жасамен есептегенде 30 жыл дегеніміз бір адамның ғұмырының тең жартысындай көрінуі мүмкін. Алайда, тарихтың жылнамасымен өлшегенде бір мемлекет үшін 30 жыл қас-қағым сәт. Сондықтан Тәуелсіздігіне енді ғана 30 жыл толған Қазақстан үшін әрбір қадам жауапкершілікпен жасалынатынын ұмытпайық. Оның ішінде ұлттық қауіпсіздігіміз бен тұрақтылығымыз басты орында.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы заңының 1-бабының 7-тармағында «ұлттық қауiпсiздiкке қауiп-қатерлер – Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн iске асыруға кедергi келтіретін немесе кедергі келтіруі мүмкін сыртқы және ішкі факторлардың (процестер мен құбылыстардың) жиынтығы» - делінген. Ал, осы ұлттық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету үшін мына бағыттар бойынша жұмыстар атқарылады:

– қоғамдық қауiпсiздiк;

– әскери қауіпсіздік;

– саяси қауіпсіздік;

– экономикалық қауiпсiздiк;

– ақпараттық қауiпсiздiк;

– экологиялық қауiпсiздiк.

Жоғарыдағы 6 бағытты біз бір-бірінен бөле жарып қарай алмаймыз. Себебі, тонның ішкі бауындай астасып жатқан бұл бағыттар мемлекеттің тұрақты дамуының басты тірегі. Ал, дін саласында жұмыс атқаратын маман ретінде айтарым ақпараттық майданнан жеңілмесек екен. Аталған бағыт жоғарыда тілге тиек етілді. Кешегі толқулардың соңы бүлікке ұласуында да осы ақпараттық соғыстың нәтижелері көрініс беруде. Азаматтарымыз саяси, құқықтық, қаржылық тұрғыдан және діни саладан сауатты болса, ел алатайдай бүлінбейді, ағайын бөлінбейді деп ойлаймыз. Осыған қатысты деректермен бөлісіп, бүгінгі мақаламды аяқтасам деп отырмын.

2018 жылы қазан айында Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған «Ділмұрат әбу Мухаммад» лақап атымен танылған Д.Махаматовты 2019 жылдың 2-мамырында Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Себебі, ол ҚР ҚК-нің «әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және «терроризмдi насихаттау» бабы бойынша айпталды.

Жоғарыдағы кейіпкеріміз секілді бұл азамат та діни насихатымен «сәләфилік» ортада беделді уағызшы болған. Бірақ, түр-түсін көрген жақтастары некен-саяқ. Өзі ұстанған теріс идеологияға сай айтқан уағыздарының нәтижесінде көптеген жастардың адасуына, сондай-ақ, олардың сотталуына себепкер болған жан.

Ол жайында әріптесіміз, Павлодар облысының дін істері басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының» директоры Гүлназ Мақсұтқызы өз сұқбатында Ділмұрат Махаматов: «Көптеген азаматтар менің кесірімнен түрмеге түсуі мүмкін екенін түсінемін. Соның нәтижесінде аналардың айтқан қарғысы маған тиген шығар» - дегендігін жеткізген болатын.

Жоғарыдағы кейіпкерлер мен оқиғаларды мысалға келтіру арқылы біз нені айтқымыз келді? Ақпараттың, әсіресе ел ішін ала тайдай бүлдірер жалған деректердің, жылтыраған діни-саяси ұрандардың соңы неге алып келерін ұқтырғымыз келді. Біз халқымызды тек дін саласында ғана емес, саяси-әлеуметтік, қоғамдық, қаржы-эканомикалық тұрғыдан айтылған ақпараттардың соңынан көзсіз еріп кетпеуге шақырғымыз келеді. Себебі, кешегі қаңтар қырғынындағыдай көпшілік орындарда зардап шегетін тек қарапайым халық екенін ұмытпайық. Ал, ғаламтор желісінде сайрап, шет елдерден байланысқа шығып, азаматтарымызды арандатып отырғандардың көксегені жақсылық емес екенін естен шығармасақ екен. Біздің күшіміз – бірлікте ағайын!

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары    

0 пікір