Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны көп. Оларды әмбебап еткен – заманы. Ұлт болмысын сақтау жолында бар ғұмырын арнаған Алаштың айбынды арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлына тоқталмасқа болмайды.
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі – ертең үшін»-деп, ұлтымыздың мүддесі мен болашағы үшін күресіп, артына өшпес мұра қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының есімі күллі Алаш жұртына мәлім екені анық.
Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға – Қазақстанның тәуелсіздігі, туған халқының рухани жаңғыруы жолындағы күреске бар білімін, күш-қуатын, өмірін арнады. Қазақ зиялыларының басқа да көрнекті өкілдерімен бірге XX-ғасырдың 30 жылдарындағы жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Ол мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, ұстаз, ақын, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, Алаш партиясын құрушылардың бірі ретінде танымал.
Ахметтің артында қалдырған еңбектері, келешек ұрпақтың аманаты, жемісі. Бүгінгі ұрпақ А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзейді. Оның өмір жолы ауыр да, азапты болды. Аласапыран кезеңде Алаш жұртына түзу жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың өз үлесін алып беруді көздеді. Көкірек көзі ашық, көңілі көлдей қазақ жастары Ахмет атамыздың артынан еріп, ақылын тыңдап, автономия құрды. Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақ зиялылары қазақтың шекарасын бекітіп, керегесін кеңейтіп, әдебиетінің іргесін қалады.
Сол үшін де Байтұрсынұлының мұрасы шын мәнінде сарқылмас қазына. Көрнекті реформатордың есімімен байланысты оның әдеби мұрасын, өмірі мен шығармашылығын, ғылыми еңбектерін зерттеу үлкен маңызға ие. Ол ХХ-ғасырдың феномені, сондықтан барша қазақстандықтардың шынайы қызығушылығын оятуда.
Себебі ол – ұлтының болмысын терең таныған ғалым. Абай, Шоқан, Ыбырай қалыптастырған өрісті ойларды әрі қарай дамытып, гуманистік бағытта жалғастыра біліп, жетілдіріп күні бүгінге дейін пайдалы боларлық мұра қалдыра білді.
Ахмет айтқандай: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», деп, бүгінде қандай да бір жетістікке жету үшін әлбетте білім керек екені белгілі. Ал білімді жастары бар елдің экономикасы берік, тәуелсіздігі мәңгі болатыны сөзсіз. Айбынды азаттықты халқына аңсаған ұлт ұстазы – елінің мүддесін ойлап өткендігін аңғара аламыз.
«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі»,- деп жырлаған ұлттың ұлы ұстазы өз халқына адал қызмет етуді өмірдің басты мақсаты етті. Сол үшін ол мұғалім де, ғалым да, саясаткер де, мемлекет қайраткері де болды, осылайша Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Ол барлық жағдайда адал бола білді. Отанға және жұбайына деген махаббатта, өзінің мақсаты мен құндылықтарына, ұлтына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті бойына сіңірген ұлт зиялысының жүрегі кең, ақылы асқақ, ғалым бола білді. Оның еткен еңбегі бір мақала көтеретін жүк емес. Біздікі тек «Ұлт ұстазының» бір қырын көрсетіп, «жанам» деген жүрекке от беру ғана.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды»-демекші, мұғалім қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. «Іздесең – табасың, алыссаң аласың», мақсатқа жету үшін қайтпас қайсарлық, асқан төзімділік, таудай талап пен табандылық керек болса сол табандылығымен үлгі-өнегесін жан-жақты көрсетіп жүрген үлгілі ұстаздар қауымы Ахметтің қалдырған мұрасын дәріптеушілер. Еккен дәннің жемісін көру үшін алдына келген әр баланың жүрегін жаулап алып, өмірден өз орнын таба алатын, дүниенің бір кірпіші боп қаланатындай азамат тәрбиелеу үшін ұлы тұлғаларды дәріптеу басты мақсатымыз.
«Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі»-деп дана бабаларымыз айтқандай, азаттық алған жұртымыздың кемел келешегіне қалтқысыз қызмет жасайтын бәсекеге қабілетті жас буын ұрпақты уақыт үдерісіне сай жеке тұлға ретінде қалыптастыру ісі мемлекетіміз үшін маңызды болса, білім жолында еңбек сіңірген зиялы қауым өкілдерін тану ұлт үшін міндет болмақ.
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
бөлім маманы
Ұлттың ұлы ұстазы
Көп оқылғандар